Өлең, жыр, ақындар

Ақын тағдыры

  • 03.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2456
(Қытайдағы гоминданшылар қолында азаппен өлтірілген ұйғыр халқының күрескер ақыны Лүтфолла Мүтәллиф туралы баллада)

Жыр туралы жаздым жыр,
Болмайды деп жылтырақ.
Жыр жолынан алдым нұр,
Жанды ішімде бір шырақ.
Ақын жолы — жыр жолы,
Өшпейтұғын ол іздей.
Жарқын жаным білді оны
Тебіреніп теңіздей.
Ақын жанын түсінем,
Жаз, қаламым, ұшталып!
Көк дауылдар ішімен
Дауылпаздай ұш, шабыт!
Күңірен, Іле,
Қашқари,
Өзегіңнен от жанып.
Мұқамыңнан баста күй,
Лүтфолланы жоқталық!
Көктем тілеп,
Көкке ұшқан,
Ол — алғашқы қарлығаш.
Қара аспаннан от құшқан,
Жұлдыз болып жанды жас!
От сиялы қалам ап,
Жауды көзге кетті ұрып.
Жүрді майданды аралап,
Найзағайлы,
Отты бұлт!..
Жауап берді жылдарға
Өлмес, өршіл жырменен.
Жауап берді мұндарға,
Жыр шалқытып түрмеден.
Билетердей тасқа би,
Шалды дутар еппенен.
Оянсын деп Қашқари
Ойнайды ылғи отпенен!
Шәкірт еді-ау жас түлек,
Уа, Шыңжаң, осы ұлың
Үмітпенен ашты кеп
Мектептің де есігін.
Ұстаз тапты, дос тапты,
Жатқанда сен шырқырап.
Алған білім ес қатты,
Жанды ішінде жыр-шырақ.
Жанды ішінде нұр-шырақ,
Жүрді жаны тербеліп.
Шықты жалын бұрқырап,
Ел дегенде ерленіп.
Шықты топтың алдына
Қолбасыдай қасқиып.
Жыр оқыды ол мұнда
Жұдырығын тас түйіп!
Жаңғырықты туған жер,
Қосылғандай бар дыбыс.
Түнде жортып буған бел
Партизандар алды күш.
Қылыш жырға жанылды,
Жүздерінен тамып қан,
Жыр қылышқа жанылды,
Күш әкесін танытқан!
Жансыздар да іш тартып,
Торыды оны бөрідей.
Ақын қолын қысқартып,
Торға орамақ көрінбей.
Төгіп еді ел деп тер,
Ақынды алды тас түрме.
Гомендандық жендеттер
Жабылды кеп жас гүлге...
Түрмеде ақын жатқалы,
Болды нағыз жолбарыс.
Жүрек тыныш таппады,
Жиды еселеп бойға күш.
Шыға алмады түрмеден,
Қиын болды көрмек күн.
Жарқ-жұрқ етіп тұрды өлең
Төбесінде жендеттің!
Болмас, сірә, түрме кең
Айтылған зар ішіңде.
Жарқ-жұрқ етіп жүрді өлең
Партизандар ішінде.
Саңқ-саңқ етіп жүрді жыр,
Жаңғыртып тау,
Даланы.
Шарпығандай нұрды нұр
Іле,
Тарым1 толғанды.
Жалын атты жанар тау,
Көк аспанға бүркіп от.
Мүмкін емес салқындау,
Өршіді өрт дүркіреп.
Революция жолдары —
Тар жол,
Тайғақ кешу-ді.
Қызыл тулар қолдағы
Жыр боп көкте есілді.
Жыр жолдары күш беріп,
Жалын болып жанды кек.
Келе жатты тістеніп,
Лүтфоллалар сап түзеп.
Ар туындай ақынның
Көтерелік жырды алға.
Жетсін таңға ақырғы үн,
Жауап беріп жылдарға!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қалды-ау кейін

  • 0
  • 0

Қалды-ау кейін қимай
қарап Билікөл,
Қалды-ау, кейін жаутаңдаған қилы бел.
Қазағыңа барсаң алар көтеріп,

Толық

Өмір соқпағы

  • 0
  • 0

Өмір деген емес ол атты кісі,
Толып жатыр бүкпесі, қақтығысы.
Қыз мінезді кейде бір сұлу көктем,
Келеді екен кейде оның қатты қысы.

Толық

Жүрекпен сырласу

  • 0
  • 0

Дейді маған дәрігерім, қозғалма,
Бірақ ақын ойланбайтын, кез бар ма.
Ақ палата ішіндегі тірлікпен,
Тағы да бір қимас күнім озды алға.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар