Эссе және өлең-жыр байқауы

Сұлтан

  • admin
  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 1096
I
«Әулие» бұрынғы аты «Жетікөлдің»,
Кілемдей ашқан сәнін жапқан төрдің
Барғайсың май айында сол араға
Даланың ең сұлуын келсе көргің!
«Аман» мен «Бас қарағай» қатар келіп,
Ортадан «Араға» орын жатар беріп...
Өңірі — қалың шалғын жасыл теккен
Шілдеде кенелесің жидек теріп.
Ақ сазан алабұға жүзген шабақ.
Секілді ұмыт қалған күміс табақ
Жарқырап айдалада жатар айдын
Күзеткен «Қоянды ағаш»11 келіп тақап,
Тұрғандай көшкен желге айтып жайын,
Жайқалып қызғылт арша, ақшыл қайың
Хош иісі жұпар аңқып мас қылады
Құшағын қалың шұбар ашқан сайын.
Шұғыла дала жайып кең төсегін,
Тағынған сарғалдағын, бәйшешегін.
Адыр мен төбелерін көгал көмген
Жапқандай жасыл көйлек жер емшегін.
Шашырап әрбір жерде үзім - үзім,
Бетіне маржан тағып жапан түздің,
Сыңсыған қаз-үйрегі күміс көлдер
Төгілген моншағындай жатыр қыздың...
Салбырап көлге төніп сыңсып ну да,
Толықсып бұтақтары сынып суда,—
Безенген таң сәріден құс үніне
Оянған орман-тоғай тұнып шуға.
Аққу құс ақ айдында керіп төсін
Жүзеді балапанның ертіп көшін,
Кей сәтте қанатымен толқынды ұрып,
Алғандай әлдекімнен кеткен өшін.
Күн құшып көгілдір ой, жасыл қырды,
Аймалап ақ айдында жатыр нұрды,
Сандықтан алып шыққан жанаттайын
Дүние құлпырады жазғытұрғы
Жас Сұлтан Зейнешімен — екі жетім,
(Суыққа талай қатты тосқан бетін).
Жетікөл жуса - дағы көздің жасын
Жүректің жуа алмаған қасіретін.
Бақ деген биік жартас мұнарлатқан,
Жете алмас кей талапкер қанат қаққан.
Біреуге ол — аяғының астындағы
Шалшық су, бостан босқа көлкіп жатқан.
Сұлтан да ашты дүние кең есігін
Өмірден тербей білді өз бесігін.
Мейірімді заман одан аяған жоқ
Шаттық пен қуаныштың көл - көсірін!
Өсті ол, жігіттік кез жетті суыт.
Шықты естен бастан талай өткен суық.
Оянды махаббаты, жас сезімі,
Әлемдей гүлін жарған көктем туып!
Кез еді ашық әлем бозғылт тартқан.
Екпінін кешкі жел де баяулатқан.
Бұлқынып су бетінде шортан ойнап,
Таралып күн қызылы бара жатқан.
Бұл жалған ғашық жанға — қандай жарық!
Сол кеште су басында қармақ салып,
Жас Сұлтан қиял тербеп қуанышты
Отырған сан толғанып ойға қалып.
Сол кезде Ақторғын да суға келді.
(Өзімен әкелгендей самал желді).
Сұлтанды кетті билеп асау сезім,
Толқындай толқи түсіп қуған селді!
Қара түн келе жатыр қабақ түйіп,
Құрақтар төмен қарап басын иіп,
Өзгені қызықтырып толқын ойнап,
Жағаның жатты шолп - шолп тасын сүйіп.
Қиылып қас-қабағы, жардан қарап,
Ақторғын қолаң шашын тұрды тарап.
Жас қыздың суда ойнаған суретінен
Сұлтанды барады арман оттай жалап...
Сүйсе қыз, сүйгеніңе сенсін, нансын.
Қиналсын мейлі жаның, күйсін, жансын.
Дүниеде сенен асқан бақытты жоқ,
Өйткені: сен де оны сүйген жансың!
Махаббат жауабы жоқ кімге тілек?
(Сөнгелі ол тұрған бір шам өлімсіреп)
«Ақторғын!» деді Сұлтан жігерлі үнмен,
Ақторғын тыңдай қалды күлімсіреп...
II
Жұлдыздай тас қараңғы түнде аққан
Қап-қара, бұйра жалды, түтін атқан,
От арба келе жатыр жерді жалмап,
Ажалға асыққандай күтіп жатқан.
Келеді тоқтау білмей поезд зырлап,
Жел тұрып екпінінен тоғай шулап...
Бір тынбай сырыл қаққан дөңгелектер,
Халқының жатқандайын кегін жырлап!
Отарба жүйтки түскен айқай салып,
Сұлтан тұр терезеге жақын барып.
Қақ жарған қылыштайын поезд ағып,
Қара орман, жазық дала жатыр қалып.
Жас жүрек бір басылып бір тулаған.
Анадан бірден ұлы ұл тумаған.
Бұл Сұлтан қарапайым жастың бірі,
Кездесер Сарыарқада жүз мыңдаған.
Ешкімге туған елсіз атпаған таң,
Жүректе тулап онсыз ақпаған қан.
Халқының ең ардақты ардагері,
Ақ сүтін сол халқының ақтаған жан!
Емес ол жұртының бір шам-шырағы.
Демейді болам және көз, құлағы.
Елі үшін сақтай білсе ар, ұятын,
Адамға соның өзі не тұрады!
Қолынан келмес мүмкін жұрт басқару,
Ез болса ұлы ел - ана жұтпас па у,
Біледі бірақ өзі, болмас о да —
Шегіну, жаудан қорқу, не жасқану!
Кенеттен шықты бір ән қайнап, шалқып,
Жатқандай жалынды ун қайрат шарпып
Қиялды босатқандай ән көгеннен,
Тыңдады теңіз толқып, қайық қалқып!..
Бұл Сұлтан ән көрігін қатты басқан.
Көктегі күнмен даусы құшақтасқан.
Елімен, сүйген жармен қош айтысып
Әнші тұр от жүректен жалын шашқан.
Ән тулап, ағыл-тегіл көкке өрлеп,
Жүректі жауға деген кегі кернеп,
Кей кезде, желкен - сынды тыныш күнгі
Жаныңды жай тапқызып еппен тербеп.
Еске алып қарындасын, жастық шағын,
Бұлқиды ән секілді бір асау ағын.
Көктемдей көңілденіп өзге жастар
Көтеріп жібереді ән соңғы жағын...
Құртпаған соғыс әлі діңкелерін,
Тыймаған әлі де ойын-күлкілерін,
Шаңқайып шаңқай түстей тұрған жастық
Не қылсын қан жамылып түн келерін!..
От арба қара бұйра түтін басқан,
Қақ жарып қара орманды қойнын ашқан,
Зымырап келе жатыр ұшқын бүркіп
Дүниенің қызығына қарамастан!
III
Бостандық ең алғашқы нұрын шашқан,
Салынған гранит пенен мәрмәр тастан
Бұл күнде қандай еді Ленинград,
Ұлы ақын жазған өзі арнап дастан?
Ұлиды бөрі - боран тартып демін,
Адамға тигізе алмай адам себін,—
Үскірік жылдағыдан биыл асып,
Қар менен мұздан киген әлем кебін.
Қанжардай жалаңдатып аштық тілін,
Қаланың торыған ол үштен бірін.
Талай жан жатқанынан қалған тұрмай,
Зар болып қара нанға жалғыз тілім.
Жау, аяз, аштық келіп қатар бәрі,
Төнген-ді тас қабақтан өлім кәрі.
Қоршалған төңкерістің бесігіне,
Жетпеген нан менен су, оқ пен дәрі!
Азап па Адамзатқа кескен кесім?
Жинайтын кезі бар ма кеткен есін?
Тек елім, өлім, елім, өлім ғана
Түсіріп тұрған - сынды көлеңкесін!
Жоқ, халық көнбес оған, өлмес тегін,
Күні ертең төгер кәрін, төгер кегін!
Сол үшін жырлады ғой ұлы Жамбыл
Әйгілі «Ленинградтық өрендерін!»
Сол жырмен жауға ерлер қарсы шапқан,
Сол жырмен қайтпай кейін — қаза тапқан.
Мақтанам, бар халықтың ойын айтқан
Сол жырдың шыққанына қарт қазақтан!
Жатса да құшағы ажал, қан боп жосып,
Сескеніп ұлы қала қалмай шошып,
Еңсесін жоғары ұстап тұрды құздай,
Кеудесін жау отына қарсы тосып!
Солтүстік түні аппақ сүттей жарық,
Сол түнде зеңбіректер көкті жарып,
Тағы да өлім текті, ыстық қанға —
Тағы да құзғындарды етті қарық.
Көпірдің теріскей жақ аузын қорып,
Сұр бетін қызыл шұнақ аяз сорып
Ақ тонды қозғалмайды Сұлтан сержант,
Снайпер, жатыр жалғыз жауды торып.
Сәл тыныш бүгін майдан — күллі дозақ,
Қарға еніп Сұлтан жатты күтіп ұзақ.
Біледі ол фашистердің мінез-құлқын,
Сабырын бармайтұғын көпке ұзап.
Әнекей... қаскөй өзі берді орай,
Окоптан домалаған бері қарай
Бейнесі әлдекімнің көзге түсті,
Кім өзі? Не істемек?... Беті қалай?
Мылтығын ыңғайланды қолына алып.
Сөйтсе де, деді өзіне қарашы анық.
«Япырмай, мына сорлы кім еді өзі,
Тұтқын ба қолға түскен жараланып?»
Сұлтан да бұл жұмбақты енді ұқты:
Салынған қол-аяққа кісен мықты.
Тұтқынның бензин құйған киімінен
Лапылдап көкке кенет түтін шықты!
Дыбыс жоқ. Алған сірә тілін кесіп.
Жоғары көтерілді түтін есіп
Өртеніп қар үстінде жатыр жігіт —
Өзімен-өзі алысып, төбелесіп...
Көрген соң бұл сұмдықты көзбен анық,
Жатқандай Сұлтан отқа өзі жанып.
Ернінің тістенгенде қаны шығып,
Қиналды жанын мұздай ыза қарып.
Өртеніп жатқан жігіт қайғысын жеп,
Сол жаққа тағы Сұлтан қарайды кеп.
Еңбектеп келе жатыр біреу әне,
Кісенді босап қалған алайын деп.
Өлікті жатыр фашист қарап, сілкіп,
Сұр мерген жасын дереу қолмен сүртіп,
Мылтығын, көздеп тұрып, басты кенет,
Төңірек үрейлене қалды үркіп!
Сылқ түсті, ұстай фашист көкірегін,
Алды енді Сұлтан мұны көріп демін.
«Бір өшім қайтты!»—деді айқай салып,
Күлді ол, күлді енді емін-еркін!
IV
Аспанда ай, жылжиды жай ағарып құр.
Жүректен біткен - сынды жоғалып жыр.
Сүзектен көтерілген жандай жүдеп
Сидиып жапырақсыз ағаштар тұр...
Аппақ түн, аппақ дала жатқан өлік.
(Тұрғандай қайғыда әлем жақыны өліп)
Кей-кейде, ракеталар кекте жанып
Жұлдыздай төмен ағып жатыр сеніп.
Тып-тыныш қазір Сұлтан айналасы.
(Түнде тек көз ілмейді ой таласы)
Қиялдың қанатымен кекті шарлап,
Отыр ол, жау күзеткен, түн баласы.
Көңілдің шаттық болса салтанаты,
Асқақ ой жүдегенде — жан қанаты.
Әкеткен бұны көкке шарықтатып
Бүгінгі Ақторғынның жазған хаты:
«Хабарың келе ме деп көптен тостым,
Сарғайып сарғалдақтай күткен достым.
Сия ғып кездің жасын жаздым хатты,
Жүдеген оған көңіл күйін қостым...
Қазір түн. Шырт ұйқыда адам біткен.
Көз ілмей отыр жарын аңсап күткен,
Теңіздің түбіндегі меруерттей
Атыңды сақтап терең ұлы үмітпен.
Балғын жас махаббатқа табынғанда,
Елжіреп жан қиялға бағынғанда,
Үміт бір қыз дегенге өмір екен
Сүйгенін алыстағы сағынғанда.
— Ойыма тағы бір сыр кетті ілесе.
Оқталғам жазайын деп әлденеше:
Қасым мен Күнсарыны білесің ғой,
Бізбенен өскен бірге күні кеше...
Сол Қасым қан майданда қаза тапқан
(Кезінде барлауға ол бара жатқан).
Көремін кейде мен де Күнсарыны
Арманын түсінемін жанға батқан.
Күн жеген шүберектей өңі қашқан.
Еңсесін ауыр қайғы мұңы басқан.
Дәл өзім бақытсыздай, көрген сайын
Шығамын түні бойы ұйықтамастан.
Білемін мінезіңді тастан берік,
Бермеген қорқақтыққа жастан ерік.
Сондықтан өтінемін, жалбарынам,
Сақтықты еткейсің деп жанға серік.
Сенемін жібермессің жауға кекті,
Ұмытпа бірақ мендей жас жүректі,
Күйіміз алдымызда көп қой әлі
Тартатын домбырадай екі шекті...
Хат күтем, күтем аңсап, күтемін, жаз.
Әр сөзің көңілімді етеді мәз.
Сақтармын өзімді адал саған, жарым,
Қыс өтіп, сенемін мен, келеді жаз...
Майданға жатқан беріп ғажап көмек,
Ел күйін айтармын мен хатта бөлек...
Ал қазір қатардағы сауыншымын,
Қош сау бол... Ертең ерте тұру керек.
Сөзінен хаттың кеткен ойды бөліп,
Жар жүзін қобалжыған тұрды көріп.
Ол үшін сау қайтуға тиісті ғой
Орынсыз батылдыққа кетпей еріп...
Дүниеде махаббаттан не бар артық
Сүйгенің тұр ғой айтып сөзін ақтық.
Жүрегің сенін қалай бағынбайды
Махаббат тілеп тұрса өзі сақтық!?
Көз салды, әлі тыныш жаудың жағы
Ауды ойы келешекке жастың тағы:
Қараңғы мынау түннің бетін ашар
Алтын таң, не әкеледі алдындағы?
Таң да атар, күн де шығар күлім қағып,
Кеудеге ерлік атты гүлін тағып.
Сұлтан да жауға аттанар, әттең, әттең
Кім кепіл кетпесін оқ - ажал қағып...
«Жоқ, жоқ, жоқ күтсең - дағы өлім көрдей.
Күн - сынды жүрегімде тұрған сенбей,
Артымда күтін тұрған махаббат бар,
Кетемін Ақторғынды қалай көрмей?»
Сондықтан шыдады ол шығармай үн.
Күтті тек атса деп таң, шықса деп күн.
Ер жігіт сол мезетте қайдан білсін
Екенін бүгінгі түн ақырғы түн...
V
Алтын күн жолын алып алтын айдан.
Кешікпей таң да атты әлдеқайдан.
Ақсиып таңмен бірге өлім келді,
Кенеттен тағы қызып Қанды майдан!
Күңіреніп, тас - талқан ғып жер мен көкті,
Гүрсілдеп зеңбіректер жалын төкті.
Зымырап айқыш - ұйқыш ауыр оқтар,
Матадай енді аспанның кегін сөкті.
Бұл жолы құтылмасын жау да сезіп,
Қарысып қалды қатып жаннан безіп.
Айқасып жанталасып самолеттер,
Аспанды, ажал тасып, жатты кезіп.
Әп-сәтте кетті қызып, қайнап шабыс,
Танктер салды кенет ойран, жарыс.
Лап берді қызыл ерлер жау шебіне,
Мұндайда қоя ма кек, қайран намыс!
Мінекей бір батальон ұран салып
Алаңға ортадағы қалды барып...
Тек әттең! Қызыл ерлер жатыр құлап,
Көгалдай сұлай түскен орақ шалып!
Сол жерге төгілгендей тағдыр кәрі.
Жеткендер оққа ұшып жатыр бәрі.
Барғанды жұта берді жазық алаң —
Жеті бас ертегінің айдаһары!
Түсіріп жіберді ме көк тіреуін,
Естімей тұр ма құдай көп тілеуін!
Қан-қан боп Пономарев11 жараланып,
Алды ажал достардың да кейбіреуін.
Мылтығын Сұлтан енді қарына іліп,
Жабысып кететіндей қарға кіріп
Жылжып тез бара жатыр жер бауырлап,
Жетті әне... Алмақ бәрін қарап, біліп...
Қолымен ептеп селдір талды жайпап.
Ағаштар білмедік деп басын шайқап
Түксиіп тұрса-дағы, ар жағынан
Дзоттың үңгір аузын қалды байқап.
Қасқырдай ін ішінде жатқан бұғып,
Сырт жаққа оқта-текте жалын шығып.
Пулемет сол үңгірден безек қағып,
Ерлерді бас көтертпей жатыр жығып.
Бір мезет... Жауға Сұлтан ерегісті,
Белінен гранатын дереу шешті.
Лақтырды қос шумақты жалғастыра
Үңгірдің гүрс-гүрс етіп үні өшті!
Алаңға шықты тағы қол құлшынып
(Көп қару жатыр күйреп, жолда сынып)
Япырмай... қара жерге тіл бітті ме
Сөйледі тағы дзот қалған тынып.
Алаңды әбден дәлдеп көздеп апты,
Талайды қорғасын оқ іздеп тапты,
Өмірді тағы қайта өлім жеңіп,
Ыстық қан қарға тамған мұз боп қатты.
Құрта ма мына неміс енді топтап!
Іркіліп қалды әскер кенет тоқтап!
Лақтырар оған қайта гранаты жоқ,
Не қылар енді Сұлтан кегін оқтап!
Құртатын дұшпанды бұл қырып-жойып,
Алысар күші бар ма қарсы қойып?
Жүрегін жұлып алып лақтырса егер,
Жау үні өшер ме екен қанға тойып?
Түсті екен жүрек қайдан кеп есіне,
Жүр ме еді сыйғыза алмай кеудесіне?
Япырмай, қалды неге кенет қатып,
Дзотқа қарай сонша тым тесіле?
Сол сәтте... Өмір - дағы сұрады кеп,
«Тоқта!» деп сүйген жар да жылады кеп,
Жеңді оны — жалын сезім, барды атылып,
Кеудесімен дзотқа құлады кеп.
(Тек бір сәт батты өкініш келген демде;
«Махаббат, өкпелеме, деді, сен де,
Бетіңе қалай тура қарар едім,
Осылай арым таза сөнбегенде?!»)
Сол кезде тірі жандай алас ұрып,
Жер шары шыр айналған қалды тұрып.
Пулемет булығып кеп тоқтады тез,
Күркілдеп көксау шалдай әлі құрып.
Қол қайта көтерілді бұны көріп,
Лап қойды ұран салып, ту көтеріп.
Жалғыз-ақ арасында Сұлтаным жоқ
От жүрек лапылдаған тынған сөніп...
Өлді жас... Халқым деп ол өлген жоқ па?
Қайда өмір, қош демей ме сенген шоққа?
Қия алмай сүйген жардай басыңа кеп
Ей, Сұлтан, өмір жылап төнген жоқ па?
Батырға қызыл қанға жатқан батып,
Алтын күн бұлттан шығып шапақ атып,
Басыңа қойған гүлім құлыным деп
Құшақтап төкті нұрын шашыратып.
...Осылай Сұлтан қаза болған жолы
Дауылдай қызыл әскер соққан долы,—
Шыққанда шабуылға жауы қашқан
Шыдамай құйған бетон, тосқан оры.
Жас батыр, серіктерің қалмас естен,
Жоқтаған сол айқаста қанды кешкен,—
Солдаттар Афанасьев, Филимонов
Әрқайсы жойып жауды он - он бестен,
Абыржып, зәре қалмай неміс сасқан.
Қысылып шебін бұзып, кейін қашқан.
Осылай еді Сұлтан ер өлімі
Сол күні ұлы айқастың бетін ашқан.
Мен елмін, егін егем, кен қазамын,
Қорықпаймын, батыр жұртпын деп жазамын
Халқымның бәрі бірдей жүрек жұтқан
Сұлтаным — соның бірі, жас қазағым!
Ерлік не? Күш емес ол тастай берік
Батырлық о да емес сөзсіз ерлік.
Туады ерлік арман, өрт сезімнен
Жаралып махаббаттай көзсіз келіп!
Өлді жас сұм ажалға бетпе-бет кеп.
Бұны ол ойлаған жоқ ерлігім деп,
Өрт сезім Отан атты өртеп жанын,
Қас қақпай келді шешім, биледі кек!
Бірге өлген келешегі — алтын арай,
Кәрі емес, жас ажалы ауыр қандай!
Сен оған дәрменсізсің — ең қиыны,
Орыны кесілген қол ауырғандай!
Кәрі өлсе,— көргені көп, қалғаны сәл.
Ұрпағы — өмірінің жалғасы бар.
Жас өлсе немен орнын толтырасың,
Құлаған ол бір мүлдем жалғыз шынар?
Әрине, өлмейді адам сүйек, тәні.
Айналар басқа затқа. Өлер жаны.
Қайтадан бірақ оны тірілтеді
Еске алып елі-жұрты, туысқаны.
Мінеки, оқушым, сен тұрсың ұғып,
Шынарды дүлей дауыл кеткен жығып,
Есіне түсіріп бір туған халқы,
Сұлтанды даңққа бөлеп тұр тірілтіп!
Шын ерлік күн сәулелі дерсің дастан
Өзгеге аямай бар нұрын шашқан.
Сапта тұр сол дастанда батыр Сұлтан
Қолға ұстап автоматын тапжылмастан
Жас та өтер, кәрі де өтер, өмір өтер.
Талай ұл, туа қалса қауіп-қатер.
Халқы үшін жүрегімен от сөндірген
Ерлігін Сұлтанының өнеге етер.

Басқа да өлеңдері

Ақ қайың

  • 0
  • 0

Ектім мен ұлыма арнап тал шыбықты,
Елемей күзгі суық ызғырықты,
Еккенде ұлыма арнап тал шыбықты,
Дедім мен ақ қайыңдай өссін мықты.

Толық

Бір түнде

  • 0
  • 0

Лап еткен бұл өте ұқсас түнгі өртке
Қанды оқиға болған еді Жаркентте.
Жаңа орнаған өкіметін советтің
Берік деуге мезгіл еді тым ерте...

Толық

Әділбек

  • 0
  • 0

Шабыттың соқпай жүйрік ерке желі,
Қағазға түспей сұлу, көркем зері,
Маржандай жатушы еді тереңдегі,
Бұл бір жыр ой түбінде көптен бері.

Толық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...