Өлең, жыр, ақындар

Іздерсің сонда

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 1911
Ауылға, достар, ал кеттім,
Серігім болар кімің бар.
Келеді кейде әндеткім,
Соны ұғып жұлдыз жымыңдар.
Шақырып жатыр өзенім,
Шақырып жатыр бұйра тал.
Сағынышқа толса өзегім,
Самалы жанды ширатар.
Дүрмек бар, жырға шабыт бар,
Айтпа, оны жақсы түсінем.
Шығады–ау небір алыптар,
Осынау ауыл ішінен.
Құзар бар, биік шың да бар,
Мен сонда туып ержеткем.
Әнді де содан тыңдап ал,
Аялап жанды тербеткен.
Көсіліп жатыр қырқалар,
Оймышталған өрнекпен.
Қол бұлғап маған шыршалар,
Келемін соған өрлеп мен.
Іштей алғыс айтарсың,
Өткен сол жақсы күндерге.
Құшағың толып кайтарсың,
Қырмызы қызыл гүлдерге.
Әніңе, ауыл, құмармын,
Кеудеме келем құйып мен,
Абайсыз бірде құлармын,
Іздерсің сонда биіктен.
* * *
Қайысар шағым ба бұл отыз менің,
Өмір – тасқын, алдыма не тізбедің.
Дауылыңмен жалынды жасқасаң да,
Тынымы жоқ алдымнан от іздедім.
От іздедім жана алмай, лапылдадым,
Түбінде бар шырқауға атылмағым.
Тулатып келем ұдай бір тұнықты,
Жетелеп алға қарай атымды ағын.
Тілемеймін тұнықтың сарқылғанын,
Тілеймін отты жырдың жарқылдарын.
Құлдиласаң құлдырап алдыңдамын,
Шалқаласаң, сүйеуге артыңдамын.
Жүк артса, өмір мықты шын артады,
Емес бұл қанатымның сынар шағы.
Мені жүрек қалайша мұңайтады,
Жастықтың жаңа атқанда құмар таңы.
* * *
Сен келгенде қар жауды–ау күміс қанат,
Ақ көбелек ұшқандай тым ұшқалақ.
Сен кеткенде ақ боран соға ма екен,
Шұнақ аяз шыңылтыр, қылыш жалап.
Сен келгенде ағарды–ау тау да, қыр да,
Оранғандай бейне бір аппақ нұрға.
Сен кеткенде көк дауыл соғар ма екен,
Осындай үлбіреген нәзік жырға.
О, менің шын сағыныш, ақ канатым,
Бар ма, сірә, сабырым тоқталатын.
Ақ бұлттан аспандағы бұрқыраған,
Қайдан ғана тап болдың, жат борасын.
* * *
Жастығыңды лақтырма,
Лақтырма асау тасқынға.
Осынау ғажап шақтың да
Ойнасын тұлпары астында.
Қатардан шапса озатын,
Әркімнің есте жас күні.
Бәйгеге арқа қозатын,
Ежелгі елдің дәстүрі.
Келеміз дүрмек топталып,
Келеміз ұдай ілгері.
Кеудеде жалын шоқ қалып,
Қамшылай түсіп жыл легі.
Көбейтіп топтың қатарын,
Келеміз өңірді аралап.
Кейбірін жүйрік атады,
Уақыт өзі даралап.
Жетелеп алға отарын,
Келемін мен де құйғытып.
Білемін күннің батарын,
Ақыннан жаңа күй күтіп.
Жырлардың жалын құшақтап,
Қалады жолда жас таңба.
Лақтырып тасты ұсақтап,
Бүркеді шанды аспанға.
Қағарсың қанат талмай да,
Зулаған мынау күнге ерсең
Мәз болып жұртың қалмай ма
Бәйгеден, досым, шын келсең.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айбының бар

  • 0
  • 0

Дұшпаның жасқанардай.
Ақылың бар
Жұртыңды басқарардай.
Көңілің бар

Толық

Ән еді ғой ұмытқан

  • 0
  • 0

Маңай жым-жырт кешкілік,
Бұлттар — кеме көктегі.
Жатты бір ән естіліп,
Қоңыр үйден шеттегі.

Толық

Ашу

  • 0
  • 0

О, тәңірім, артық айтсам кешерсің,
Жан балам, неге мұнша кешігесің.
Әлде теріп жүр ме екен ол даладан,
Осынау екі "күшіктің" несібесін.

Толық

Қарап көріңіз