Өлең, жыр, ақындар

Дұғай сәлем

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 1969
Дұғай сәлем, алыс жүрген қызыңнан,
Біле білсең мен де өзіңдей қызу жан.
Салқындығым — асқар құшқан мұзыңнан,
Қызбалығым — шаңқай күннен қызынған.
Нәзіктігім— қырмызы қыз гүліңнен,
Сыршылдығым — қоңыр мақпал үніңнен.
Қос бұрымым — қою қошқыл түніңнен,
Мен өзіңмін, бар болмысым, түріммен.
Ақ талдар бұрымға ерте араласып,
Көңілге күмән салды алаң – ашық.
Алады тынышымды ойлар – дағы,
Биіктен бір биікке ала қашып.
Дей ме әлде күй құдіретті далаға шық,
Жан едің ғой өмірге дара ғашық,
Дей ме әлде ақын жаны өршіл келер,
Жүректі жырмен тербе, орама шық.
Дей ме әлде қанатты қақ желпіндіріп,
Мұң қашып, бақыт өзі келсін күліп.
Жүрміз ғой соған бола құлаш ұрып,
Жүрміз ғой соған бола тер сіңдіріп.
Дей ме әлде семсердейін жасымағын,
Кеудеңде жатсын тулап тасып ағын.
Сол үшін де мен кейде түндер кешіп,
Ой қыранды алысқа асырамын.
Дей ме әлде бөтен іске елегізбе,
Бақыт емес, өмірден өлең ізде.
Кім білсін өтеу үшін сол парызды,
Бұл шашты ерте ағартып келеміз бе.
* * *
Дауыл боп ұйқы-тұйқы қара шашың,
Қарлығаштай жаныма жанасасың.
Жан досым деп мен барда еркелетіп,
Мен жоқта неге ғана адасасың.
Дауыл боп ұйқы-тұйқы қара шашың,
Сияқты егіз аққу жарасасың.
Мен іздеп тұрғанымда ақ шолпанды,
Ай болып аспаныма таласасың.
Күн болып бал сезімді балқытасың,
Күй болып бар сезімді шалқытасың.
Армандай ұзатасың және мені,
Бейне бір бозторғайдай қалқытасың.
Дауыл боп ұйқы-тұйқы қара шашың,
Өлең деп ұғып өмір тамашасын.
Жүрсең-дағы күні-түн сапар кешіп,
Өмірге тек менімен жарасасың.
Жеңдірме жігеріңді қиянатқа,
Бор кемік бөтен ойды ұялатпа,
Аңсама аяқ асты, аласаны,
Қыран шалмас биікті тиянақта.
Көкжиектен күннен де шықшы бұрын,
Далаңның құшшы нұрын, құшшы гүлін,
Күңкілдеген дұшпаның көп болса егер,
Көңілге алма, ол – дағы мықтылығың.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қыран жеткен

  • 0
  • 0

Жетіпті биігіне қыран бүгін,
Көрсетер қыран солай қырандығын.
Туған жер мәпелеген түлек үшін
Ақын да ағыл-тегіл құяр жырын.

Толық

Ән мұнарасы

  • 0
  • 0

Арқаның әнге бөлер шырын кешін
Жаныма қандай жақын Сырымбетім.
Ақанның асқақ дауыс,
Асыл сырын

Толық

Қапшағай толқындары

  • 0
  • 0

Жағасы жайқалады Қапшағайдың,
Айнала жақпар тастар,
Аппақ айдын.
Жұлдыздар жымыңдаса су бетінде,

Толық

Қарап көріңіз