Өлең, жыр, ақындар

Ана тілім

Өмірден алған жоқпын үлесімді,
Өлгенше тоқтатпаймын күресімді.
Мен әлі талай-талай өлең жазам,
Еске алар оқығандар бір есімді.

Қолдаса аталардың аппақ ары,
Мол сіңген қазақ исі хат қалады.
Өз ұлтын шын сүйетін ұрпақ болса,
Сол хатты болашаққа ап барады.

Жақсы сөз ұзақ ойда сақталады,
Өлең де солай еске жатталады.
Күңкілдеп біреу даттар,
біреу мақтар,
Болашақ өзі айырар ақ-қараны.

Кіргенше жылы жердің қойынына,
Өлеңді міндет қылдым мойыныма.
Сақтайды бүкіл ұлтты ана тілі,
Тілі жоқ ұлттар мүлде жойылуда.

Не керек осы жайды түсінбесең,
Не керек қара басым үшін десең.
Басыңа ешкім сенің шыға алмайды,
Қадірын ана тілдің түсірмесең.

Әрқашан бағалысың өз тіліңмен,
Сөйлесіп түсінерсің бір-біріңмен.
Тек қана ана тілде сөйлесейік!
Жойылып кету оңай бұл түріңмен.

Ой салды Украина, Қырым маған,
Жағдайды опық жейді ұғынбаған.
Қазіргі ана тілдің халін ойлап,
Мен дағы бозторғаймын шырылдаған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз