Өлең, жыр, ақындар

Анашым

«Құлыным» деген ана сенің тәтті,
Жатталып құлағымда үнің қапты.
Қасымда жүрген кезде бағаламай,
Балаңыз өкініштің дәмін татты.

Сөзіңді құлағыма ілмедім де,
Тіріңде қадіріңді білмедім бе?
Осылай қоштасам деп ойладым ба,
Қасыңда алшаң басып жүргенімде.

Бойыма мол шуақты тарататын,
«Құлыным» деген сөзбен таң ататын.
Көзімді ашпасам да бір ауыз сөз,
Сыйлайтын бұл дүниенің рахатын.

Сыйпайды мейірімді алақаның,
Шомылып рахатқа баратамын.
Еркелеп көздерімді жұмып алып,
Тілеймін атпаса деп ала таңым.

Ұқпадым өмірдің тым келтелігін,
Көп болды бір өзіңе еркелігім.
Сыйпайды енді кімнің алақаны!
«Құлыным» деген сөзді шертеді кім!?

Көзімді еркелемей ашар едім,
Барлығын, не айтсаңда жасар едім.
Анашым, бір секундқа көзіңді ашсаң!
Өзіңді құшағыма басар едім.

«Өскенде арқалаумен өтер ем» деп,
Тіріңде мақтанушы ем өперемдеп.
Анашым, ойлағам жоқ ешқашанда,
Осылай табытыңды көтерем деп.

Тіл алмай еркеледім жұмсағанда,
Тым ауыр болған шығар бұл сағанда.
Жүзіңді енді мәңгі жабу үшін,
Уыстап қабіріне құм салам ба?!

Ажалың келді ғой тым төтелетіп,
Қанжармен тілді көңіл текеметін.
Көзден жас ерік бермей сорғалайды,
Мойнымда қарыз қалды өтелетін!

-Қош ана!!!
Көкірекке тығылып шер,
Басыңда дұға оқимын жығылып мен.
Сағынып сені анашым жеткенімде,
Алдымнан қарсы аларсың:
Құлыныммен!



Пікірлер (3)

Тойган

Керемет

Бахар

Оте жаксы жане мазмунды.

Aibekkk

Нұрсұлу апаны соңғы сапарға аттандырып тұрып толғандым, көзімнен жас кетпеді

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз