Өлең, жыр, ақындар

Жолдар

  • mendi
  • 12.11.2018
  • 0
  • 0
  • 7811
Жолдар,жолдар...Шұбап жатыр ақырын,
Бірі жақын, бірі алыс, шақырым...
Бір жол бізге жақындатып алысты,
Бір жол бізден алыстатқан жақынын...

Бір жол тура, ақиқатқа бастайды,
Бір жол кері, жалғаныңды растайды.
Бір жол сені арманыңа шығарып,
Бір жол сені шыңырауға тастайды....

Бір жол сүрлеу, бір жол тыңнан салынған,
Бір жол қия, елес берген сағымнан....
Бір жол соқпақ, бір жол саған бейтаныс,
Бір жол таныс, күліп шығар алдыңнан...

Бұл жалғанда әр кімнің өз жолы бар,
Бағың, сорың, сол жолыңда жолығар...
Бақытыңды қолда барда бағала,
Болмағанда, жоққа сабыр болыңдар...

Жолы сансыз, фәни дүние алдамшы,
Жаңылыспай өз жолыңды таңдашы.
Жолаушымыз мына бес күн жалғанда,
Жорытқанда жолың болсын, жолаушы!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз