Оян , қазақ !

Оян !

Оян , досым ,
Жетер енді маубастық ,
Алайықшы мықтылықты жолдас қып .
Өз алдыңа өмір сүріп жүргенде ,
Көз алдыңда өтіп жатыр бар жастық !

Түске дейін түс көресің күніге ,
Әр күн ризық ,
Біле білсең тіріге .
Арлымын деп қалай ғана айтасың ,
Тоқтау салмай үш арсыздың біріне ?

Жетем десең , күтеді алдан бір бақыт .
Түтіндетші намысыңды мүржа қып .
Бір қазақты оята алмай мен тұрмын ,
Мың қазақты оятқанда - Міржақып .

Өтіп тегі кеткен едік ол қырдан ,
Көңілге - мұз ,
Жанға қаяу салдырған .
Енді , міне , оянатын кез келді ,
Тарту күтіп жүре бермей тағдырдан .

Ел деп еңбек ету керек аянбай ,
Үркінудің қажеті жоқ қояндай .
Бүгініңді ұйқыменен өткізсең ,
Ертең , сірә , қалу мүмкін оянбай .

Алайықшы бір нәрсені ескеріп ,
Ер - жігітке болған әркез күш - көрік .
Алдымызды орап біздің кетпесін ,
Тәтті ұйқыда жатқан кезде түс көріп .

Бақыт үшін тұрмау керек кідіріп ,
Жұмылайық бес саусақтай бірігіп .
Оята алмас , оянбасақ өзіміз ,
Міржақыптар келсе дағы тіріліп .

Арман деген сене берсең - бос елес ,
Бақыт , шіркін , жеткізбейтін құс емес .
Өмір деген - өз - өзіңді дәлелдеу ,
Өмір дейтін -
Көре берер түс емес !

Басқа да өлеңдері

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)