Ақ Жайық біз аулайтын балық бар ма

Мына өмірден бір сәтке жалыққанда,
Біз аулайтын ақ Жайық балық бар ма.
Қайран дәурен десеңші, қармағыңды,
Балық сүйреп әкеткен, салып қалған.

Балықта – үлкен, Жайықта үлкен еді,
Салып қалсаң қармақты түртер еді.
Азайса да балығың – Жайық ана,
Өзіңді әлі, жағалап, жұрт емеді.

Көптігінен шоқыр мен бекіре тым,
Күндер қайда тойып жұрт кекіретін.
Жаным жүдеп отырмын жағалауда,
Балық көрмей шоршып бір секіретін.

Қан сасыды бір кездер кәрі Жайық,
Су тасыса жағалау – бәрі балық.
Лақтыратын балықты кері суға,
Уылдырығын ішінде жарып алып.

Тартудамыз сол кездің зарын анық,
Балығына Жайықтың жарымадық.
Күндер қайда кекірген қара нанмен,
Сары майға уылдырық жағып алып.

Теңіз барып ау салған балықшылар,
Балығына Каспийдің қарық шығар.
Теңізді де шық бермес Шығайбайлар,
Бөліп алған деген сөз анық шығар.

Дүние-байлық улаған санамызды,
Кешіре гөр, ақ Жайық балаңызды.
Өлтірген соң жоқтайтын халықпыз ғой:
Қолымызбен өзіміз анамызды!


Басқа да өлеңдері

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)