Досыма хат – 2

Аман ба Теміржан дос, ауыл-аймақ?
Сары атан болған шығар сары тайлақ.
Ержетіп кеткен шығар ұл-қыздарың,
Бір кезде отыратын «сарымайлап».

Атанып келіндерге «кәрі бойдақ»,
Жүр ме анау дүкен жақта әлі тойлап.
Қартайып келемін бе күннен күнге,
Осының отырамын бәрін ойлап.

Қалыпты Жем тасымай биыл тағы,
Жақсы еді Ботай-көпке құйылғаны.
Бірақта біз ойлаған болмайды ғой,
Болады бір Алланың бұйырғаны.

Даланың мен білемін құйын-шаңын,
Шығарды-ау қара жердің құйымшағын.
Сиырлар шөп таба алмай құм жалаған,
Айналып кеткен шығар ыңыршағың.

Айтпақшы, ауылға өткен жолы барсам,
Жер қазып жатыр екен, болып лайсаң.
-Ауыз су кіргізді ме? Деп өзіңнен,
Жүр едім сұрайын деп жолыға алсам.

Су келсе болды ауыл жайқалатын,
Әр үйден жасыл терек байқалатын.
Аш сиыр жеп кетпесін талдарыңды,
Бақташы Оғылан жоқ қайтаратын.

Көшеде көрінбейді доп тепкендер,
Шықпайтын бала үйден боп кеткен бе?
Кірмейтін едік қой біз, қайран үйге,
Ұшырып көк аспанға ақ кептерлер.

Достардың қаймағымен, татып құртын,
Ауылды аралаған, бақыт бір күн.
Бір күнім бір аптаға татитындай,
Тапжылмай қатып қалса уақыт шіркін!

Қалада абыр-сабыр, шуылдаған,
Білінбей өмір біздің зуылдаған.
Тып-тыныш ауылымның көшесінде,
Уақыт тоқтап қалған.
Шынында да.

Мықты аңшы болмасақ та,
тазы байлап,
Бой жазып шығайықшы азын-аулақ.
Достар боп таза ауада сорпа ішейік,
Қоскөлдің болса үйрек-қазын аулап...

Бос жүрген тоз-тоз болып халық қанша,
Жарты өмір өтіп кетер соны ұққанша.
Аман бол, Теміржан дос, келер жылы,
Көктемде, таза ауада, жолыққанша.


Басқа да өлеңдері

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)