Өлеңдер бөлімі

Оян, қазақ!

Бұл қазақ өткермеген нені бастан,
Бағынан қайғысы көп, шері-дастан.
Тағдырдың тәлкегіне төтеу үшін,
Маңайда қаны мен тер араласқан.

Төтеген қалмақтардың қорлығына,
Сау қалған жоңғарларың жорығынан.
Қасқайып қарсы алып қас дұшпанын,
Қазықтай қозғалмаған орынынан.

Тағдырдың адасқан сан торабында,
Сор болған ақ патшаның бодауында.
Қазағым қане оян, көзіңді аш,
Кез келді жайыңды өз қолға алуға.

Қалмасын деп бодауда қызың, балаң,
Болмасын деп ойың мен ісің надан.
Ұйқыда өтпесін деп жастық, жігер,
Маса боп Ахмет ұлың ызыңдаған.

Оян қане, талпын,оқы , биік самға,
Бекер қылмай уақытты ұмтыл алға.
«Мен жастарға сенемін» деген Мағжан,
Үмітті ақта, жігерді жиып ал да.

Келешектің кепілі –еңбек ерең,
Сосын -білім, тұңғиық түпсіз, терең
Осы екеуі тоғысса бір арнада
Құлпырады еліміз, соған сенем!

Көрсең де талай тәлкек, талай азап,
Сен мықтысың, бас алға, батыр қазақ
Қорықпа, сен өте алмас өткелдер жоқ
Өткенің мұң болғанымен, алдың ғажап.

Басқа да өлеңдері

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...