Өлең, жыр, ақындар

Парадокс

Бағытымнан жаңылмай бет алатын,
Өзім үшін өткел көп өте алатын.
Менің ешкім шалмайды аяғымнан
Мен ешкімнің бұзбаймын шекарасын.

Тербетсе де кеудемді толқып қайғым,
Ақ гүлімді ал бірақ солдыртпаймын.
Менен ешкім рұқсатсыз зат алмайды
Мен ешкімнің мүлкіне қол сұқпаймын.

Түсінудің түсіндім кеш емесін,
Түсінбесем, Уа, Тәңір кешірерсің.
Менің ешкім қақпайды иығымнан
Мен ешкімнің жемеймін несібесін.

Жатқан шақта алдымда жолдар айқын,
Орта жолда қалам деп ойламаймын.
Менің ешкім болмайды сор-бағымда
Мен ешкімнің бақытын байламаймын.

Болуы үшін басымда бақ ғұмырлы,
Жүрекке арман керек ақ тұғырлы.
Мен ешкімнің өмірін сөз қылмаймын
Менің де ешкім сөкпесін тағдырымды.



Пікірлер (4)

Оралай

Келешек бағыты айқын, ақындыққа тән кішілік те тәкәппар кісілікте бар, және оқырманға ой тастар тұщымды ойы бар керемет өлең.

Байыт

Назерке өлеңің әдемі. Талабыңа нұр жаусын. Аман бол.

Сержан

кұшті

Қымбат

әдемі өлең, бірақ біз біреуді сөз етпей, біреудің ісіне араласпай жүре алатын халық емеспіз
ғой

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз