Өлеңдер бөлімі

Сүй

Ей, Адамзат!
Сен ояндың.
Тірісің.
Тіршіліктің сезудесің тынысын:
Әсем әлем. Күміс ауа. Сазды жел.
Шүкір етіп, әрбір жарық күн үшін
Алланы сүй!

Кездеріңде мың сүрініп құлаған,
Бәйек болып, кемсең қағып жылаған,
Махаббат пен мейірімнің мекені,
Өмірдегі теңдесі жоқ Ұлы адам –
Ананы сүй!

Баһадүрлер жанын беріп қорғаған,
Хас жыраулар күңіреніп толғаған,
Баға жетпес, қасиетті қазына,
Аманаты бабалардың жолдаған –
Жеріңді сүй!

Шанағынан күмбірлеп күй шалқыған,
Сабасынан қымыз исі аңқыған.
Өсиет пен өнегенің өлкесі,
Тәрбиесі сезілетін салтынан –
Еліңді сүй!

От ауызды би-шешендер сермеген,
Әлдекімнің айдауына ермеген.
Қаншама жыл шыжымдалып жатса да,
Бодандықтың тұрлауына көнбеген,
Ақиқатты айтамын деп терлеген –
Тіліңді сүй!

Игілік пен құндылықтың кеніші,
Сан ғасырлық ақыл-ойдың жемісі.
Жарқыраған өмірдің шамшырағы,
Тағылым мен парасаттың теңізі –
Білімді сүй!

Ей, Адамзат!
Сұранамын өтініп:
Бос сөйлеудің қажеті жоқ көпіріп.
-«Елжандымын!»-деп далбаса мақтанған
махаббаттың керегі не өтірік?
Беріліп сүй!

Туған жерден алыстасаң тым жырақ,
Сағынсаңшы, күрең күздей тұнжырап.
Кең даламның мұң-наласын шын ұғып,
Отан, қазақ, тіл, ел үшін шын жылап,
Егіліп сүй!

Бір сәт емес, ұдайы сүй!
Жалған емес, шынайы сүй!

Басқа да өлеңдері

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...