Өлең, жыр, ақындар

Көкірек

Көкірек

Екі қазақ сөйлесіп тұр далада,
қарай қалсам,
тас боп қата қалады.
Ерлан Жүніс

Сес көрместен сескендің бе найзадан,
Шошытты ма шаң боратып шапқан ат?!
Паң дидарым долыланған қай заман,
Маң даланың жанарынан бақ қарап,

Маңғазданып жүргенімде қаушып ең,
Сөну білмес жұлдыз берген ғасырым!
Күңіренген қобызымның даусымен,
Жан жағымда жүгіргеннен жасырын,

Тас қараңғы түн ішінде ойланам!
Шапанымда шарқ ұрады сапарым.
...Балбалын да бақытынан қоймаған,
Мен осылай жазығымда жатамын!

Шұбатылған жолдарда бар сорлы дәм,
Қаусап қалған қадамындай қарт аңның.
Айызымды қандырғанда домбырам,
Тағдырымның жалғанынан жалтардым!

Сәттер сайрап сары белдерден сый оймақ,
Шексіз іздің жүрегінде келеді үн.
Көңілімнің аспанында күй ойнап,
Баяғыдан бас бұқпаған мен едім!

Менменсіген жылдар құшақ жайғасын,
Кеуде соққан өр мінезге сай қалқам.
...Сен көресің көкірегімнің айнасын,
Айды шауып түсіргенде айбалтам!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз