Өлең, жыр, ақындар

Мен Қазақпын!

Мен қазақпын ұрпағы Көк Түріктің,
Тамшысы бар бойымда тектіліктің.
Ұлықтаған өрлігін ұлылардың,
Ұмытпаған дәстүрін ескіліктің.

Мен қазақпын халықтың бағын ойлап,
Ұрандатқам ұрыста Абылайлап.
Абай сынды алыптан тарағанмын,
Кететұғын жыр десе жаны жайнап.

Мен қазақпын мейірбан жанға құмар,
Жүректерін тек ізгі жандар ұғар.
Бойларында жаудан да қаймықпайтын,
Әлия мен Мәншүктің қандары бар.

Мен қазақпын жүректе ар – иманын
Таза ұстаған, сол жайлы сан ойладым.
Намысы бар кеудемде және сосын
Мінезі бар өршілдік Фаризаның.

Мен қазақпын бәріне бауырмалмын,
Досты сатсам, Тәңірім, жанымды алғын.
Жанымдағы жандардың амандығын,
Тілеуменен бастаймын таңымды әр күн.

Мен қазапын бір сырлы, сегіз қырлы,
Ән – күйменен жүрегім егіз сынды.
Сайраңдаған сал – сері тұқымымын,
Жайраңдаған айналам тегіс нұрлы.

Мен қазақпын Алаштың айбынымын,
Жақындатқан көктегі Айды бүгін.
Кірбің салмай халықтың көңіліне,
Айналдырар шаттыққа қайғы – мұңын.

Мен қазақпын, қыздарын жылатпаған,
Жөн – жосықсыз өзгеге кінә артпаған.
Жақсылыққа әрдайым үйір болып,
Жақсылардан бір қадам жырақтаман.

Мен қазақпын қариясын құрметтеген,
Ақ жаулығын анамның кірлетпеген.
Іштен шыққан жауымды қарғап – сілеп,
Күшпен жығып жатпаймын күндеп те мен.

Мен қазақпын сүйенер Жаратқаны,
Жүзін бұрып Құбылаға қаратқаны.
Құлшылық қып жалықпай әр түн сайын,
Құлшылықпен ататын әр ақ таңы.

Мен қазақпын досқа адал қасымдағы,
Менің сенген достарым асыл бәрі.
Мен қазақпын барымды аялаған,
Місе тұтқан бағымды басымдағы.

Мен қазапын, өлгем жоқ! Қайта келдім,
Иесімін осынау байтақ елдің.
Киесімін ән – күй мен өлең – жырдың,
Айта бергім келеді, айта бергім…


Ақтілек Абайқызы



Пікірлер (1)

Aizhan201075

Тамаша!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз