Өлең-жыр байқауы

Мадақ

Мадақ

Сөздің басын бисмилламен ашайын,
Шабыт-тұлпар мініп, алға басайын.
Жаратылыстың ең көркемі, асылы –
Пайғамбарға мадақ-өлең жазайын.

Мұсылманның таңғажайып түні бар:
Мәуліт түннің қандай ғажап сыры бар?
Жеткізейін құпиясын жырыммен,
Адам болса, оқып мәнін ұғынар.

Мәуліт айы – шаттық сыйлар көңілге,
Мұсылманның жүзінен нұр төгілген.
Болмыс нұры, Алла елшісі Мұхаммед
Мәуліт түні келген еді өмірге.

Бұл киелі түнде
Әлем түгел мәнсіздіктен арылды,
Орын алды өзгерістер жағымды.
Бар ғаламның әр бөлшегі қалмастан
Жаратқанның мейіріне малынды.

Соңғы елші, екі дүние сардары,
Хазреті Мұхаммедтің арманы –
Алла сөзін, уахилерін уағыздап,
Мекке менен Мәдинаны шарлады.

Өмір мәнін түсіне алмай сенделген,
Пұт тастарды құдайымен тең көрген
Адамзатты тура жолға бағыттап,
Расулуллах жаңа тыныс, дем берген.

Ақ-қараны айыруды үйретті,
Соқыр наным-сенімдерді күйретті.
Пайғамбардың өнегелі істерін
Сахабалар кейінгіге үлгі етті.

Хақ жолына жетелеген үмбетін,
Мықты ұстанған Құран һәм сүннетін,
Үлгілеген Ислам дінін халыққа,
Мұсылманның парызы мен міндетін,
Пайғамбарға мың мадақ!


Ей, адамзат!
Жүрегіңе имандылық мекендеп,
Көркемдікті көкірекке бекемдеп,
Пайғамбарға салауат айт әр мезгіл,
Күнәларың кешіріліп өтелмек.

Бір Алланың құдіретімен жаралған
Жан-тәніңді аулақ ұста харамнан.
Алланы сүй. Намаз оқы. Зекет бер.
Ораза тұт. Сонда өмірде болар мән.

Жаратқаннан жалбарынып сұраймын:
Әр жүректе иман тұнсын лайым.
Қасиетті Қағбаға тәу етуді
Мұсылманға нәсіп етші, Құдайым!
Әмин!


Басқа да өлеңдері

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз