Өлең, жыр, ақындар

Құрбанның қабыры

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1082
Тау етегін бөктерлеп,
Кейде өрге қарсы өрлеп,
Кейде сайын қуалап,
Бір топ атты келеміз.
Мейлі алдымыз құз болсын,
Мейлі боран, мұз болсын,
Өрлей, тынбай желеміз.
Кейде бізбен жарысып,
Шың жарымен алысып,
Сынап - сынды меруерт су,
Сырғып саймен жөнейді.
Күлсе сылқ-сылқ тас сабап,
Күңгір қағып тап сол уақ,
Жаңғырып жар күледі.
Жүрдік, талай жол қалды,
Жаңғырығып жар қалды.
Талма түстің шағында,
Кездесті алдан кеп мола.
Жол бастаушы ақсақал,
Көзінде әлі нұры бар.
Бастады сөз сұрлана.
Қарт көзінен жас парлап,
Қарт сөзінен сыр аңдап,
Шымшығандай құйқаны,
Шымырлатты жүректі.
«Қарағым!» деп сөз бастап,
Алдымды ала ойқастап,
Сәл дірілдеп дауысы,
Жол үстінде сыр шертті.
Анау шеткі қабірде,
Жатыр бүгін бір қыршын.
Сол қыршынды жоқтай кеп,
Жырламаған тіл құрсын.
Еске алғанда егіліп,
Төгілмеген үн құрсын.
Ол жас қыршын, сол қыршын,
Қиыларда қияғы,
Кесілерде өмірі,
Жұмыларда шырағы,
Өкпесіне сұр қанжар,
Қадапты бір жауыз сұм.
Қиыларда қыршыны,
Төгілерде жас қаны,
Тас қараңғы түн екен.
Қандатуға боздақты,
Жау торыған күн екен.
Қыл шылбырдан бір тұзақ
О да дайын тұр екен.
Ендеше сол қыршынға,
Бірі тастап тұзағын,
Бірі сұғып қанжарын,
Тұншықтырған қанына,
Қай сұм екен, кім екен?!
Сұғылғалы сұр қанжар,
Бунағалы қыл шылбыр,
Қоштасқалы жас боздақ,
Тап сақадай өтті жыл.
Болам десең майданда ер,
Болам десең майданда ер,
Майданда өлген ерлердің,
Істегенін істей біл!
Міне, бұған жыл өтті,
Айлар өтті, құн өтті.
Ана белдің астынан
Шыққанға бір ұлы шу.
Колхозға ұран тасталып,
Жаңа тарих басталып,
Ағылып жұрт жан-жақтан,
Көтерілген қызыл ту.
Сол думанда белсеніп,
Істесе ісін еңсеріп,
Ел тасқыны ішінде
Суырылып біреу сөйлеген.
Жымырылып тымақтар,
Тыңдап жүздеп құлақтар,
Құлаққа құйып тәтті үнін,
Сөйлегенде бүй деген:
− Ей, ағайын, әлеумет!
Қара белді қашаннан,
Жайлап келді бай Домбай.
Судан ылғал таттырмай,
Көгіне аяқ бастырмай
Бізді өзінің малындай
Айдап келді бай Домбай.
Бүгін елдің алдында
Зорлығы үшін кешегі
Жауап берсін бай Домбай!»
Сөйлегенде осылай,
Тыңдағанда қалың жұрт.
Ұрылғанда шапалақ
Жерді шайқап, тау сілкіп,
Жанын біреу алғандай,
Тас боп қатып қалғандай
Отырыпты сол Домбай
Тынған судай жым - жырт.
Кешке екі ұлын шақырып,
Жылай айтып ақылын
Депті ол «Соның көзін құрт!»
Сөйтіп қыршын өлерде,
Кесілерде өмірі,
Жұмыларда шырағы,
Тас қараңғы түн екен.
Қараңғы түнде қандатқан,
Қыршынға қызыл қан жапқан.
«Өлмеймін деген құр қарап».
Жауыз Домбай сұм екен,
Қарт көзінен жас парлап,
Қарт сөзінен сыр аңдап,
Шымшығандай құйқаны,
Шымырлатты жүректі,
Өттік баяу қабырдан,
Қалды өлік құм жамылған...
Бітті әңгіме осылай,
Тоқтатты қарт, сөз бітті.
Өрге қарсы ырғытып,
Ойпаңменен сырғытып,
Шықтық, шаба шоқырта,
Қарабелдің бетіне.
Қарабелді жайлаған,
Сарқырап еңбек қайнаған,
Салдым көзді қиядан,
Құрбанның, колхоз еліне.
Самсай түскен трактор,
Андағайлай жөңкіп жүр.
Қарабелдің қатарын,
Қойнындағы қыртысын
Жымия тартып миығын,
Бір көтеріп иығын,
Изеп басын қарт атам
«Көрдің бе?» - дейді жыртысын.
Қарабелде тап қазір,
Қайнаған қалың думан бар.
Кескілескен майданда,
Жапырып жауын қуған бар.
Кексіз боп кегін жібермей
Қанды қанмен жуған бар.
Ондағылар кім десең,
Мың білекті, бір жүрек,
Құрбанмен бір туғандар.
Олар колхоз ерлері.
Қандай майдан болса да,
Түсуге бел буғандар
Қарабелді бөктерлеп,
Кейде өрге қарсы өрлеп,
Мамырлата ән шырқап,
Қарт атаммен келемін.
Әне колхоз ауылым,
Ауылымда бауырым,
Асығамын жеткенше,
Жорта шауып желемін.

1931



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жас ақынға

  • 0
  • 0

Інім - ау, сенбе өсекке,
Досымын әлі мен жастың.
Боламын ұзақ есепте,
Көбіңмен әлі сырласпын.

Толық

Әркім айтар өз әнін

  • 0
  • 0

Әркім айтар өз әнін өз даусымен,
Көңіл күйін бөлісер сырласымен.
Біреу жақын өзіндей бақыттымен,
Біреу жақын мұңдасы, құрдасымен.

Толық

Балықшы

  • 0
  • 0

Жағасында Аралдардың,
Балықшылар құрған аудың
Шыр айналып төңірегінде,
Қанаттарын төсеп күнге

Толық

Қарап көріңіз