Өлең, жыр, ақындар

Айнабұлақ

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 3277
Ертеде Айнабұлақ асау болды
Ақырып асулардан тосты жолды.
Қиратып қарсыдағы қайыңдарды,
Тербетіп теректерге салды қолды.
Қайырып қабырғасын быт-шыт сөгіп,
Қақ жарды қыр кездессе, оңды-солды.
Басында отын оттап кәрі марал,
Қара көз, оқ кірпікті киік қонды.
Жаз болса, жағалығы болып жайлау,
Бай билеп, батыр төстеп, бие байлау.
Ақ боз үй, шаңқан отау сән-салтанат,
Ішінде бай-бәйбіше күліп-ойнау.
Түн болса Айнабұлақ жаңғырығып,
Әнімен жылқышының - «әләлайлаулау».
Таң атса төрт түлік мал түгел өріп,
Беткейде бетегелі құрттай қайнау.
Бұлақтың мұның бәрі ескі күні еді,
Еріксіз еңбекші елі көрген айдау.
− ...Жыл өтті, жыл артынан жылжып ағып,
Күн өтті күн артынан жорта шауып.
Алатау қаусырма өркеш шөгіп жатты,
Алабын ақ шудамен бүркеп жауып.
Арда өскен асау аңдар аясында,
Асыр сап ойнап жатты ауық-ауық.
Асудан асау бұлттар аса алмаған
Жыртылып дал-дал болып жартас қауып.
Тап кеше Алатауға ағылып қол, -
Асқардың асуынан салмаққа жол.
Гулетіп, еңбек күйін дабылдатып,
Әндетіп аршындатып, төгілді мол.
Асқақтай алдарынан қарсы шықты
Апай төс, - паң тәкәппар шың менен өр.
Жарамсақ терең құз да жолды тосты,
Қап-қара қарашықсыз көздері көр.
Қоймады қаптаған күш бәрін жеңді,
Түбі жоқ, терең құздың көзін көмді,
Сапырып балуан қолдар көлдің суын,
Жасады жол саларлық, жаңа жерді.
Ағытып артқы айылын төмен нұқып.
Теңеді адырларды, биік белді.
Сом балға, Алатаудың өзін соқты:
Соқты кеп, жалындатып шығарды отты.
Есігін ойрандатып, төрін талқан,
Өткізді өңменінен өткір оқты
Томардай толарсағын жіппен қиып
Күмбездей омыртқасын күлдей үкті.
Қаусатып қыр-қыр болған қабырғасын,
Түксиген түгел жұлды етек мұртты,
Шоқтыққа найза салып ұңғылатып,
Түйілген түйіншегін бір-ақ қырықты.
Мінекей бәрін көрген Айнабұлақ,
Еңбекке Айнабұлақ - мәңгі тұрақ.
Біз кімбіз, кім боламыз, қайда аттандық,
Бұлақтан білмейтіндер білсін сұрап...
Таулар көп талқандарлық әлі де алда.
Күш дайын тап беретін қайтпай, шыдап.
Тау тұрсын, жолымызда - жау тұрса да,
Сенбесе көрсін байқап, білсін сынап.
Біз үстем, біз жеңеміз, біздіктер көп,
Дәл соған жансыз бұлақ куә болады!..

1936



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дәужан Алматыда

  • 0
  • 0

Астана таңы бозарды,
Ұйқыда көбі адамның.
Жуылған қалмай тозаңы
Ленинмен аттас алаңның.

Толық

Елден сәлем

  • 0
  • 0

Өткен күнде көрген азап,
Көрінгенге болған мазақ,
Октябрьде алған азат
Еркін халық, болған қазақ.

Толық

Бөрте лақты көргенде

  • 0
  • 1

Салпаң құлақ
Қу бөрте лақ секірді.
Көпір шын - ақ
Ойыншығы секілді.

Толық

Қарап көріңіз