Өлең, жыр, ақындар

Көшу

  • 19.04.2015
  • 1
  • 0
  • 5649
Елжіреп қардың көңілі өкпек желге,
Жер жібіп және тойып аққан селге,
Күн сайын күн күркіреп, көк дүркіреп,
«Көш!» - дейді қыстай сасып жатқан елге.
Ел сонда жемек болды көштің қамын,
«Керек , - деп, - келесі жыл және шабын».
Дөңгелекті ескі арыспен қора бөлген,
Қима быт - быт қарасам арба жағын.
Нашарлар көлік үшін жүріп қойған,
Кемітіп ақысына бір - бір қойдан,
Қазірде жұрттың бәрі аласапыран,
Шықса да ұлан қыстай көшу ойдан.
Қоймасын тастай салды көңмен жауып,
Жүк жеңіл болуының ебін тауып.
Бел жіп, үзік, ашамай салқам - салқам,
Су құяр арбасына ауық - ауық.
Қыстайғы малдың қиы, қора сасық,
Қалпында тазартылмай қалды сасып,
Ілдебаймен «көш жүре түзелер» деп,
Қорадан көшті қазақ жабырласып.
Күн ыстық, барлық сиыр арба салған.
Адасып бұзаулары кейін қалған,
Арбалар бірі менен бірі соғып,
Сиырды сәйгелекең алдына алған.
Сиыр қайтып соқпасын сәйгел күшті,
Қисайған қоңыр қима аспанға ұшты.
Жас төлдер енесінің соңына ерген,
Түбінде тобылғының қала берген.
Кейбірін көш - жөнекей байы сабап,
Шаңқылдап қатындар да әрбір жерден.
Ат, түйе кетті жылжып жайыменен,
Жүгіртіп балалар жүр тайыменен.
Үстінде арбалы аттың кейбір жаяу,
Жалғасқан кедейлер жүр байыменен.
Болғанда түйдек - түйдек жолдың шаңы,
Сарсытар құлағыңды арба маңы.
Ит ұлып, сиыр мөңіреп, бота боздап,
Қонғанда арба шиқ - шиқ айқай даңы.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мұның аты өш алу

  • 1
  • 1

Өлеңім айт дегенде шырылдаған,
Ісімнің бәрі түгел қырындаған.
Қолымда, қалай қылып қорласам да,
Кешегі қызыл қаншық ырылдаған.

Толық

Алты аяқ

  • 1
  • 0

Тұңғиық түпсіз ашулы
Асау теңіз толқыған.
Бойымды топырақ басулы,
Жүре алмаймын жол тұман.

Толық

Итаршыға

  • 1
  • 0

Көрсетсін қарашекпен еккен ісін,
Қиналып жан аямай жеккен күшін,
Шекпенге жұрт айтқаны қандай алғыс,
Көрсетіп көз алдыма ашсын түсін.

Толық

Қарап көріңіз