Өлең, жыр, ақындар

Римде

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1305
Аспаны қандай, хрустальдай көгілдір,
Жапырақтардың жасылы қолға жұққандай.
Кең алаңда фонтандар меруерт төгіп тұр,
Kөз жасын жердің тереңнен алып шыққандай.
Колонналар қайратты құлдай арқалап
Салтанатты соборды сонау Петрдың.
Тәңірілерден тілекпен алып қолқалап
Болашаққа әкеле жатқан секілді.
Мүлгіген кілең әулиелер мүсіні,
Мұңлы ойларын баяндар мұңлы көздері.
Тұрғандай түгел дәуірін еске түсіріп,
Танитын емес өздерінен өзгені.
Көтерердей қабырдан қазір бастарын
Қалдықтары қираған көне Римнің,
Сөйлетердей кезекпен сынық тастарын
Алдында мынау алыстан келген жиынның.
Ақын ба әлде, қайыршы ма дарынды!-
Кенеттен біреу әндете сарнап жөнелді.
Тындырып судай лезде жұрттың дабырын,
Тыңдатты бізге еріксіз мына өлеңді:

Бірінші өлең
Қайғы арқалап корғасындай,
Нанға зар боп қол басындай
Қалғандардың жаршысымын,
Көз жастың бір тамшысымын,
Әулиелер мүсіндері
Секілді елес түсімдегі.
Тұрады тек, тіл қатпайды,
Көз жасымды құрғатпайды.
Баспанасыз күйде қалдым,
Тағылыққа қайта оралдым.
Қанша қақсам қақпа жабық,
Жатар едім қайда табыт?!

Екінші өлең
Қызу еді жаным қандай,
Қызыл еді қаным қандай.
Heгe кәзір мрамордай сұрғылтпын?
Безгектеймін көп ауырған,
Тек сүйретер сүлдем қалған,
Шыққандаймын тонауынан сүліктің,
Банкир мырза құйып апты қанымды.
Қалдырыпты шала-жансар жанымды.
Қалтыраймын ыстық күнде,
Сарқылыпты терім мүлде,
Таудай ауыр түскен салмақ төзімге..
Қарау үшін жол жетпеске,
Қызығуға қол жетпеске,
Сақталыпты көзім ғана өзімде.
Банкир мырза сығып апты терімді,
Қалдырыпты қансыз-сөлсіз көнімді.
Қайда терім, қайда қаным?
Қайтарыңдар ұрлағаның!
Деп жүрсем мен тінтіп түнімен жарықты.
Айналдырып байлығына
Салып темір сандығына
Банкир мырза кілтін берік жауыпты.
Өлтірмесем иесін сол байлықтың,
Ала алмаймын кілтін темір сандықтың.
Үшінші өлең
Римнің рухы әлдеқашан күйреген!
Жат аяқтар кір балшықтай илеген.
Үрдісіміз Европаша кәдімгі:
Банкирлерге табынамыз,
Министрге бағынамыз,
Жандармға жағынамыз,
Сатыламыз, сатып та оңай аламыз.
Римнің рухы әлдеқашан күйреген!
Римді сүйсең - мені сүй!
Meн күйреген Римнің ұлымын.
Тауды бұзған, тас қашаған,
Қолдап құдай жасаған,
Мраморға жан бітірген,
Алтын күмбез көтерген
Ұрпағымын арғы заман құлының,
Римді сүйсең - мені сүй!
Мен қайтадан туған Брутпын4!
Жүрегіме кек толтырдым өлмейтін.
Көкірегіме шоқ толтырдым сөнбейтін,
Мұз басамын жанды өртеген күйікке,
Көтеремін теңдік туын биікке,
Тірілтемін күйреген Римді бұрынғы,
Тазартамын кірлеген Римді бүгінгі,
Мен қайтадан туған Брутпын!

1957



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақстан — алтын сандық

  • 0
  • 0

Отанға, партияға менен рапорт,
Қабыл ал ақын сөзін қадырлы жұрт,
Бұл ермек емес, яки, сөз құмарлық,
Сөйлеуге республикам берді жарлық,

Толық

Ормандағы бала

  • 0
  • 0

Уыздай бала,
Еңкейіп қана
Теріп жейді жерден дән.
Айнала орман,

Толық

Ат үстінде

  • 0
  • 0

Күн астында көшкен бұлт,
Керуендей қозғалғаны.
Жерде желдің жүрісі тез
Жел маядай жез бұйдалы,

Толық

Қарап көріңіз