Өлең, жыр, ақындар

Жұлдызды жастар

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 2397
I
Колхоздас екеуі де өрімдей жас,
Егіздей бірге туған - түйдей құрдас.
Екеуі ес білгеннен бірге ойнаған.
Ең алғаш мектепке де бірге барған.
Бірінің аты - Дастан, бірі - Айбала
Жүретін егіздей боп тату ғана.
Сондағы бірге отырған парталары
Тозған жоқ, сол орнында тұрады әлі.
Салмақты болды Дастан, әрі аңғарғыш,
Момақан, үлкендердің тілін алғыш.
Тек қана ұялшақтық мінезі бар,
Емес-ті сол себепті сөзге құмар.
Сабағын қанша жақсы білсе де ол,
Жауапқа сұранбайтын көтеріп қол.
Түрткіштеп сондай кездер Айбала қыз.
Досекеге шығаратын оны еріксіз.
Достығын, қамқорлығын Айбаланың
Жақсылық, оған дайын ойлағанын
Сезсе де, сүйсінсе де оған іші
Келмейтін өзгелерге білдіргісі
Сол үшін ұстап аулақ өзін кілең
Қашатын құрбылардың әзілінен.
Пысық қыз бұл қылығын тез аңғарып,
Дастанға соқтығатын өзі барып.
Әдетте жігіт қашса кыз қумайтын,
Әдепке жататұғын елдің салтын
Айбала біле тұрып мұнша неге,
Қаймықпай ілінем деп әңгімеге,
Дастаннан айрылмайды жұрт көзінше?
Ойлаған бір нәрсені о да өзінше:
Қайтсе де мінезінен ұялшақтық
Дастанын алмақ еді әбден аршып.
«Дастанын» дегеніме таңданбаңыз,
Кінәлі мен емеспін оған жалғыз.
Білгір қыз жас жігіттің кейде ұрланып
Жалт етіп қарауынан құмарланып
Танитын, ұнататын сол бір кезін,
Өзі де қалатұғын қадап көзін.
Жалғыз-ақ ұялшақтық, бөгесін боп,
Жігітке сырын әлі айтқызған жоқ.
Жыл еді, ұлы соғыс аяқталар,
Жап-жақсы он жылдықты бітірді олар.
Қуаныш дуылдатты мектепті бір
Той болып ауғанша түн қызды дүбір,
Ән айтты, шаршағанша биледі де,
Таң ата қайтты жастар үйлеріне.
Айбала Дастанменен бірге кетті
Бұлар да келешекті әңгіме етті.
− Барасың, енді , Дастан, қай мектепке,
Тағы да бір болайық шықсақ шетке?
− Кетпеймін еш жаққа да мен ауылдан
Еңбекке араласам енді жылдам.
Қайтқанша ер-азамат майдандағы
Оқудың тоқтай тұрар жетті шағы, -
Деген сөз әрі қысқа, әрі ұғымды
Недәуір Айбаланы толқындырды.

II
Жігітке желік қосар аттың үсті,
Етеді белін берік, қолын күшті.
Жүйріктің шабысына дағдыланып,
Қияға ұшқыр қиял ұшады алып.
Керемет кеудеңе күй жиылады,
Жаныңа жақсы сезім құйылады.
Келеді әнші болғың сондайда бір
Қинайды шыға қоймай даусы құрғыр.
Шыққалы жылқышы боп енбекке арнап
Жүйрікке мінді Дастан неше саңдақ.
Үздіксіз үш жыл ұдай жылқы бақты,
Тотығып ақшыл беті күрең тартты.
Жазда ыстық тамылжыған, қыста үскірік
Темірдей өзін әбден шынықтырып,
Саналып жігіттердің көріктісі,
Топ-толық кәдімгідей болды кісі.
Адамдай тәжірибелі тартқан кексе,
Ұқыпты шаруаға да болды ерекше.
Байқағыш: күн райын, өріс жайын...
Жоқтайды, түстеп танып әрбір тайын.
Туғанын қай құлынның қандай күнде
Тізілген тәптештеле дәптерінде.
Қалайша, қай кеселден емделгенін
Ерінбей солардың да жазған көбін.
Кей кезде жүріп түнде күзетінде
Жай ғана ыңырсыса ат үстінде
Әдемі сырлы ырғақпен шығып әні
Жеп-жеңіл ұйқасады ойға алғаны.
Сол шақта жылы ұшырап аспаннан ай,
Көрініп қарап тұрған Айбаладай –
Жүрегі соғып қатты алқынады,
Ұшам деп жастық жаны талпынады.
Бірақ ол осы биыл жаз шыққалы,
Көріспей Айбаламен келеді әлі.
Егіске бұрынғыдай іздеп барып,
Кемітті қайтуды да сусынданып.
Тек қана оңашада шаршағанда,
Отырып Айбаласын аңсағанда,
Суретін газеттегі қолына алып
Қарайды соған ұзақ құмарланып.
Па шіркін, бұл не қылған бақытты қыз!
Тағулы кеудесінде Алтын жұлдыз.
Арналған Айбалаға әніменен
Ақындар жалындата жазыпты өлең.
Осының байқап бәрін жас жылқышы
Бір емес, әлденеше қуанды іші.
Әйтсе де даңқы шыққан Айбаланы
Көруге қазір жігіт қорғанады.
Жылқыдан бір жабағы алдырмаған
Я боран, я беріге шалдырмаған.
Тайсалмас атқан оқтан жүректі жас
Именіп өскен бірге қыздан құрдас.
Ұялып тілдесуге, сырттай қашып
Болды екен неге шіркін мұнша жасық!
Сөйлесіп басшылармен келісті де
Оқуға ол жүретұғын болды ілезде.

ІІІ
− Кетпексің мені тастап қайда ұрланып,
Оқимыз демеп пе едік бірге барып?
Meн сені күтіп келсем осыншалық.
Менсіз - ақ бел байлапсың, кетуге анық –
Деп бастап ойнақы қыз жұрт ішінде
Құлпыртып әсем үнін, күлкісін де
Дастанға әзілдей кеп әлек салды,
Жас жігіт бір қызарды, бір сұрланды.
Көзіне көзі түсіп кеткенінде
Лып ете қалды қаны беттерінде.
Жүзінде Айбаланың өзгеріс жоқ,
Маздап тұр қара көзі мөп-мөлдір боп.
Жарқындық, жайдарлық, сөзіндегі
Қалпында оқып жүрген кезіндегі.
Сондағы мейірімімен көзін тігіп,
Өзіне қарайтынын сезді жігіт...
Тастақ жол, пар ат жеккен жеңіл арба
Барады құйындатып күн батарда.
Жел ескен екпінінен екі құр ат
Жарқылдар тағалардан от шашырап.
Көңілді, божы ұстаған жас баланың
Кешкісін қоңырлатып салған әнін
Сүйсіне қос жолаушым тыңдай түсіп,
Бөктерлей Алатауды келеді ұшып.
Түсті түн, тоқтаған жоқ, қос жолаушы,
Әндетіп әлі тынбай келеді әнші.
Құшақтап Айбаласын тұңғыш рет,
Денесі бір қызынып, бір тітіреп.
Айтарлық махаббатын көп сөздердің
Аузына түсіре алмай бірде-бірін,
Жүрегін әрең басып жұла қашқан
Кеудесін ұстап берік отыр Дастан.
Әдепті, әрі ұялшақ жылқышының
Жоғарғы мектепке кеп кірген күнін
(Тағы бір оқиғаны ұмыттырмас)
Ескертіп айта кету теріс болмас.
Ертемен астаналық бар газетте
Басылып жақсы хабар жетті көпке.
«Еңбектің үздік шыққан батыры!» деп
Дастанға беріліпті бірінші бет...
Оқып жүр осы күні жігіт пен қыз,
Тағынған екеуі де Алтын жұлдыз.
Билет aп театрға, жақсы орынға,
Үйреніп қалды қатар отыруға.
Айтысқа, поэзия жөніндегі
Оған да жұбын жазбай барды екеуі.
Айрылмай бірге жүріп, ,бір тұрады,
Бір үйде - кітап та ортақ оқылады.
Күзгі күн көк аспаннан төккен нұрын.
Жайнатқан астананың көшелерін,
Алтынға жапырақтарын малып алып,
Ақ қайың, қоңыр емен тұр ырғалып.
Осындай жақсы күнде демалыста
Серуендеп балалармен жүріп тыста –
Дастан мен Айбаланы талай көрдім
Сүйсініп көрген сайын қарай бердім.

1950



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Арыс құмы

  • 0
  • 0

Бурыл құм бұйраланған Арыс құмы,
Сандықтай текшеленген қызыл шыңы,
Арда өскен ойнақ, салып аңдары бар,
Күңіренткен құм арасын ыңы - жыңы.

Толық

Азандар

  • 0
  • 0

Естуші едім ауылда
Молдамыздың азанын.
Азан үнi шыққанда,
Көтеріп жол тозаңын –

Толық

Осы кім

  • 0
  • 0

Әжептәуір емес пе,
Қараңдаршы түсіне?
Ып-ыңғайлы - ақ кеңеске.
Жанасқыш - ақ кісіге.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар