Өлең, жыр, ақындар

Комсомол сөйлейді

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1601
Партиямыз жүрегінен, жанынан
Тастады елге жалын атқан жаңа ұран.
«Аттан!» - деді тағы да бір жеңуге,
Далаларда дабыл қағар шеруге. –
«Апан! - деді ақтаруға тың жерді», -
Біз де солай жөнелтеміз жырды енді.
Вокзал. Перрон. Жарқыраған күмбездер.
Шықпас естен бұл суреттер, бұл кездер.
Плакаттар дауыстайды кезекпен
Махаббатты, күш-қуатты сөз еткен.
Мұнарада көк аспанды арқалап
Қып-қызыл ту болашаққа тұр қарап!
Мың оркестр басты талай күйлерді,
Шалды қара, ұмытпапты билеуді!
Ұзатуға келіп немерелерін
Салды ортаға жасындағы өнерін...
Қыздар қандай қызу айтты өлеңді,
Қанатты әндер ауылдарға жөнелді.
Кочегар да паровозға от берді,
Жөнеуге тұр қарсы алуға көктемді.
Ұлдарына қош айтысты жеңгеміз,
Дуылдата соқтық қолды өңгеміз.
Сөз сөйлеуге комсомолдар атынан
Трибунаға шықты лаулап жас ұлан.
О, ғажайып, жастық қандай көрікті!
Бар жарастық соған ғана қоныпты.
Барлық ыстық соның ғана көзінде,
Барлық қуат соның ғана өзінде.
Қаласа ол кұспен бірге кетуді,
Қанатсыз - ақ ұша алатын секілді.
Оның жаны біздің жаннан өзгерек,
Оны айтуға асылырақ сөз керек.
Жүрегі оның жалған соғып көрген жоқ,
Тілі де оның жалған сөйлеп білген жоқ.
Сөз бастады:
− Тыңда, құлақ салыңдар!
Қарсы алдыңда тұрмын, мені таныңдар
Атым Жастық атай бергің келетін,
Куәлігім - комсомолдық билетім.
Кең даламның желпінемін желімен,
Тауларымның жуынамын селімен,
Жел қуаты, сел қуаты бойымда,
Күн жарығы, ай жарығы жолымда,
Мен қырдағы қырандармен бірге өстім,
Meн Отанның әндерімен үндеспін.
Білем тілін өзендердің толқыған.
Білем тілін ормандардың шалқыған,
Жерімнің де соққан ұлы жүрегін
Жастайымнан сүйіп тыңдай білемін.
Аттандым мен ұлы жорық сапарға,
Тұрмын келіп шеру тартар қатарға,
Шақырады мені жаңа мекенім,
Қош болыңдар, мекеніме кетемін.
Тарт, паровоз, мені өмірдің өріне,
Жеткізе көр күткен жаңа жеріме.
Жаңа жердің жауып бетін көк мұздар,
Қарлы боран тартып үрей қобыздар,
Бір арсылдап, бір гүрсілдеп соғады,
Mені алыстан қорқытпақшы болады.
Қар - құйыннан қашатұғын мен бе екем,
Дауыл менен құйындардан кем бе екем
Кәрі әжемдей жинап барлық асылын,
Сақтап түгел асылдарын жасырын,
Сақтап маған інжулерін, маржанын,
Сақтап маған алтын кілтін олжаның –
Шақырады жаңа жерім - мекенім.
Тарт, паровоз, мекеніме жетемін!
Кәрі әжемнің қоймаларын ашамын,
Інжулерін жер бетіне шашамын.
Өседі онда алтын жапырақ ормандар,
Өседі онда бидай атты маржандар.
Жотасында құм суырған қырлардың
Көтеремін күмбездерін қырманның.
Тереңінде кереметті көлдер бар
Ағады онда теңсіз дүлей дариялар.
Сеземін сол сілкінгенін тағының,
Естимін мен - у-шуларын, сарынын.
Сол құдіретті тағыларды тереңнен
Шығарам да жаңа жерге берем мен.
Көлдеріме көкжиекпен қабысқан
Сырнайлатып келер құстар алыстан.
Ақ шабақтар шоршып ойнап шетінде,
Ақ желкендер жалтылдайды бетінде.
Желкенімді аспандата көтерген
Аққулармен қалқып бірге кетем мен.
Жаңа жерде ен. жақыным, достарым,
Жаңа жерде жұлдызымдай жас жарым.
Ол кім өзі? Келген дерсіз қай жақтан?
Қиналамын әзірше ондай жауаптан.
Келген о да мен сияқты ұзақтан.
Оны да жұрт тап осылай ұзатқан.
Мүмкін орыс қызы шығар балдырған.
Ақшыл жүзін күнге жаңа шалдырған.
Күлкісі оның жаздың гүлді көзіндей,
Көзі осынау көк аспанның өзіндей,
Жас теректей жел шайқаған ырғалып,
Сезінемін күтіп мені тұрғанын,
Келген шығар бұйра қоңыр орманнан,
Жас кеудесі қуанышпен толған ән.
Келген шығар болу үшін етене
Ұлы орыстың бар мейірімін көтере.
Сол қыз менің - жүрегімнің қызуы,
Сол қыз менің - өмірімнің қызығы.
Мүмкін, әлде қызы шығар Киевтің,
Сол қыз болар ынтықтырған сүйіктім.
Алтын шашы аяғына төгілген.
Басқан ізі гүл шешекке көмілген.
Осындай бір жайдары қыз шырайын
Тұрмын көріп, ұшпай қалай шыдайын.
Кім болмасын, мейлі қайдан келмесін,
Тыншыр көңілім сол бір қызды көргесін.
Сол қыз менің қос қанатым қағатын,
Сол қыз менің жан жүрегім соғатын.
Кездесер күн алдымдағы ғажайып,
Тез жетсе екен, басқа күндер азайып.
Шатыр аспан, жарығы күн үйінің,
Қандай бақыт сол бір қызды сүюім.
Ұстасып қол біздің жаңа мекенде,
Жаңа өмірге жар атанып өтерде.
Әніміздей тездетеміз істі біз,
Әніміздей өзіміз де күштіміз.
Жас деревня біздің жаңа ұямыз,
Көшеміздің атын Бақыт қоямыз.
Жапырақтарын салқын желге төсеген
Жайқалады біздер еккен жас емен.
Бұлтсыз көкте бейбіт өмір нышаны –
Біз өсірген ақ кептерлер ұшады.
Деді шешен. Аяқталды сөз енді.
Музыка оны күймен құптай жөнелді.
Барлық жүрек алақандай соғылды,
Перрон гүлге, махаббатқа көмілді.
Машинист те паровозға от берді,
Кетті жөнеп қарсы алуға көктемді.
Жыртып жерді, сілкіндіріп даланы,
Жүйрік поезд жұлдызша ағып барады.
Кетті тартып ілгеріге уақытты,
Кетті тиеп тың өлкеге бақытты.
Мұнарада көк аспанды арқалап
Қып-қызыл ту болашаққа тұр қарап.

1954



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Портреттер

  • 0
  • 0

Тынбай жел бұрқыратып құмды айдайтын
Ақ шаңдақ көк аспанды ылайлайтын.
Қойнында үрей боран әлсіз үйшік
Жатқандай жер тістеніп құламайтын,

Толық

Ат үстінде

  • 0
  • 0

Күн астында көшкен бұлт,
Керуендей қозғалғаны.
Жерде желдің жүрісі тез
Жел маядай жез бұйдалы,

Толық

Күштіден де күштіміз

  • 0
  • 0

Отанда - жерде,
Біз сүйген елде
Бармыз миллион - миллион жан.
Күзетте тұрмыз,

Толық

Қарап көріңіз