Өлең, жыр, ақындар

Еркелеймін

  • 04.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1526
Мынау ауыл Жуалының төрі екен,
Қонған жері Қаратаудың өрі екен.
Келген бетте кең пейілін жайып сап,
Қонақтарды қарсы ап жатыр Жұрекең.
Мыңғырады төрт түлік мал сай-сала
Мәуелі бақ, әсем үйлер қаншама.
Дауылпаз күй күмбірлесе күн бойы,
Салқын самал уілдейді ән сала.
Көп естігем ауыл атын сыртынан,
Көңіл кейде шарықтаған бір қыран.
Мәпелейтін, алақанда тербейтін,
Ақын қызы айналмас па жұртынан.
Өздеріңе бір төте жол барардай,
Осы ауылға жүруші едім аландай.
Енді міне ортаңызда, халайық,
Еркелеймін, бейне туған балаңдай.
Ардақ тұтқан қашан да ақын атағын,
Қазағымды мақтанышпен атадым.
Керек емес, сый-таралғы шапаның,
Жапшы маған арай таңның шапағын.
Аңсап келсең ауыл сондай ғажап-ақ,
Алатындай сағыныш пен наз орап,
Туған жері бұдан-дағы көркейер,
Аман болса Жұрекеңдей азамат.
* * *
Өтіп пе едің сұлу өзен Сүңгіден,
Тереңінде ақшабақтар сүңгіген.
Жағалауы қайың мен тал, алма - өрік,
Биігінде шындар жайған — шын кілем.
Айта көрме жиған жүктей жартасын,
Қиял шіркін сен де биік тартасың.
Бір қарасаң қыз бұрымы сияқты,
Батырына сүйеп қалған арқасын.
Ойлап па едім мен Сүңгіге келем деп,
Көз арбаған сұлулықты көрем деп.
Алматыға қайтқанда да япыр-ай,
Көз алдымнан кетпессің сен елеңдеп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дала ұқсастықтары

  • 0
  • 0

Жеріңменен
Жерім ұқсас жаралған.
Еліңменен
Елім тектес жаралған.

Толық

Түн

  • 0
  • 0

Түн.
Мен ғана ояу, сергекпін,
Ойлар мені мазалайды тербеп тым.
Түсінем ғой заңдарын бұл өмірдің,

Толық

Өкінішке оранып...

  • 0
  • 0

Адамның тірлікте
құмарта өпкені,
Көл-көсір дүние
гүл атқан көктемі.

Толық

Қарап көріңіз