Өлең, жыр, ақындар

Гүлданай

  • 04.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1596
Бір қыз бар сол ауылда қара бұрым,
Бірге өткізген сонау бір балалығын.
Егіске барғанында талай рет,
Жинап әкеп беретін дала гүлін.
Бір қыз бар сол ауылда жанға жақын,
Қойыпты Гүлданай деп таңдап атын.
Жаудырап қос жанары қадалғанда,
Жанар емес, ұшқындап шам жанатын.
Жүретін дәмеленіп талай жігіт,
Ебін тауып әзілмен қалай да іліп.
Кейбіреуі қалжыңдап қарындас деп,
Иек қағып өтетін жанай күліп.
Қыз бірақ ешкімге де сенім бермей,
Жүретін назар салып көңіл бөлмей.
Жеңгесіне бір күні ақтарылды,
Жан сыры айтса ғана жеңілдердей.
Алысқа жетелейтін қиял соқпақ,
Қыз жүрді жүрегінде бір ән сақтап.
Сол әнді жеңгесіне айтса-дағы,
Алаулап отырды ғой ұялшақтап.
Жатпаса да пәлен деп атап атын,
Сол есім жеңгеге де өте жақын.
Кірпік қақса төгіп бір алатындай,
Сол қыздың сонша мөлдір махаббатын.
Жалғыз жеңге сол еді — Жібек деген,
Қызға жетпеген сезімді Гүлданайы,
Тербетіп отырғандай жүрекпенен.
Қыз отыр айна алдында тарап шашын,
Табиғаты нәзік, қып жаратқасын.
Болады екен бұндай да сүйкімділік,
Дегендей көз біткендер қарап қалсын.
Жиналды ауыл болып тойға бүгін,
Келді бәрі қыр менен ойдағының.
Көркейтіп тұрды қызды онан әрмен.
Төгілген арқадағы майда бұрым.
Жеңгесі қызды жұрттан қызғанады,
Сондықтан қайда барса бір барады.
Жігітпен кездесері еске түссе,
Албырап бал жүзінде нұр жанады.
Абайсыз ай қабағын қағып қалса,
Кей жігіт ынтығады наз ұққанша.
Жымиғанда бетінің шұқырында,
Толқиды бір сұлулық нәзік сонша.
Гүлданай нәзік күліп назданады,
Дем алса қос анар да қозғалады.
Жалт еткізіп жанарын төңкергенде,
Тұтқын ғып сұлулыққа бозбаланы.
Сол сәтті жігіт көптен қиялдаған,
Сан тарау көңілінен күй арнаған
Сүйген қыздың ернінен татқан балға,
Жігіт тұр есін бір сәт жия алмаған.
Жігіт тұр теңіз болып тасынғалы,
Ұмыт болып қиындық жасындағы.
Ұзақ таңға екеуі сыр шертісті,
Қыздағы бар сезімін жасырмады.
Ерсі деп ешкім бұған таңданбады,
Жүздері алау еді таңнан-дағы.
Тұрды олар дала кешін нұрға бөлеп,
Табысып жүректегі армандарын.
Ән естілді "Ләйлім бе", "Маусымжан ба",
Махаббат қызығы әсте таусылған ба.
Бір уыс боп тұрды қыз демін алмай,
Әлеуетті білекпен қаусырғанда.
Гүлданай ақылды қыз өртең жаны,
Көз нұрың қанар ма екен көрсең тағы.
Сол қызға артық болмас еді-ау сірә,
Аспандағы айды алып берсең-дағы.
Кейде бір бос қиялға бас ұрмалық,
Кейде бір артық сөйлеп тасынбалық
Аспандағы айыңды қайтеді ол қыз,
Торсық шеке жігіт тұр қасында алып.
Күткен кім бар тағдырдың қас қыларын,
Күткен кім бар жанарға жас тұнарын.
Көлеңкесіз көңілі көлдей шалқып
Армансыз құшып тұрды жас қыранын.
Өртеп тұрды балқытып жігіт жанын,
Махаббаттың бөлісіп тұнық дәмін,
Дегендей бір аймалап жел еседі,
Махаббаттан басқаның ұмыт бәрін.
Келе жатыр екеуі қолтықтасып,
Махаббатқа мас көңіл толқып тасып.
Жүр гүлім, енді үйге қайталық, деп,
Жібек те өте шықты шалқып басып...
Толқыған дер шағында жиырманың,
Алады адам өмірден бұйырғанын.
Жүресің басыла алмай, жасыра алмай,
Көңілдің ұйтқып соққан құйындарын.
Толқыған дер шағында жиырманың,
Көрінер жақын болып қиырдағың.
Жарандар, айтыңдаршы өтірік деп,
Осы шақта бәрің де күйіп-жандың.
Толқыған дер шағында жиырманың,
Шарладың қыран көңіл шиырладың.
Сол бір сәт емес пе еді кімнің болса,
Отқа салып жүрері шыбын жанын.
Сондай бір масаң балғын шақтарында,
Жүректі ораттың ба жат жалынға.
Адасып жүрдің бе әлде қалың тұман,
Махаббаттың шыңырау шатқалында.
Мәжүніндей ғашық болып теңселдің бе,
Езіліп мұңға оранып, еңсең мүлде
Қайран жиырма, қайтпассың алдыңдағы
Өткірлеген жүзінен семсердің де.
Биік қой бәрінен тауың сенің,
Тартады бір биікке дауыл — сенім.
Құдіретті махаббатын екі жастың,
Мен қалайша жырламай қалушы едім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Баянжүрек

  • 0
  • 0

Қасиетті туған жер —
Баянжүрек,
Сусыған сәуле шашы,
Самал жібек.

Толық

Сүю үшін

  • 0
  • 0

Жүрегім бар сүю үшін жаралған,
Соғады ұдай жалын алып жанардан.
Төңіректен әнге, күйге малынып,
Тоғысады бір өзінде бар арман.

Толық

Қарагер

  • 0
  • 0

Қамшылай жөнелгенде Қарагерді,
Бұрқ етіп артында шаң қала берді.
Қарагер қанат бітіп бұлдырайды,
Жолдағы тамсандырып тана көлді.

Толық

Қарап көріңіз