Эссе және өлең-жыр байқауы

Әли батыр

  • admin
  • 10.04.2019
  • 0
  • 0
  • 415
Оқушы өрендерім, құлағың сал,
Жырладым сендерге арнап, керегіңді ал.
Уақиға көзбен көрген, қолмен ұстап,
Жыр еттім шын өмірді, алсын деп нәр.
Бір күні «ақ патшадан» келді жарлық,
Жатқан кез соғыс болып, жерді қан ғып.
Майданға жігіттерді бересің деп,
Қазаққа Қордайдағы салды салық.
Қалың ел қатты састы селебеден,
Шошыды жұрт жүрегі бұл пәледен.
Патшаның әмірі күшті, елде ерік жоқ,
Жылысып тау - мен тасты көбелеген.
Күңіреніп қазақ аулы ақылдасты,
Жиылып ез алдына құрды басты.
Қан төкпей қолдан бала бермейміз деп,
Анттасып, басын қосып, қол алысты.
Еңбекші ел би-болыспен бөлді жігін,
Ер шықты арқалайтын елдің жүгін.
Қасқайып «ақ патшаға» қарсы тұрды,
Шығарып ақ сауыттан кекті түгін.
Қордайдан Әли шықты ат ойнатып,
Жалынды жас жүрегін кек қайнатып.
Соңынан ерді елдің бозбаласы,
Жауынан кек алуға оң бойлатып.
Халыққа қардан суық қайғы жауды,
Қара бұлт алды торлап Алатауды,
Үрпиіп, үрейленіп үріккен ел-жұрт
Қонысын тастап көшіп, бетіне ауды.
Шақырған жандаралдан хабар келді,
Би, болыс, ауылнайлар сонда жүрді.
Арасын он сегіз бен отыз бірдің,
Тізімдеп береміз деп басты мөрді.
Бермек боп елден солдат қайтып келді,
Жарлығын жандаралдың айтып келді.
Әр болыс өз қоластын жинап алып,
Қамқорсып түсіндірді қалың елді.
Қалың ел қарсы болды ере тұрып,
Бермейміз баламызды тірі отырып.
Тізімді мөріменен тартып алып,
Жіберді болысының өзін ұрып.
Жұлынып Әли шықты тізімді алып,
Өртеді өз қолымен отқа салып.
Гуілдеп жөңкілген жас ерді Әлиге,
Батырдың, батылдығы жанға жағып.
Әлқожа түрекелді мұны көріп,
Әлиді құшақтады қолын беріп.
Жалаңаш қанжарының жүзін сүйді,
Болам деп өлгенімше саған серік.
Ер Әли ертіп алды өңшең жасты,
Тобына талай көкжал араласты.
Ән шырқап, өлең айтып, думандатып,
Мен - дағы ел жолына қойдым басты.
Болысы ЬІрғайтының Бәймен деген,
Ұлық көрсе өлердей мәймеңдеген.
Көрген соң елдің бетін, ер құдіретін,
Қояндай жатты бұғып шықпай үйден.
Қордайдан екі ер шықты үзеңгілес,
Ар-намыс, адамдықтан алмақ үлес.
Нүсіпбай, Әлжанменен қолды бастап,
Әлиге қосылды олар боп тілектес.
Нүсіпбай ер атанған он сегізде,
Жайылған оның даңқы Ұлы жүзге;
Атақты батыр екен арғы атасы,
Әр елде аңыз болған о бір кезде.
Кісі екен қошқар тұмсық, қара торы,
Ерліктің маңдайынан түскен жолы.
Оралған құлағына қара мұрты,
Қақпақ жаурын,
қажымас дене зоры.
Жүрегі қайтар емес атқан оқтан,
Оқшау шығып тұрады қалың топтан.
Әлидің ақылшысы осы болды,
Сөзі ыстық жастарға жанған шоқтан.
Бұрыннан ұлыққа өш екеуі де,
Қарсыласып, жүрмеген жетегіне,
Жазықсыз талайларды қырсібір ғып,
Айдағаны кетпейтін көкейінде.
Көп халық атқа мінді тісін қайрап,
Кекті ашу, зығырданы ішін жайлап.
Қолдан соғып құралын дайындады,
Бес қаруын беліне алды байлап.
Жаратып бір-бір атын мініп алды,
Қарына айбалтасын іліп алды.
Мойнында кейбірінің қосауыз бар,
Азығын белбеуіне түйіп алды.
Би-болыс батып елге қарамады,
Беттесіп сөйлесуге жарамады.
Самсаған сарбаздарды көргеннен соң,
Бойына ішкен асы тарамады.
Жасырын хабар берді жандаралға,
«Әскер бер,— деді,— елді араларға.
Жиналып, өңшең бұзық сайлануда,
Оларға қарсы тұрар шара бар ма?»
Жауабын жандаралдың алғанынша,
Күшпенен елді жөнге салғанынша.
Қопада бес болыс ел басын қосты,
Соғыспақ қасық қаны қалғанынша.
Кетіпті болыс - билер тауға қашып,
Ел-жұртпен жұмысы жоқ өңшең пасық,
Қолдарына түссе егер момын шаруа,
Бауыздайды зұлымдар қанын шашып.
Өлтірдік приставты жер шенеген,
Почтаны талап алдық жасырып келген.
Бай мен болыс түспеді қолға тіпті,
Із кесіп іздесек те ылди - өрден.
Қаладан отряд шыққан хабар келді,
Қырып-жойып келед дейді жолдағы елді.
Сайланып сарбаздар да сапқа тұрды,
Тайсалмай тәуекелге буып белді.
Қолқамыста кездестік отрядпен,
Бұршақтай оқ жауғызды зеңбіректен.
Дүрбіменен шолады жердің бетін,
Күштері до кем емес құдіреттен.
Қараңғы ел қайдан білсін соғыс жайын,
Ажал ойнап алдында, басты уайым.
«Шешінген судан таймас» дегендейін,
Өршеленіп ұмтылад өлген сайын.
Офицер айдаһардан ысқырады,
Шыдатпай баудай орып тықсырады.
Патшаға қарсы жанды қырамыз деп,
Басынып момын елді күш қылады.
Сарбаздар шегінісе салды ұрыс,
Жосадай жердің беті болды қырыс.
Зіркілдеп зеңбірегі шыдатпады,
Соғысты қайрап ерлер, алмай тыныс.
Сол кезде отыз екіде еді жасым,
Патшаның күш - құралы болды басым.
«Қайран ел», «Аттан!» деген ән шығарып,
Тербеттім зарлы үніммен таудың тасып...
Тентек уйез тепсініп,
Әскермен шықты далаға.
Тым - ақ суыт жүрісі,
Қонбастан келед араға.
Қатуланып кәр қылды,
Қатын менен балаға:
— Қазақ егер, көрінсе,
Қыра бер, жанға санама.
Басын кес те, қанын төк,
Ақ патшадан садаға.
Көтере алмай тойғанын,
Жармасты келіп жағаға,—
Деп бұйырды солдатқа,
Айтқаны болмай қала ма...
Уйез келед дегеннен,
Ел жөңкіліп сабылды.
Талай ауыл иесіз қап,
Талай түндік жабылды.
Төре жүрген жерінен
Талай өлік табылды.
Білмеймін деген Әлиді,
Талай бастар шабылды.
Талай ару мазақ боп,
Ыстық қанын жамылды.
Тау мен тасқа тығылып,
Жұрт шұбырып ағылған.
Ұл атадан айрылып,
Ми далада қаңғырған.
Азан-қазан мал шулап,
Меңіреу дала жаңғырған.
Жұртта қалған ит үріп,
О да өзінше зар қылған.
Құйындайын бұрқылдап,
Жүрген жерін шаң қылған.
Кез келгенді дүрелеп,
Әуре-сарсаң даң қылған.
Тентек уйез жолдағы,
Елді шауып талады.
Тұрпанға қарап түріле
Қырғыз қашып барады.
Елден, жерден безініп,
Шөлге қашып шұбырып,
Өрдегі ұл үрікті,
Тау қойнауын қыдырып.
Бет-бетімен шұбады,
Паналарға жер таппай
Кемпір-шалдар жылады,
Кірерге тірі көр таппай
Жаннан халық түңілді,
Жан саялар жер таппай.
Бес болыс елді ерітіп,
Әлидің қолы бөлінді.
Түйелері қомдаулы,
Көшкен елдей секілді,
Мылтықтары оқтаулы,
Найзалары саптаулы,
Хантауы мен Бестамад,
Паналаған жер еді.
Бергі жағы Қызылдұм,
Арғы беті шөл еді.
Шөбі сортаң, суы ащы,
Түйеден басқа төзе алмайд,
Отряд келмес ден еді.
Ұлыққа сенген би-болыс
Қалың елге ермеді.
Тентек уйез алдында
Жүгірумен терледі.
Қол бастаған ерлерді
Жамандап, даттап жерледі.
Отрядқа басшы боп
Сай-саланы өрледі.
Сұлтан мен Бәймен болыстар,
Әлиді ұстап бермекке,
Қызығын көзбен көрмекке,
Аңсыраған бөрідей,
Жапанды кезіп кел деді.
Бәймен менен Әжібай,
Азаптап, ұрын, өлтіріп.
Қашқан елді жинамақ.
Көнгендерін көндіріп,
Көнбегенін қинамақ.
Күлін көкке ұшырып,
Үстінен жәй түсіріп,
Өлігімен сыйламақ.
Би-болыстар бел алып,
Ел апшысын қуырды.
Азу тісі ақсиып,
Бұрқылдап жыны шұбырды.
Таппадың деп Әлиді,
Қолқасын елдің суырды.
Таба алмады Әлиді,
Елі қорғап айтпады,
Мекендеп сабаз жатып ед,
Жан бармас шатқал, тұғылды.
Ерлер шықты жалындап,
Әли батыр бастаған.
Тәуекел деп жөнелді,
Қиындықтан саспаған.
Құлжа басы тасына,
Мәтібұлақ қасына,
Қушоқының дөңіне
Бекініп меже ұстаған.
Қатпарлы адыр бер жақта,
Қордай тауы ар жақта,
Қу шоқыдан көрінер,
Қарасаң шығып жан-жаққа.
Әли батыр асықпай
Төскейге көзін салады.
Мойнындағы дүрбімен,
Алыстан шолып қарады.
Көлқамыста құжнаған,
Отрядті көзі шалады.
Айла - әдісін ойланып,
Көпке ақыл салады.
Түн көрпесін жамылып,
Ел қыстауына барады.
Иесіз жатқан көп малдың
Бәрін жинап алады.
Атан демей,
нар демей,
Айғыр демей, тай демей,
Астықты теңдеп салады.
Өздері көмген қамбадан
Керегін мол алады.
Үш жүз көлік ыңыранып,
Маймаңдап басып жөнеді.
Таудың қойнын бөктерлеп,
Жылғамен жылжып келеді.
Дәл жеті күн жол жүріп,
Ел қарасын көреді.
Ашыққан жұрт тойынып,
Батасын шулап береді.
Бес жүз әскер қол алып,
Қушоқыға бет қойып,
Әли тағы жөнеді.
Қушоқыға келгенде,
Алдынан хабар алады.
Әлидің ізін сезгендей,
Отряд іздеп барады.
Бәймен болыс басшысы,
Тапса ойран салады.
Мұны естіген Әли ер
Қанжардың жүзін жалады.
Бөгемекке жауларын,
Ақыл-айла табады,
Беске бөліп сарбазын,
Бос серігін бас қылып,
Жолын тосып отрядтің
Өзі жеке қалады.
Қырғызбай мен Әлқожа,
Жаудың алдын кеспекші.
Нүсіпбай мен Майсан ер,
Өкпе тұстан түспекші,
Қарсы барып Әли ер,
Уйездің көзін теспекші.
Қуа соғып соңынан,
Әлжан ұрмақ желкеден.
Жүз-жүзден алып серікті,
Жаланып ерлер желікті.
Халық үшін өлсе арман жоқ,
Ажалға болды ерікті.
Әли - сынды батырым,
Тортөбелге мініпті.
Бесатарын мойнына
Тәуекел деп іліпті.
Жұлдызы туса оңынан,
Салмақшы жауға бүлікті,
Тау текенің терісі
Тымағын баса киіпті.
Шыр айналып Тортөбел,
Елеңдеп құлақ түреді.
Араптан шыққан тұқымы,
Жау дыбысын біледі.
Шын бабына келгенде,
Тұяғы тасты тіледі.
Тауға шапса замғайтын,
Өрге салса өрлейтін,
Қияда аяғы таймайтын,
Үш күн шапса үздіксіз,
Сонда да жануар танбайтын,
Дөңге шығып аунайтын,
Көрмеген жан нанбайтын,
Тұяғы бар күректей,
Құйрығы бар жібектей,
Омыртқасы кетпендей,
Қабырғасы білектей,
Сернегі шұқыр қазандай.
Құлағы қиық құрақтай,
Көзі өткір шырақтай.
Екі елі майда жалы бар,
Бейіштегі пырақтай.
Сөз негізін бастайын,
Ат суретін ұзатпай.
Бір қыраттың басынан,
Қушоқының қасынан,
Солдаттар келед сатырдан,
Қару-жарақ жарқылдап,
Бәймен болыс алдында,
Әукесі түскен салпылдап.
Алыстан танып Әли ер,
Бесатарға оқ салды.
Айылын тартып атының,
«Бағымды аш деп» мінеді,
Жолбарыстай ақырып,
Қапыда жауға тиеді.
Ақырған даусын өсіріп,
Таудың құзы қаңқ етті.
Қарағай, қайың, жартастар,
Жаңғырығып шаңқ етті.
Безек қағып бесатар,
Үсті-үстіне сарт етті.
Бәймен болыс өкіріп,
Ат үстінен жалп етті.
Тұс-тұстан айқай шыққанда,
Жау шегініп жеңкіліп,
Бет алдына ол кетті.
Бар құралды ата алмай,
Дірілдеп буын, әл кетті.
Найзаменен шаншысып,
Балтаменен шабысып,
Шоқпарменен қағысып,
Талайларын көлбетті.
Аш бөрідей жаланып,
Әли батыр соғысты,
Үркер айға тоғысты,
Құмардан шықты сабазым,
Оққа ұшырып болысты.
Уйез қолға түспеді,
Оның да басын кесетін,
Танауынан тесетін.
Ел талаған зұлымның
Шашып қанын ішетін,
Күн төбеден ауғанда,
Жаудың тобын қашырды.
Балқаш көлін көбелеп,
Талай белден асырды.
Жау жүректі Әли ер
Жаудырды жауға жасылды.
Қолға түсіп жандарм,
Аяғына бас ұрды.
Соңынан қуған Әлжан ер,
Қолданды түрлі тәсілді.
Жандарм басы бұралып,
Иектен талға асылды.
Көп кедейдің кегі үшін
Тұрсын дедік асулы.

Жауды қуып тастап, тірі қалған сарбаздарын жинап, өлгендерін жерлеп болған соң, Әли батыр бала-шағасын іздемек болды. Қаладан енді жаңа отряд шыққанша оларды жинап алуына көпшілік те қосылды. Батыр жанына бұл кезде Сібірден қайта оралған Қырғызбайды алып жүріп кетті.

Жүріп кетті екі ер,
Бөлініп қолдан күн бата.
Қала берді бұлдырап,
Арттарында ақ жота.
Сағынып үйін жөнелді,
Жетейік деп таң ата.
Қасына ерді Қырғызбай,
Жөнелді ағып жұлдыздай.
Астындағы қос тұлпар,
Жұтынады құндыздай.
Дамылсыз жүріп түн бойы
Таң ата елге келеді.
Жұрты жатыр, үйі жоқ,
Әли батыр көреді.
Кез келген жанды тоқтатып,
Баласын сұрай береді.
Іштен шыққан жан бала,
Батырдың көңлін бөледі.
Аулын шауып отряд,
Аға, інісін, әйелін
Кеткенін айдап біледі.
Шырылдатып ұл-қызын,
Жөнеліпті бір бөлек,
Дегенде батыр жүдеді.
Ат басындай жүрегін,
Ұлы қайғы тіледі.
Қолынан түсті найзасы,
Үзілгендей білегі.
Батырдың түсіп еңсесі,
Қалыңдады қабағы,
Көмескі шықты дыбысы,
Қарлыққандай тамағы.
Айқара ернін тістеді,
Осы деп өмір сабағы.
Талауда кеткен мал-жаны,
Қайдан іздеп табады.
Аталық жаны елжіреп,
Көзінің жасы тамады.
Зығыры қайнап ішінде
Таңдайын тарс-тарс қағады.
Қамығып Әли тұрғанда,
Қырғызбай келді қасына.
— Қайратыңды жи, батыр,
Болған іске жасыма.
Ел үшін туған ерлердің
Не келмеген басына.
Қайғырғаннан пайда жоқ,
Бар көргенің осы ма?!
Әперсең теңдік ақталар,
Соңынан ерген досына.
Еңбегің еткен еш болмас,
«Ақ патшадан» құтқарып,
Жеңіс туын тіккенде,
Еңбекші елдің қосына.
Тұрмайық батыр, бекерге,
Көлқамысқа барайық.
Жауға жансыз жіберіп,
Бір хабарын алайық..
Қолда тұтқын жоқ па екен
Іш - сыртын байқап қарайық..
Тірі болса тұтқындар,
Босату жолын табайық.
Айтқаныңды екі қылмайды,
Бұл жақтағы халайық.
Тістенген бойы Әли ер,
Атына мінді тіл қатпай.
Түтігіп ерні кезерген,
Аш өзегі дым татпай.
Сергісін батыр дегендей,
Тортөбел басты ойнақтай.
Туған жермен қоштасып,
Күңіренді батыр кек сақтай,
Аузынан шыққан сөздері
Шарпыған жалын, бейне оттай:
«Қош, қайыр, қалдың иесіз, туған жерім,
Өсіп ем топырағыңа аунап сенің.
Айрылып қатын, бала, аға, ініден,
Ішіме сыймай барад қайғы-шерім.
Жүр екен әлдекімің тепкісінде,
Екі тал, екі түсті көбелегім.
Тас шайнап, мұзды жалап, ішім жанып,
Қорлықтың баса киіп кебенегін.
Шырылдап жауда кеткен қос құлыным,
Болдым - ау, обалыңа қалған сенің,
Алатау асқарында туып-өстім,
Тулаған бұлағыңның суын іштім.
Аға інім, алған жарым жау қолында,
Тұншығып тұманында зорлық күштің.
Жарлығы жау патшаның жалын тастап.
Тиегін бұрағандай кек пен өштің.
Халық үшін садаға деп шыбын жаным.
Болыстың басып кесіп, қанын іштім.
Ұлыған иттей болып қалдым жұртта,
Басыма ақыр заман бүгін түстің.
Кекті ашу кеудем толғап қайнап пісті,
Қоймадың өз еркіме ар-намысым.
Не жеңіп, ие өлермін, құн сұраусыз,
Басынып патша залым берді қысым.
Бар дейді Ленин деген бір данышпан,
Адамға қондыратын бақыт құсын.
Кетер ем соны іздеп жер бетінен,
Білмеймін жол мәнісін, күнің тұрсын.
Жақтайды жарлы табын деп естимін,
Жаратқан сондай ерге жолдас қылсын.
Жанары екі көздің қанға толып,
Уланып іші - баурым тілсім - тілсім.
Табалар дұшпандарым, досым күліп,
Басына түспеген жан қайдан білсін,
«Бауыр ет, емшектесім жау қолында,
Арман жоқ солар үшін жанды берсем»,
Деп батыр қамшы басты Тортөбелге,
Қорлыққа бастан асқан ер көнер ме.
Қасында Қырғызбайдай шын досы бар,
Бір сырлы, сегіз қырлы бар өнерге.
Салдыртып Көлқамысқа келді жетіп,
Аттарын тежей тартып текіретіп.
Жамылған түн көрпесін, ай сәулесін,
Мезгіл ед түн ортасы кеткен өтіп.
Алыстан қарағанда көз жіберіп,
Көрінед от жарығы жылт-жылт етіп.
Екі атты тал түбіне матастырып,
Еңбектеп екі батыр қалды кетіп.
Жақындап тың тыңдады құлақ түріп,
Кандек ит арба астында жатыр үріп,
Күзетші айналып.жүр аулақ жерден,
Мойнына көрер емес салсаң құрық.
Солдаттар ұйықтап жатыр пырдай болып,
Алаңсыз, білер емес кетсең қырып.
Шамасы жиырма - отыздан артық емес,
Қалаға басқалары кеткен жүріп.
Еңбектеп екі батыр шықты айналып,
Бөгеліп ақылдасып тұрды ойланып.
Күзетші жүрген жақты шолмақ енді,
Бекініп тәуекелге бел байланып.
Сақтанып, Қырғызбайды кейін тастап,
Әли ер кетті жалғыз,— неден саспақ.
Жақыннан ыңырсыған дыбыс шықты,
Осы түн секілденіп сырды ашпақ.
Еңбектеп, жер бауырлап келді жақын,
Ашулы ашынған ер, тым - ақ батыл.
Алдында ауыр қайғы дегендейін,
Сипайды маңдайынан түнгі салқын.
Жатқан жан жараланып Жапар екен,
Батырдың жалғыз інісі — емес бөтен.
Тастапты тікенектің арасына,
Салыпты аяқ-қолға болат кісен.
Бауырын көріп батыр төкті жасып,
Алдына ап, құшақтады сүйеп басын.
Аузына тақиямен су тамызды,
Дегендей ақырғы рет мейрің қансын.
Шықпаған шыбын жаннан үміті бар,
Тілге келіп алсам дейд анық хабар.
«Бауырым» деп басады бауырына,
Ыстық жаспен бұлдырап екі жанар.
Күн шыға Жапар бала көзін ашты,
Ағасын танығандай изеп басты.
Айқасып күрек тісі шақырлайды,
Сындырып шайнағандай қара тасты.
Түс ауа тілге келді есін жиып,
Шыдатпай іші-сырты бірдей күйіп.
Дененің жараланбай қалғаны жоқ,
Сауыс боп аққан қаны қалған ұйып:
— Ағамды атып кеткен көп солдаттар,
Әкеткен Күлипаны би-болыстар,
Төлеу мен жеңешемді жаяу айдап,
Пышақтап сізді тап деп мені қыстар.
Бәйменнің осы топта баласы бар,
Мал-мүлікке не боп қалды солар.
Күң қылып Күлипаның шашын кесіп,
Бөктерін ат артына салды олар.
Қош, аға, қолыңды бер, жоқпын енді.
Жазықсыз қос шырағым ерте сенді.
Жолында бостандықтың мен құрбанмын,
Жібермей зұлымдарға ал кегімді... —
Деді де Жапар бала көзін жұмды,
Иегін жалғыз қағып, жаны тынды.
Сүйегін Әли батыр арқалап ап,
Еңбектеп жылғаменен кейін жүрді.
Қырғызбай күтіп алды батыр досын,
Зор қайғы екеуіне болды тосын.
Арулап жерлеп болып Жапар жасты,
Торыды түн жамылып жаудың қосын.
Тап берді таңға жақын, тиді жауға,
Тәуекел қалқан болды омырауға.
Көзге қан, көкірегі кекке толған,
Батырдың қимылына шыдау бар ма?
«Өлсем құным сұраусыз елім үшін,
Төгілсе қан тергеусіз жерім үшін.
Өлексесін үйейін оба қылып,
Жастай өлген Жапардың кегі үшін». —
Деп Әли қамшы басты Тортөбелге,
Қырғызбай бір шетінен тиді түре:
Қасқырдай қойға шапқан салды ойран,
Уыстап шеңгеліне жауды бүре.
Алаңсыз жатқан жерден араласты,
Қапыда құлатқандай қара тасты.
Кіршілдеп қылыш пенен айбалталар,
Ұшырды кеудесінен талай басты.
Бір кезде Әли батыр жараланды,
Оқ тиіп оң қолынан төкті қанды.
Жөнелді Тортөбелдің жалын құшып,
Солдаттар оқ жаудырып қала барды.
Белгілі жерге келіп, түсті аттан,
Дірілдеп ат жалына қаны қатқан.
Кейінгі Қырғызбайды уайымдады,
Батырды ауыр қайғы басты батпан.
Жаралы Қырғызбай да келіп жетті.
Әлсіреп ат үстінен құлап кетті.
Денеге тоғыз жерден оқ тиіпті,
Ақ боз ат жан ұшырып алып жетті.
Ес жиып, жараларын жуып, байлап,
Шолды Әли көз жіберіп төңіректі.
Шоғырға баяулаған жолсызбенен,
Алыстан мұнарланған көзі жетті.
Бұл кім деп ойға қалды екі батыр,
Жау жүретін жол емес, келе жатыр.
Кім болса да тосайық осы жерден,
Ыңғайланып тұрайық қалмай қапыл.
Айтқанындай жолаушы түсті келіп,
Қынжылып қиналысты жайды біліп.
Елші екен батырларды іздеп шыққан.
Түн қатып, түсі қашып, тынбай жүріп.
Бұлармен екі батыр қайтпақ болды,
Қыс болды, кемпір-шал мен бала тоңды.
Алты ауыз, ала бақан елдің іші,
Деген соң екі ердің жүзі солды.
Ас ішіп, ат шалдырып алды бекіп,
Елге қарай бет қойды дүрілдетіп.
Ауыр азап, қайғы-шер көргендері,
Опасыз жалған дүние жатты өтіп.
Әли ер жараланған жолбарыстай,
Еліне аянышпен көзін тастай,
Қалдырмай жалғыз жанды жинап алып,
Жөнелді түйдегімен сөзді бастай.
— Халқым-ай, кәрі-жасың жазығың жоқ,
Тұрақты сүйенетін қазығың жоқ.
Армансыз алысатын жауыңменен,
Ат - көлік, қару-жарақ, азығың жоқ.
ЬІсқырып қыс келеді қылыш алып,
Жан-жағың жаланған жау даруланып.
Сар бала, қара қазан қамы үшін,
Қонысқа орнығыңдар қайтып барып.
Алты айдай дем алмадық тынышталып,
Күш келмеске зорланып тырыспалық.
Қаладан кісі келед ел жинауға,
Қайтыңдар, қонысыңа, ұрыспалық.
Жабыңдар бар кінаны маған ғана,
Сол бүлдірді елді деп жала жаба.
Кемпір-шал, бала-шаға жыламасын,
Солардың көз жасы үшін мен садаға.
Ташкеннен бір үлкені келед, дейді,
Аралап көшкен елді көред, дейді.
Жазықсыз қалың елді жараламай,
Жазықтының жазасын беред, дейді.
Сондықтан бүлдірмеңдер басқаларды,
Естідім қуанышты бір хабарды.
Бостандық әперетін бар адамға,
Жарқ етіп күн шығуға аз - ақ далды.
«Жеңіпті «ақ патшаны» Ленин батыр,
Болыпты залымдарға заман ақыр».
— Деген хабар барады өріс алып,
Бізге де көп кешікпей таң да атар.
Әлидің бұл айтқанын тыңдады елі,
Жіберді жасын төгіп біреулері.
Азаттың әперер деп ердің ері,
Лениннің атын естіп үміттенді.
Қырғызбай, Нүсіпбай мен Әлдожалар,
Әлжан, Майсаппенен шықты олар.
Әлиден қалмаймыз деп қамданысты,
Кім білсін іс адыры қандай болар...
Қойдай шулап қоштасты, нардай Создан,
Ұзақ жолға бет алды алты боздақ.
Большевикті іздемек жер бетінен,
Ер жүрегі шыдатпайды іштей қоздап.

Бұлар сол бетімен Алматыға келіп, қаланың шетіндегі Майсаптың жақынының үйіне бекінді. Үй иесі опасыздық қылып, бұлардың келгенін жандармға хабарлайды. Жандарм көп солдатпен келіп атыс салады. Нүсіпбай мен Майсап оққа ұшып, басқалары қолға түседі. Қолға түскендерді ұрып-соғып, абақтыға салады. Тұтқын болған батырлардың ісін

Павлов деген тергеуші жүргізеді. Ол большевик болады, жасырын ұйымды басқарады. Әлилердің ісін баяу жүргізіп соза береді.

Азуы қарыс Әли ер,
Абақтының төрінде.
Қызыл қан боп Қырғызбай,
Көнер емес өлімге.
Алып күшті Әлжан ер,
Басқа жан сенің теңің бе.
Ақылы кемел Әлқожа,
Тоқтау айтып деп қояд, —
Уайымға ерлер берілме!
Жата берді батырлар,
Іші-бауры егіліп,
Кісендеулі қол-аяқ,
Отты көздер телміріп.
Павлов деген тергеуші,
Алады жауап емініп.
Әли тілін тартпады,
Түссе де қолға жеңіліп.
Қайтар емес бетінен,
Тұрса да ажал көрініп.
Әли келді жауапқа
Екі көзі қызарып.
Екі жағы суалған,
Сақал, шашы ұзарып.
Кісендеулі қол-аяқ,
Ісіп кеткен бозарып,
Тесіле қарап тергеущі,
Сұрап отыр сазарып. —
Сөйле,— деді Әлиге, —
Көргеніңді айтып бер.
Ақ патшаға сен неге
Қарсы шықтың, арам тер?
Еліңді неге бүлдірдің,
Жетпеді ме саған жер.
Қолға түстің мінекей,
Жазаға енді шыдап көр!
Сонда Әли сөйледі,
Көмекейі бүлкілдеп.
Жасқануды білмейді,
Кетті батыр еркіндеп,
Патшадан көрген қорлығын,
Айта берді біртіндеп.
Ел жарасы ушықты,
Жарылғалы күлтілдеп...
Аруана туар лөктен,
Ақиық туар түлектен.
Тұлпар туар жүйріктен,
Сұңқар шығар үйректен.
Өтірік тіпті айтпаймын,
Оқ атсаң да жүректен.
Ленинді іздеп шығам деп,
Қармаққа түстім иектен.
Аңдыған жауым арс етіп,
Қаба түсті сүйектен.
Босанар елім күні ертең,
Басына түскен түнектен.
Алар жанды ала бер,
Қорқытпай-ақ білекпен.
Жан беруге ризамын,
Бостандық деген тілекпен.
Орнынан тұрып тергеуші,
Әлиге жақын келеді,
Шынжыр қиған жарасын
Қол-аяғын көреді.
Атпаймын да аспаймын,
Жатасың ұзақ деп еді.
Колодкасын алуға
Рұқсат қағаз береді.
Қасиетін Әлидің
Тергеуші де сезеді.
Абақтыда жатты олар,
Тұтқын тонын жамылын.
Істің соңы не болар,
Күте берді зарығын.
Большевикті,
қызылды,
Ел қолдады бағынын.
Ала - сапыран соғыста;
Бұлар да шықты жарқ етіп,
Қызыл жұлдыз тағынып.
Жарыққа шығып Әли ер,
Жарағын қайта асынды.
Партизан болған Павлов,
Тобына соның қосылды.
Қырғызбай, Әлжан, Әлқожа,
Түсірді жауға жасылды.
Өңшең көкжал бас қосып,
Жандаралды торыды.
Күн - күн сайын күтпейді,
Қызылдардың жорығы.
Қалаға кісі кіргізбей,
Жанталасып жандарм,
Жандаралды қорыды.
Інге кіріп шықпады,
Зұлымдықтың қорығы.
Бір күндері болғанда,
Астыртын хабар келеді.
Жүз солдатпен жандарал,
Қытайға қарай жүреді.
Мұны естіп батырлар,
Қаптай атқа мінеді.
Буырқанын, бұрқанын,
Қаруын бойға іледі.
Ат-тұрманын беріктен,
Тәуекелден жүреді.
Тау мен тасты көбелеп,
Ну орманға кіреді.
Батырлар жолды тосуда,
Арада етті бір жеті.
Ақтар жөңкіп қашуда,
Бұлардан өтіп көп кетті.
Көрінгенін жібермей,
Көкқұтандай келбетті.
Өшпендігі өршіген
Өр кеуде өңшең батырлар,
Арыстандай келбетті.
Павлов пенен Әли ер,
Ұйқы, күлкі кермеді.
Қабақтары қатулы,
Бел шешуді білмеді.
Тау мен тасты мекендеп,
Тағыдайын өрледі.
Күндердің күні болғанда
Дыбысы келді дүбірдің.
Таң салқынын жамылып,
Ақтар топтап шұбырды.
Ерлерге хабар беруге,
Шолушылар жүгірді.
Батырлар кезеп қаруын,
Аттанып жабыла жұмылды.
Алдыңғы тобын жіберді,
Көздерінен өткізіп,
Жиды бойға жігерді,
Шеңберіне жеткізіп.
Екінші топ келеді,
Сағындырған күткізіп.
Тал жамылып тасада,
Батырлар жатыр тістеніп,
Бойларында қан қызып.
Келе жатыр көп солдат,
Қара құстай қаптаған.
Көк күймені қоршап ап
Қаруларын саптаған.
Күймеден аузын шығарып,
Пулемет қойған баптаған.
Жандаралдай жауыздың
Осы күйме сияқты
Шыбын жанын сақтаған.
Екі жаны, алды-арты,
Самсаған солдат — сары қол.
Алдырар емес әккі жау,
Қару-жарақ, күші мол.
Батырлар жатыр сазарып,
Алдынан құрып қанды тор.
Бақыты ұшып төренің,
Түнергендей қалың сор.
Дәл тұсына келгенде,
Дауа бар ма мергенде,
Көк күймені көзге алып,
Қорамсаққа қол салып;
Басып-басып жіберді,
Жауырындары қозғалып.
Құлындағы даусы құраққа,
Шыңғырып аттар жөнелді.
Кек кернеген батырлар
Бір қызыққа кенелді.
Пулемет жатыр бұрқылдап,
Мылтық жатыр тарсылдап,
Күйме қалды шоңқиып,
Аттар қалды теңкиіп,
Үрейленіп уез тұр.
Жалтаң қағып жандар жүр,
Естері шығып селтиіп,
Күймені қоршап шулайды,
Сапырылысып жүгіріп.
Жайрағандай жандарал,
Қара құсы жұлынып.
— Кезеңді жерде кезеп қал,
Келгенде кезі кегіңді ал!
Санасып жаумен атыспай,
Қолқасына қолың сал! —
Деп Әли ер кезеді,
Тірідей жаннан безеді.
Оққа ұшырып уезді,
Аттың басын тежеді.
Бір сұмдықтың болғанын,
Батыр - дағы сезеді.
Павлов - сынды аяулы ер
Аттың жалын құшыпты.
Бас киімі ұшыпты.
Алтын шашын қан жуыл,
Мойын төмен түсіпті.
Мұны көрген Әлидің
Сірә де жаны төзер ме?
Тар кезеңде шын достар
Бір-бірінен безер ме?
Әли батыр жетіп кеп,
Атынан түсе қалады.
Ат үстінен көтеріп,
Алдына досын алады.
Өз жейдесін қақ айырып,
Дос жарасын таңады.
Кеудесі толып ашуға,
Көзі оттай жанады.
Кісі қойып қасына,
Сусын қойып басына,
Қайыра батыр салады.
Тұс-тұстан қаптап партизан,
Қаруды тартып алады.
Күйме ішінде қан болған
Көрді қатын-баланы.
Ордалы жылан ойран боп,
Құмарлары тарады.
Павлов, Әлжан бұлардан
Болды ауыр жаралы.
Отызға тарта кісі өлді,
Оларды жерлеп салады.
Қырғи тиген торғайдай,
Бас сауғалап солдаттар
Бетімен кетіп барады.

Жараланған Павлов пен Әлжанды теңге салып, бекіністеріне әкеліп бағады. Олар көп бейнет, ауыр азап тартып барып жазылады. Партизандардың шабуылы күшейе береді. Көп ұзамай қызылдар Алматы қаласын алады.

Бекініп, тау құзына жатты бұлар,
Бейнеттің тауқыметін тартты бұлар.
Ат арып, тоны тозып жүдесе де,
Қапысын жандаралдың тапты бұлар.
Дүңк етті өлгендігі жандаралдың,
Жері жоқ шашылмаған бұл хабардың,
Павлов пен Әли ердің даңқын естіп,
Демеген бір жан қалмад
«Ой, сабазым!»
Қаланы қызыл алып, туын тікті,
Иықтан түсіргендей ауыр жүкті.
Құл мен күң, кедейлерге теңдік деген
Дабысы жерді жарып, ұран шықты.
Селт етіп батырлар да шықты таудан,
Құтылып аяғынан алған жаудан.
Қуанып қарсы шықты қала халқы,
Иіскеп ата-анадай омыраудан.
Ішінен көпшіліктің бір жас жігіт
Келеді Әли ерге қарсы жүріп.
Әскерше киген киім белін қынап,
Қол алып сәлем берді әдеп қылып.
Әли ер сонда білді өз баласын,
Шыдамай төгіп жіберді көзден жасын.
Төлеуін бауырына қысып тұрып,
Сипады бір қолымен қара шашын.
Тұтқыннан қашып шығып Төлеу бала,
Қосылып партизанға кезген дала.
Ақ сүтін ақтамаққа анасының
Ақтарға соққы берді ойран сала.
Әйелі Әли ердің жаудан өлген,
Өлімін Төлеу бала көзбен көрген.
Әлидің жатқан жерін айтпадың деп,
Пышақтан ана төсін тілімдеген.
Күлипа жалғыз қызы жауда кеткен,
Шап болмай білем деген төңіректен.
Аға, іні, алған жары құрбан болып,
Батырдың іші - баурын елжіреткен.
Қалаға кірді бәрі ұбап-шұбап,
Біреу күліп, біреулер жатыр жылап.
Қаланың бастықтары жиылыс ашып,
Құттықтап батырларды алды сыйлап.
Лениннің суреті тұр жүрек сезген
Әли ер сонда ғана көрді көзбен.
Жеңістің туын сүйіп, тізе бүгіп,
Жасасын! — деді батыр жарқын жүзбен.
Әлидің уақиғасы тамам болды,
Осындай қилы-қилы заман болды.
Еңіреген ер еңбегін бағалайтын,
Лениндей асқан дана бабаң болды.
Солардың соңына ерді ұлы халық,
Даңқты, жеңісті ісі жерді жарып,
Жолынан партияның әділ не бар,
Ұрпағым, үйреніңдер үлгі алып.
Көнемін осыларды көзбен көрген,
Алпысқа шаш ағарып жасым келген.
Ұсынам сендерге арнап, өрендерім,
Қабыл ал, сыйлығымды менің берген.

Басқа да өлеңдері

Кененнің Нүрила мен Үмбеталыға айтқаны

  • 0
  • 0

Бір сөзге тиянақты болмай палуан,
Имендің бе ізденген өнерпаздан.
Неге састың сөзіңнен, неге адастың,
Қажығандай қайқаңдап Нұриладан?

Толық

Жамбылдың бала кезі

  • 0
  • 0

Ал, Жамбылға келейін,
Ақбөкендей желейін,
Домбырамды бұрайын,
Неге қарап тұрайын,

Толық

Тойға шашу

  • 0
  • 0

Ленин еңбекші елдің тынысындай,
Әлемнің шөлі қанған тұнық судай.
Жарығы Ильич шамының нұрға бөлеп,
Жайнатты жазғы самал жылысындай.

Толық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...