Өлең, жыр, ақындар

Көркемжан туғанда

  • 10.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1530
Отыр едім үй алды төбесінде,
Ән-күйдің мініп алып кемесіне.
Жарқ етіп Жамбыл өзі келіп қалды,
Болсашы келет деген тегі есімде!
Қарсы алдым сәлемдесіп, құшақтасып,
Қуанып «Киров» колхоз дабырласып.
Ауылдың ақсақалы, басшысы да
Шулады Жамбыл, Жамбыл,
Жамбылдасып!..
Үйіме Жамбыл келіп кеште түсті,
Ұмытпасам, дәл сағат бесте түсті.
Әуелі соны айтайын: шал келгенде
Баяғы бір әңгіме еске түсті.
Кез болғам Алматыда Жамбыл шалға,
Өлген жыл Базар, Назар... Амал бар ма!
Ішінде мал базардың бір топ адам
Құлақ сап отыр екен ақын салға.
Ақын сал ат, құнанға баға беріп,
Сәудегер сұйықтардан әбден жеріп,
Кеткелі отыр екен... жарқ еткені
Қайғыдан жүдеу тартқан мені көріп.
Ж а м б ы л:
Өзіңнің мойның қылқиып,
Атыңның бұты тыртиып,
Әжептәуір жігіт ең,
Қалған ба саған тіл тиіп?!
Ер жігіт десем, ез құсап,
Мойып қапсың сылқиып.
Қой, ойлама уайым,
Туарыңды ұрайын,
Тағы да табар жұбайың,
Түбін берсін құдайым.
...Өкпелеп қалып едім тымырайып,
Жамбылға, бұл несі деп қыңырайып.
— Дос жылатып айтады, қас күлдіріп, —
Деді Жамбыл,— саған нар қомы ылайық.
Сөйткен шал енді келді өркен жалғап,
Көрімдік беремін деп Көркемжанға.
Айнала үй іргесін түріп тастап,
Ел толған көзім салып көрсем маңға.
Ж а м б ы л:
Кененім, келіп қалдым қуанған соң, —
Тұйғының үйрек - қаз бен қу алған соң.
Келінжан,
бата берем,
қолыңды жай,
Құдайдан өлгеніңе құп алған соң:
Құтты болсын Көркемің,
Өсе берсін өркенің,
Кененнен тудым дейтіндей
Ұлы болсын өлкенің!
Жігіт болып жеткенше,
Бетін қақпа еркенің,
Өзі болсын өскенде
Қой бастайтын серкенің!
Ғашық етсін қыздарын
Қордай, Шу мен Меркенің.
Құрметіне сәбидің
Елім берді домбыра,
Екі күндей шертемін!
Өлең сөзге Кененді
Қызық тойда қыздырып,
Қаз дауысын сыздырып,
Өз соңымнан ертемін.
Әлі тойды бастаймын,
Аман болса,
балалар,
Бүгінім мен ертеңім!»
Айтқанындай екі күн тойды ұзарттым,
Жинап алып барлығын жас пен қарттың,
Ат-шапан оз алдына... сонда атаға
Өлеңмен жүрегімді сыйға тарттым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үмбеталы дүние салғанда

  • 0
  • 0

Мен келдім Қордай аудан Кировіне,
Ақынның ішіндегі жүйрігіне.
Үмбеталы екеуің тең, өсіп ең,
Көп тұрмын Үмбет жайын білдіруге.

Толық

Ұзынағаштағы өстепке

  • 0
  • 0

Үкімет орнаған кез табан тіреп,
Кедейлер ұйымдасып қосты тілек.
Құлақ пен бай, манаптың жер-суына
Есеп боп, еңбек етті күшті білек.

Толық

Сарбарпы

  • 0
  • 0

Сарбарпы сай - сайды өрлеп қанат қағып,
Безілдеп жоғары - төмен сумен ағып.
Майысып су бетіне тиіп төнген,
Ағаштың бұтағына ұя салып.

Толық

Қарап көріңіз