Өлең, жыр, ақындар

Күйігің кетті, балам, өртеп ішті

  • 20.04.2019
  • 0
  • 0
  • 4643
(Әбділғазиз есімді ортаншы баласы өлгенде)

Күйігің кетті, балам, өртеп ішті,
Қаусата қабырғамды қатаң қысты!
Сабыр етіп соңын мұның сұрамасақ,
Шара не Саттар Хаққа үкімі күшті?!
Қой, кеулім, қапаланба, қалпыңа түс,
Көрмеген кім бар дейсің өкінішті?
Біткен соң бітулі өмір, бір сен емес,
Не бекзат тұйғын мысал торға түсті.
Болған соң әзәл тағдыр, әмір еслай,
Жанға жай болған емес жердің үсті.
Болар да Алла артынды абат етсе,
Еңдігі өркендетіп қалған үшті.
Артыңнан ата-анаң да барып қалар,
Бітірген мезгіліңде мұндағы істі.
Ұжмақтан өзіңе онда орын беріп,
Ойнатқай үрлерменен гауһар тісті.
Күнінде қияметтің қарсы шығып,
Қуантып, қолдағайсың жақын қышты.
Жылқы жыл, жиырма бесте, айт айының
Ақырында ажал жетіп, алмақ пісті.
Қайғырып халқың, қалқам, қалды тегіс,
Ұшырып өзіңе ұқшас қыран құсты.
Болған соң ақыры осы әркімнің де,
Бұзудың керегі жоқ бұған түсті.
* * *
Қарағым, қалқам, Азизжан,
Жолдас болсын иманың!
Қонбады бірі, қайтейін,
Еткен ем, дәрі илаждың.
Өмірің ұзақ болғанда,
Біз едік — сенің мейманың!
Бағатын түрің бар еді,
Ата-ананың, қалайда,
Маңдайына сыймадың.
Жиырма бес жасқа жеткенше,
Шаруаңа шақ тұрып,
Қол қусырып, сыйладың.
Айт айының ақырында
Ақыретке аттанып,
Шылбырдың ұшын жинадың!
Бағыңнан ұшып беймезгіл,
Тарттырып қайғы, қапанды,
Еңіретіп бізді қинадың!
Шақналық шамдай ең,
Оғы тиіп өлімнің,
Қапияда қирадың!
Арасаттың күнінде,
Алдымнан шықсаң, арман не —
Андай болып дидарың!
Ұжмақтағы орныңа,
"Бері жүр!" - деп, бастасаң,
Ұшынан ұстап бұйданың.
Шамадан тыс шат болып,
Ашуы сонда тарқар еді,
Өкшеге кірген сиданың!
1930



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

"Бар" мен "Жоқ", "Ал" менен "Бер"

  • 0
  • 0

"Бар" мен "Жоқ", "Ал" менен "Бер" бірге туған,
"Ал" мен "Бар" ажал жетіп өлген удан.
"Жоқ" пен "Бер" жұрт біткенді жүр аралап
Жанына жолдас ертіп ылғи қудан.

Толық

Сейдахметке

  • 0
  • 0

Кеңес тұр кеше күндіз күтіп көпті,
Жер түгіл, көрсетеді ұшып көкті.
Ерлердің өзі түгіл түзде ұрпағы,
Шұбар төс шынжыр қатар ата-текті.

Толық

Бәйбішесіне

  • 0
  • 0

Бәйбішем бұл уақытта қартаң ашты,
Болғанмен бұрын жуас, тарпаң ашты.
Ізденіп ертелі, кеш енді жүрмін,
Сұлуды сипалайтын арқа, басты.

Толық

Қарап көріңіз