Өлең, жыр, ақындар

Қос үй

  • 19.04.2015
  • 1
  • 1
  • 26216
Сырлы үй сегіз қанат қоса тіккен,
Жинапты қазынаны биік жүктен.
Ең арты кесе, аяқ та алтын-күміс,
Таңғалдым: мұнша байлық қалай біткен!

Бір келген жолаушыға қиыр шеттен,
Көрсетіп қазынасын мақтан еткен.
Жиналған бір орынға топас күшпен —
Момынның жасы шығар сығып төккен.

Байлыққа азулылар күшпен жеткен,
Аямай байлық үшін арын төккен.
Кедейдің маңдай тері, табан ақы,
Бақ емес, қыдыр емес дарып біткен.

Құралған ондай байлық арам дерттен
Бейнетсіз рахат болып түскен тектен.
Әлсіздің адал малын тартып алып,
Дейді екен: «құдай бізге нәсіп еткең».

Не үшін кім берді екен шенді шекпен,
Қандайлық қызметі үшін халыққа еткен?
Еңбегін момын елдің күшпен талап,
У үшін алған шығар елге сепкен.

Байлық пен дүниені қылғаң мақтан,
Сол үшін падишаға елді сатқан.
Бар байлығы жинаған көздің жасы,
Еңбекпен бір малы жоқ терлеп тапқан.

Кемдік жоқ онда енді мал мен бақтан,
Толықсып төрт құбыла шалқып жатқан.
Неғұрлы бақ пен дәулет артқан сайын,
Соғұрлы уландыра елді шаққан,

Сары жез — ит қарғысын шен деп таққан,
Ел сатқан, пара берген — сөйтіп жаққан.
Қозғалып дүлей дауыл топандатса,
Болмассың жаққа құрлы қалқып аққан.

* * *

Қызы бар жалғыз үйде жеке жатқан,
Он сомдық ылғи алтын шолпы таққан.
Білімсіз көп наданның бірі бұ да,
Несі артық бояп қойған қуыршақтан?

Қыздық да күтушісі бір талай жан,
Көркі жоқ көрген кісі қалатын таң.
Күтінген күнге тимей бояма бет,
Тәкаппар, доғал сөзді, мінезі паң.

Сол қыздан басқа ұл жоқ тұқым болар,
Ие жоқ бақ-дәулетін ұстап тұрар.
Десе де қанша балам — қыз-жолаушы,
Қашан кетер, кім білсін, қайда қонар.

Ерке қыз неше жылдай бай таңдады,
Омбы, Семей арасын сайқалдады.
Көңіл сүйіп кездескен кейбір жастар,
Азулы атасына айта алмады.

«Аламын, құшамын» деп қызыққан көп,
Шал өлсе малына ие болалық деп.
Мал менен жасау болса болды оларға,
Білім менен саналы ой неге керек!

Сол қызға өткен жылы Асыл келді,
Қазақтан «зор оқыған» масыл келді.
«Бүкіл қазақ тағдыры өз қолымда»,—
Деп еді, қыз да көніп басын берді.

Қыз қандай, жігіт қандай теңін тапқан,
Дәріптеп қалың елге қылған мақтан.
Бұлардың бар жұмысы — түске дейін
Ақ үйде құшақтасып ұйықтап жатқан.

Бесінде ұйқы қанып тұрар зорға.
Таранып, күнде жаңа киер торқа.
Қолынан іс боп өнер еш нәрсе жоқ,
Сөзбенен барлық тағдыр осы қолда.

Бұл-дағы бір масыл ғой кедей сорға,
Тек қана байлар үшін жайлы жорға.
Құлқынның құлы болып ардан безген,
«Халқым» деген басшының ісі сол ма?!

Сондайлық «зор» күйеуге қолын артып,
Қақпас шал мақтанады тасып-шалқып.
Сорпаға шығарлары солар болса,
Мен оны құяр едім итке қалқып.



Пікірлер (1)

Нұрила

Мақал ма бұл өзі

Пікір қалдырыңыз

Бұл памятым, ал еске

  • 1
  • 0

Бұл памятым, ал еске:
Жүрегім сізден көшпеске,
Достық жібін шешпеске,
Күннің нұры сөнгенше,

Толық

Сымбатты сұлуға

  • 2
  • 0

Сүйдірген сені маған қыли көзің,
Томардай кедір-бұдыр топас сөзің.
Құбыжық қорсылдаған мінездерің,
Арман жоқ пида болсам саған өзім.

Толық

Дін

  • 1
  • 4

Дін деген — өтірікке нану деген,
Көңілге өнбес қиял алу деген.
Қиямет күн ғарасат майданына
Өлген адам тіріліп бару деген.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар