Өлең, жыр, ақындар

Қызы бар жалғыз үйде жеке жатқан

  • 19.04.2015
  • 1
  • 0
  • 18176
Қызы бар жалғыз үйде жеке жатқан,
Он сомдық ылғи алтын шолпы таққан.
Білімсіз көп наданның бірі бұ да,
Несі артық бояп койған қуыршақтан?

Қыздың да күтушісі бір талай жан,
Көркі жоқ көрген кісі калатын таң.
Күтінген күнге тимей бояма бет,
Тәкаппар, доғал сөзді, мінезі паң.

Сол қыздан басқа ұл жоқ тұқым болар,
Ие жоқ бақ-дәулетін ұстап тұрар.
Десе де қанша балам — қыз-жолаушы,
Қашан кетер, кім білсін, қайда қонар.

Ерке қыз неше жылдай бай таңдады,
Омбы, Семей арасын сайқалдады.
Көңіл сүйіп кездескен кейбір жастар,
Азулы атасына айта алмады.

«Аламын, құшамын» деп кызыққан көп,
Шал өлсе малына ие болалық деп.
Мал менен жасау болса болды оларға,
Білім менен саналы ой неге керек!

Сол қызға өткен жылы Асыл келді,
Казақтан «зор оқыған» масыл келді.
«Бүкіл казақ тағдыры өз қолымда»,—
Деп еді, қыз да көніп басын берді.

Қыз қандай жігіт кандай теңін тапқан,
Дәріптеп қалың елге қылған мақтан.
Бұлардың бар жұмысы — түске дейін
Ақ үйде құшақтасып ұйықтап жатқан.

Бесінде ұйқы қанып тұрар зорға.
Таранып, күнде жаңа киер торқа.
Қолынан іс боп өнер еш нәрсе жоқ
Сөзбенен барлық тағдыр осы қолда.

Бұл-дағы бір масыл ғой кедей сорға,
Тек қана байлар үшін жайлы жорға.
Құлқынның құлы болып ардан безген,
«Халқым» деген басшының ісі сол ма?!

Сондайлық «зор» күйеуге қолын артып,
Қақпас шал мактанады тасып-шалқып.
Сорпаға шығарлары солар болса,
Мен оны құяр едім итке қалқып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дін

  • 1
  • 4

Дін деген — өтірікке нану деген,
Көңілге өнбес қиял алу деген.
Қиямет күн ғарасат майданына
Өлген адам тіріліп бару деген.

Толық

Өмірді үзіп алуы

  • 1
  • 1

Өмірді үзіп алуы,
Қараңғы көрге салуы.
Мың жасасаң да көңілде,
Сөзсіз, арман қалуы.

Толық

Жылы кеш

  • 1
  • 0

Жазғы кеш, жарық айлы, қоңыр самал,
Рахат таза ауасын жұтқанда бал.
Сұлу жұлдыз жымыңдап шақырғандай
Көрікті нұр сәулеме «өзіңді сал.

Толық

Қарап көріңіз