Өлең, жыр, ақындар

Мұхаммет пайғамбар туралы хикая

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2625
Мұхаммет атты Мұрсалың,
Жас қалды ата-анадан.
Жабыр, жапа көп көріл,
Айлады раһлат панадан.
Тілегін тілеп үмбеттің,
Тынбады тілі бір сағат,
Таспиһ, Таһіл, санадан.
Недей көрген меһнаты,
Нұсқа болып қалынды,
Бұрынғы өткен данадан.
Кәпірден қашып қанша жыл,
Табандарын тас қағып,
Башпайлары қанаған.
Ықырар болып пазылына,
Қосшылыққа сол күнде,
Хахаптың ұлы жараған.
– Бұл бұзық елді бұзар, – деп,
Өлтірмекке ой қылып,
Әбужәһіл арнайы,
Көпірлермен қираған.
"Бір жәдігөй Мәккадан,
Шықты" – деген ақпарат,
Әр тарапқа тараған.
Осыдан қорқып Сәруар,
Әбубәкір Сыдықпен,
Қашып барып тығылды,
Бір үңгір тауып һұрадан.
Ішіне кіріп Әл Әзірет,
Ұйықтап қалды битап боп,
Тікен кіріп, тас қаққан,
Тәніндегі жарадан.
Жылан, шаян көбінен,
Қауіп етіп араб елдері,
Жүрмес еді осы арадан.
– Сыдық, жылан шағар, – деп, һақ
Хәбибі Нәбиді,
Күзетуді қалаған.
Жан-жағына қаранып,
Ал үңгірде болатын,
Жыланның інін санаған.
Қымбат баһа үстінде,
Шекпені бар еді Сыдықтың,
Тіктіріп киген жаңадан.
Сөгіп сондай шекпенді,
Әр жыланның жатағын,
Тығын қылып бекітті,
Бір жапырақ парадан.
Бір жыланның ініне,
Шүберек жетпей қалған соң,
Табанын қойып қадаған.
Сондағы жылан шыдамай,
Һазірет Сыдық пазылдың,
Аяғын тістеп талаған.
Көзінен жасы мөлдіреп,
– Я, Расулі, жылан шақты, – деп,
Пайғамбарды оятты,
Кетейін, әй, садағаң.
Мүбәрак басын көтеріп,
– Ешнәрсе етпес, достым, – деп,
Шаққан жерін жыланның,
Тіліменен жалаған.
Сәһат тауып аяғы,
Сол сағатта тарқады,
Ашытқан зәрі манадан.
Пайғамбар дұға қылған соң,
Осы шаққан жыланның,
Тілдері болды абадан.
Уәзір қылып, бас ұрып,
Деді: – Ая, Расулым,
Исаның уақыты ед заманым.
Сол Исадан өміріме,
Көрмекке Сізді дұға алдым,
Қатыным жоқ, я балам.
Сонан бері осында,
Күтумен күн-түн жатырмын,
Айырылып ата-бабадан.
Өзімнен басқа бұл күнде,
Еш нәсілім қалған жоқ,
Қасымда бала-шағадан.
Шыдай алмай, шағып ем,
Аяғын осы Сыдықтың.
Асқансың ышқым қанадан,
Кінәмді осы кешіріп,
Үмбеттікке қабыл қыл,
– Деп бейшара зар жылап,
Басын тасқа сабаған.
Апу етіп айыбын,
Қалиманы үйретіп,
Үмбет қылдым мақшарда,
Боларсың,– дейді, – дар аман.
Қуанып жылан, әһі ұрып,
Жанын Хаққа тапсырды,
Дүниядан айлап аламан.
Мұхамбетті тапқанға,
Жүз қызыл нар бермекке,
Айтысып уағда, ант ішті,
Меккедегі бар адам.
Бұл хабарды есітіп,
– Мен табам, – деп, – ол жоқты,
Бір ізші келді сарадан.
Басшы қылып осыны,
– Кетті, – деп, – қайда кәпірлер?
Із кестірді даладан.
Ізін тастан шығарып,
Бастай ала жөнелді,
Бұларды ертіп қаладан.
Тіп-тіке һұра тауының,
Үңгіріне апарып,
– Табылар,– дейді, – бұл бетпақ,
Мұхамбет осы шамадан.
– Осыған кірген шығар,– деп,
Қылыштарын қолға алып,
Айнала ауызын қамаған.
Осы үңгірдің аузына,
Бір өрмекші тор тоқып,
Шатастырып, жамаған.
Бір көгершін бұл жерге,
Ұя салып және де,
Екі, үш күн жұмыртқалаған.
Мұхамбет кірсе осыған,
– Бұзылмас па еді бұлар, – деп,
Сенбеді бұлар анаған.
Сол жерден кейін тарқады,
Ертіп келген ізшінің,
Балшыға сөзін балаған.
– Асыққа, Сәруар, сабыр қыл,
Жетерсің, – дейді, – мақсұтқа,
– Жебірейлі келіп самадан.
Жинап алып қауымыңды,
Мәдинаға қаш, – дейді,
Бұл Мекке мұғазамадан.
Қауіп-қатер көп еді-ау,
Сақтаса, тіпте, бәле жоқ,
Құдірет Тәңірі тағалам.
Ол ерлер де осындай,
Машақатты көрсе де,
Сабыр айлап ақыры,
Дүниені алған ва-тамам.
Біз — ақымақтар, зәредей,
Машақат көрсек мұңая,
Жер бауырлап құлаймыз,
Өгізшедей жатаған.
Алла назар салмаса,
Қаңғалап жүрміз қаңбақша,
Аша алмай көзді қатадан.
"Көп тілеуі — көл" деген,
Тыңдаушылардан тілегім,
– Қалдырмас, – деп, қалайда,
Тұрекеңді алғыс, батадан.

1900



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүсіпбайға

  • 0
  • 0

Қадірден хат жолдадым Жүсіпбайға,
Ер едің ойы терең, тілі майда.
Сонда да себебі не, сөйлеші өзің,
Қинадың: "Қиял жаз!" - деп қысаң жайда?

Толық

Шағала мен тасбақа

  • 0
  • 0

Бетінде айдын көлдің асыр салып,
Жүруші ед бір шағала аулап балық.
Қайраты — қолтықтағы қос қанаты,
Сермесе, желдей зулап, судай ағып.

Толық

Өнер өткелдері

  • 0
  • 0

Атаның, әуелінде, белінде еттің,
Екінші, ана қарны теңінде еттің.
Тоғыз ай, тоғыз сағат, тоғыз күнде
Қадірлеп құдіретіңмен шегіндеттің.

Толық

Қарап көріңіз