Өлең, жыр, ақындар

Есер мен есті

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1609
(Түрік хикаясы)

Бар еді баябанда бір бай түрік,
Жинаған жұрт таңырқар мал мен мүлік.
Болғанмен сондайынша салтанатты,
Тұрар ма түпкілікті түспей бүлік?
Қартайып, қара шашы қардай болып,
Жүруге жарамайтын болды жілік.
Бойында бара-бара қуат қалмай,
Көзден нұр, кеуілінен кетті білік.
Күрілдеп көкірегі күннен-күнге,
Табылды табиғаттан тағы да ілік.
Келмеске көзді жұмып көшті ақыр,
Санаулы сарқылып дем, бітіп сүрік.
Тамаша талай жылғы сүрген дәуір,
Сияқты болып қалды өп-өтірік.
Бар еді екі ұлы, үй салдырды,
Үстіне жұмсап малды неше түлік.
Ұзамай екі мырза еншілесті,
Басына ерік тиіп, белді шешті.
Туғанмен о басында бір атадан,
Кішісі үлкенінен еді есті.
– Атамдай айдалада өлмейін, – деп,
Қалаға қасындағы тұра көшті.
Кешікпей көп малымен келіп жетті,
Екі-үш күн тікті-дағы жолға қосты.
Солардың сатты бәрін қалдырмастан,
Қойды да сауындығын төртті-бесті.
Салдырды сарай мен жай, бау мен шарбақ,
Жалға алып жігіттерді небір күшті.
Орындап ойына алған жұмыстарын,
Шарапты шалқасынан жатып ішті.
Ағасы бір күндері базарлап кеп,
Көрді де бұлай деді, қайрап тісті:
– Жүретін малдарыңды жерді шарлап,
Саттырып, салдырыпсың сарай, шарбақ.
Жан-жаққа жаза қылса жібермейтін,
Бұларың етегіңнен ілер қармақ.
"Алланың добы, – деген, – адам басы",
Бір жаққа дүз-дәм айдап болсаң бармақ,
Еш бірін артып-тартып жүре алмайсың,
Жеккенмен арбаға өгіз неше парлап.
Өкініп өз-өзіңнен сол уақытта,
Тартарсың қайғы-қасірет, "гөй-гөй" сарнап.
Бір пұлдық пайда таппай бұларыңнан,
Кетерсің ылажың жоқ жылап-зарлап.
Қаласың қалайда да құр алақан,
Отырып ойлағанда байқап, барлап.
Ізіңе еріп мүлкін жүретұғын,
Жұмысты көрсетейін көзіне арнап!
Деді де, бір кемені сатып алды,
– Өзіммен жүргізем,– деп, – мүлік-малды.
Теңізге түсірді де түбі терең,
Парыжға байлаттырды ескек талды.
Қалдырмай қазынасын қанша жиған,
Ішіне алдырды да оны салды.
Шамасы шөккен нардың шоқшақтай,
Үстіне орнатқандай болды жалды.
– Қайығың қалайда да қарық болады! – деп,
Жаны ашып жан-жағынан жұрт жиналды.
Тыңдамай айтқандарын: "Ал, жүргіз!" – деп,
Қышқырып қайықшыға, керней шалды.
Бармай-ақ есік пенен төрдей жерге,
Шым батып сол бойынша кетіп қалды.
Інісі бірге туған былай тұрсын,
Бұл қылған қылуасына халық ұялды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түрмеде, жатып түрмедегілерге айтқаны

  • 0
  • 0

Пірмахан, болдың маған жар мен достай,
Көңілімді тұрған сайын, тұрдың қоштай.
Көркейіп көрсем сені, қалады көңілім,
Халқы үшін қазынадан шыққан қостай.

Толық

Сүлеймен мен кірпікшешен

  • 0
  • 0

Ісі жоқ, кең ойлының кеңеспенен,
Кең ойлы: "Кеңес шығар, – демес, – менен"
Білсе де, былайғыдан білім сұрап,
Өзімен үзеңгісін теңеспеген.

Толық

Айышқа

  • 0
  • 0

Ақылым айтатұғын келін Айыш,
Құрметтеп қатарыңды талдай майыс.
Ақылы ажарымен тең болмаған,
Әйелдер аңлауымда илі қайыс.

Толық

Қарап көріңіз