Өлең, жыр, ақындар

Іскендір хикаясы

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1520
Бектерім "Сөйле!" дедің мәжіліс құрып,
Мәжіліс мысалында — алтын тұлып.
Олжаға ойдағы жоқ ұшырасып,
Жүрегім етіп отыр "дүріп-дүріп".
Төгіңдер Тәңір берді, тап ортаға,
Болмайық басқаға алаң басты бұрып.
Тарқасу табылғанды тең бөліп ап,
Қашаннан халық ішінде қалған үріп.
Алайық ретпенен ренжіспей,
Қасаңсып қалмайық құр қаша жұлып.
Құр қалған қызығынан мәжілістің бұл,
Күйінер қой таппаған қасқырша ұлып.
Кездестік кейінін Тәңірім келістіргей,
Сіздер — кілт сықылында, біздер — құлып.
Кібіттен кеуіл атты керегіңді ал,
Қалатын қас жомартпын жайда тұрып.
Дұғадан алайда да үмитдармын,
Ажал күс алып ұшса бір күн бүріп.
Жарықтық жатқанымда болар еді,
Есіксіз, терезесіз үйге кіріп.
Болмаса бұл жаһанды билегенмен,
Қолына кетер бәндә нені іліп.
Ерлерге еткен ісі еске түссе,
Дүниені дос демеймін, ішім жылып.
Жіберер жетсе уақыты жапанға айдап,
Жазы, қыс жауыр қылып, жайдақ мініп.
Жығылып, жасадыңнан жаның шықса,
Кеудеңнен көніңді алып тастар сылып.
Таптырмас болғанменен таза гауһар,
Топырақпен тең боларсың бір күн сылып.
Әзірет Іскендірдің жүрген үкімі,
Машыруп, Мағыруп пен Шамал, Жүніп,
Басына алтын мүйіз әнің шыққан.
Жер жүзін екі келген көлайт қылып,
Яһжүз, Маһіжүзді кеткен қамап.
Қой мысал қоймағансын халықты қырып.
Болады олар шықса ақыр заман,
Қолалы қорғанынан қай күн жырып.
Ол сұлтан дүниядан өтерінде,
Аспанға алақанын жатқан ұсынып.
Біле алмай не ишарат екендігін,
Дал болып данышпандар қалған тынып.
Есітіп ел біткеннің дағдарғанын,
Күн мысал қызы келген халыққа күліп.
Деп айтқан: "Даналарым, дағдармаңдар",
Атамның ішаратын тұрмын біліп.
– Қолымда қара, халқым, не бар? – дейді,
Мұндайша өткеніммен дәурен сүріп.
Айтқаннан осылай деп ошал шәһізат,
Ескендір сарт еткізген санын ұрып.
Еңірескен еңіз-теңіз етіп әжуа,
Кеуілі кең ойлылардың көп бұзылып.
Сарсылтар дүния сондай сан ерлерді,
Уақытында сағат біткен сабынша іріп.
Айта бер бақыдарһал білгеніңді,
Соңында сөзің қалар, сүйек шіріп.
Қалмайды онан өзге бектен белгі,
Табытқа таңса елатың кепек сырып.
Ақырет — соңғы сапар, өмір — базар,
Күн бітсе көшпей қалар кім кідіріп.
Сайманын сапарыңның түгендеп қой,
Өкінбе уақытыңды күр бітіріп.
Халқынан қалайтыны Тұрекеңнің,
Ықылас тыңдалса тек, құлақ түріп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақжібек

  • 0
  • 1

Қарағым, қатарыңнан көркем түсің,
Ұнайды көңіліме де қылған ісің,
Құлпырып байшешектей түрленесің,
Берген соң ылайықтап құдай пішін.

Толық

Ауыл совет қызға айтқаны

  • 0
  • 0

Мархабат, сөзің шырын, жүзің жарқын,
Шықпайтын шын асыл ең халыққа қалпың.
Жасыңнан жақсылармен жолдас болып,
Біліммен билеп тұрсың жұрттың жарпын.

Толық

Жас жетіп жақ тамырың білеуленді

  • 0
  • 0

Жас жетіп, жақ тамырың білеуленді,
Күннен күн көз гауһарың кіреуленді.
Теріңнен көрің жуық болғанменен,
Қоймайсың үзеңгіңді шіреуді енді.

Толық

Қарап көріңіз