Өлең, жыр, ақындар

Өтірік туралы шындық, яки менің қалай Судырахмет атануым туралы хикая

  • 25.04.2019
  • 0
  • 0
  • 6932
Білсеңіздер, балалар,
Неге маған сенбейді!
Неге маған балалар:
«Судырақсың сен!»—дейді.
Астымызда сәйгүлік,
Ауылды аңсап келеміз.
Бір әндетіп, бір күліп,
Маң далада желеміз.
— Ойланбастан өлеңмен
Айтса қырық өтірік,
Сол балаға берем мен
Асыранды бөлтірік!..
Ал сөйлеңдер!— деді ағай,
Бір тебініп торы атын.
Өзім сонда дем алмай,
Өтірікті бораттым:
Шіркейді ерттеп міндім де,
Ғұмыр бойы түспедім.
Көлеңкемді көмдім де,
Шынтағымды тістедім.
Күшім менің, ең кемі,
Күшімен тең мың аттың.
Бегемоттың үлкенін
Бір үрлеп-ақ сұлаттым.
Елу метр есіктен
Еңкеюмен шақ кірдім.
Жүз қасқырды өшіккен
Бір қозыға бақтырдым.
Жалғыз күрек тісіммен
Қазып шықтым бір канал.
Бір өзімнің күшіммен
Қалап шықтым бір қамал.
Сатурнның қасынан
Үй тұрғыздым
Жаңа мен.
Эльбрустың басынан
Сырғып түстім шанамен.
Бүтіндей бір теректі
Сап қылдым да балтама,
Екі бүктеп серекті
Салып алдым қалтама.
Сақал-мұртым жетіде
Болды жетпіс шақырым.
Жеткіздім жер шетіне
Күнді шертіп ақырын.
Найзағайды қамшы ғып,
Ғасыр бойы ұстадым.
Қара терге малшынып,
Күнді әйнекпен тыстадым.
Түк істемей сасқанда
Тимеді бір қыс қолым.
Айран төгіп аспанға
Жасадым мен құс жолын.
Тығып қойдым жирафты
Жіп-жіңішке түтікке.
Жүгірдім
Қос аяқты
Сұғып ап бір етікке.
Қызыл құмда, құрғақта
Көлік қылдым кемені.
Жағаласып бір апта
Жеңе алмадым кенені.
Каспий суын
Ерінбей
Қырға төгіп түгестім.
Күн көзіне көрінбей,
Сексеуілдей тік өстім.
Қора малды қайырып,
Көк теңізде айдадым.
Май былғадым, айырып,
Қара судың қаймағын.
Үсіп өлді суықта
Тумаған мың тұсағым.
Қыл арқанмен жуықта
Қырықаяқты тұсадым.
Тауып таудай микроп,
Үлес қостым ғылымға.
Көлеңкем бір өкпелеп,
Батып кетті жылымға.
Тұтанбаған отқа мен
Талай тамақ пісірдім.
Атып рогаткамен
Айды жерге түсірдім.
Жуып-жуып сабынның
Қалың кірін арылттым.
Өлең жазып танылдым
Тілдерінде бар ұлттың.
Істеп еді қастығын,
Барысты мен қинадым.
Бүкіл тыңның астығын
Жалғыз өзім жинадым.
Оралдым мен кеш бойы
Өрмекшінің торына.
Білмейсің деп «бес» қойды
Оқытушым сорыма.
Сөз жазам деп жалғыз-ақ
Жүз мың қате жібердім.
Болса-дағы жол ұзақ,
Жерді айнала жүгірдім.
Елтіріден жалғыз-ақ
Тіктім тоғыз тонымды.
Тиылмады қаны ұзақ
Мақта кесіп қолымды.
Бір құзғынның төмендеп,
Көрдім пілді ілгенін.
Болып қалдым мүгедек
Тепкісінен бүргенің.
Ұрпақтары асықтай
Ұн иледім шелекпен.
Алыс жерден асықпай
Су тасыдым елекпен.
Алпауытты жүгендеп,
Арғымақтай баптадым.
Бүгін ерте түгендеп,
Бір шашымды таппадым.
Eriп едім жуықта,
Аспанда астық жайқалды.
Шөлдегеннен суықта
Сарқып іштім Байқалды.
Терісімен кірпінің
Тыстадым құс төсекті
Шығардым мен бір күні
Ғалым қылып есекті.
Жүремін деп төбеммен,
Табанымды алдырдым.
Тұзды жалап түнімен,
Сусынымды қандырдым.
Жүні үшін қырықтым
Жұмыртқасын жыланның.
Шаршағанда
Тынықтым
Мүйізінде бұланның.
Алып китті арқалап,
Суда жүздім балықтай.
Жұлдыздарды қайталап
Санап шықтым жалықпай.
Ұшқын шоғын шашқанда,
Отты қолмен көседім.
Айға шейін аспанда
Алтын шпал төседім.
Жарып өтіп түнекті,
Жеттім айдың қасына.
Түнгі аязда күн өтті
Тұмақ киген басыма.
Тасбақаға отырып,
Басып оздым таксиді.
Арыстанды өлтіріп,
Қоян тісі ақсиды.
Жұдырықтай сұр тышқан
Желкеледі мысықты.
Балапандар тұс-тұстан
Соқты түлкі пысықты.
Күн көзі өте қоймайтын
Үй қаладым қар-мұздан.
Футболистер ойнайтын
Доп жасадым қарбыздан.
Жайық пенен Неваны
Жұмырыма жасырдым.
Лақтырғанда минаны
Минаметтен асырдым.
Дұшпандарым оңбады,
Мен бе
жаудан жасқанған!
Тонна-тонна бомбаны
Тұтып алдым аспаннан.
Мұның бәрін ел көріп,
Ерлігіме қанықты.
Кете бердім төңкеріп,
Найзаменен танкты.
Әлі есімде қарт кезім,
Таяқ қылдым тебенді.
Жалған болса бір сөзім,
Көрмейін мен төбемді!!!
Міне, осындай өтірік
Өлеңіме сый алдым.
Жұртты тыңдап отырып,
Өз-өзімнен ұялдым.
Содан бері балалар:
«Судырақсың сен!»—дейді.
Содан бері балалар
Сөзіме бір сенбейді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өмір солай

  • 0
  • 0

Жалған айтсам,
Ғайбаттасам —
Оңбайын!
Кейбіреулер демес сені қолдайын.

Толық

Құрметтесең ата-баба мұрасын

  • 0
  • 0

Құрметтесең ата-баба мұрасын,
Қазақтардан табылады жыр асыл.
Сол асылға қосасың да бір асыл,
Үлкендерден бата тілеп тұрасың.

Толық

Айна алдындағы ару

  • 0
  • 0

Айнадағы ажарына арайлы
Айдай ару ұзақ-ұзақ қарайды.
Асқар таудан ақтарылған өзендей
Ағын шашын алдына алып тарайды.

Толық

Қарап көріңіз