Өлең, жыр, ақындар

Бәйге жыр

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3483
Қуаныш боп әлдилесе ғажап түн,
Кейде дәмін татып көрдім азаптың.
Биік те емес,
Төмен де емес ешкімнен
Мен кәдімгі қатардағы қазақпын!
Жоқ демеймін менде кемдік,
Менде мін.
Мініммен де,
Мұңыммен де елдемін.
Ешбір жаннан артық та емес,
Кем де емес
Мен кәдімгі қатардағы пендемін.
Басымды идім өзі басын игенге.
Мәз болмадым сәнді киім кигенге.
Көрген жоқпын кеудемді бір көтеріп,
Кіші-гірім кресло тигенде.
Жолдастарға ерген жоқпын желікпе.
Содан менің абыройым кеміп пе?!
Трамвай мен троллейбус тұрғанда
Қызықпадым одан басқа көлікке.
Диқанменен бірге орып егінді,
Бағбанменен алдым бірге өнімді.
Менің атам аты шыққан адам деп,
Елден оқшау қойған жоқпын тегімді.
Досқа деген көңілімнің парағы
Ықыласты сөзге толы, қарағым.
Жегенім де жұртқа таныс қара нан,
Ішкенім де кәдімгі орыс арағы.
Бірдей туыс эстоның да,
Татар да.
Шүкір деймін тірлігіме жатарда.
Озып кетпей,
Қалып қоймай ешкімнен,
Мен ырзамын жүргеніме қатарда.
Енді айтайын сөзімді сәл жаңартып,
Едірейме көзіңді сен алартып.
Ал өнерде
Жүргеніңше қатарда
Жүрмегеннің өзі, досым, көп артық!
Дұрыс болмас дарындыны жас десең.
Жасыңмен де,
Кәріңмен де бәстесем.
Бақ сынайтын жер жүзінің жүйрігі
Бәйге-өнерге мәстегіңді қоспа сен!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қиянатқа

  • 0
  • 0

Қиянатқа —
Көре тұра —
Кім шыдар!
Біреу тістер,

Толық

Ей, сұлулық, мәңгі күтер сыйымсың

  • 0
  • 0

Ей, сұлулық, мәңгі күтер сыйымсың.
Сол сыйымды көрсін де көз сүйінсін!
Сиқыр-сұлу торыменен шырмаған
Махаббатың сыны сондай қиын сын.

Толық

Қаһарына әбден мінген Сара апай

  • 0
  • 0

Қаһарына әбден мінген Сара апай,
Қамшы болып осқылады қалақай.
Кімді сабап,
Кімнен таяқ жегенін

Толық

Қарап көріңіз