Өлең, жыр, ақындар


Бұл не деген көп киім,
Жетпіс қабат көп киім.
Жаңбыр одан өтпейді,
Қабат-қабат тоны бар,
Түймелеуге жетпейді.

Орамжапырақ



Қалың киім ұнатады
Шешіндірсең жылатады.

Жуа



Бұтаға ілген үлпершек,
Іші нәрлі қызыл сөл,
Теріп алып үлгерсек.

Бүлдірген



Тұлымы бар төбесінде,
Күлтеленіп шумақталған,
Құлағы бар денесінде,
Сұңғақ бойы бунақталған.

Қамыс



Көлді жердің,
Үкілі аруы.
Өткір желдің,
Саз тартар қаруы.

Қамыс



Саздауыт жерде өседі.
Хош иісі аңқыған,
Шипа өсімдік деседі.

Жалбыз



Аумайды бір қылыштан,
Пұліш түсі жап-жасыл.
Соғылғандай мырыштан,
Өтпейтұғын жап-жасыл.

Қияқ



Өзіне шап шақ,
Киген қалпағы аппақ,
Балалар тұр қаптап.

Бақбақ



Тасты жапқан түк кілем,
Тамыры жоқ, мүк кілең.

Қына



Тасты тесіп, күресіп,
Терең жайып тамырын.
Ақ күлгін шөп тұр өсіп,
Қарсы ап дәйім таң нұрын.

Тау гүлі



Шөлде
Гүлдейді, құлпырады,
Суда
Өмірі қырқылады.

Сексеуіл



Әсем гүлді өсімдік,
Жыл бойы тұрады.
Жапырағы көгеріп,
Салтанат та құрады,
Гүлшоқ болып өріліп.

Лавр



Жазғы киімі жасыл,
Қысқы киімі ақшыл.

Қар жамылған ағаш



Жасыл болып жыпырлап өнеді,
Сары болып үзіліп семеді.

Жапырақтар



Қысы-жазы шешпейтін,
Көйлегі бар жасылдан.
Өзгертпейді еш кейпін,
Жаралғандай асылдан.

Шырша



Ағаштардың көркемі,
Мәңгі жасыл бұтағы.
Мекен ғып тау-өлкені,
Кәусар ауа жұтады.

Шырша



Дауылға нық күші,
Ағаштың мықтысы.

Емен



Күн нұрымен піседі,
Уылжып қолға түседі.

Жеміс



Үйі де жоқ,
Күйі де жоқ.
Бірақ
Жауыннан да,
Дауылдан да,
Қымсынбайды.
Ыстыққа да,
Суыққа да,
Шын шыдайды.
Шешуін айта ғой,
Балалар білсін жайды.

Өсімдіктер



Сырнайынан төгіп жыр,
Күнге сәлем беріп тұр.

Күнбағыс