Өлең, жыр, ақындар


Кішкене ғана бойы бар,
Адам жейтін ойы бар.

Бит, бүрге



Домалақ таудың басында
Тоқты қошқар ойнайды.

Бит



Алпыс тісті айдаһар,
Ешқайда қадам баспайды.
Қозғамасаң жатады,
Ештеңеден саспайды.
Ағаштан тамақ жейді екен,
Жұтпай шайнап тастайды.

Ара



Тыру-тыру тырналар,
Тауға қарай жорғалар.

Ара



Қатар-қатар қара нар,
Аспанменен бара бар,
Алды биік, арты жар.

Құмырсқа



Екі басы жұдырықтай,
Ортасы қылдырықтай.

Құмырсқа



Ұзын-ұзын ұзардай,
Ұзыннан аққан сулардай.
Ағаш атқа мінгізіп,
Ұзартып қойған мұнардай.

Өрмекші



Аспаннан ұшып түсті жатқан тері,
Қалың тоғай ну жыныс жатқан жері.

Кене



Кішкене ғана түйме тас,
Атан түйе тарта алмас.

Кене



Қарайып ұшты қарғадай,
Бармаған жері қалмады-ай.
Жерге түсті, ін қазды,
Аяғымен тырмалай.

Қоңыз



Ғажайып бір нәрсе бар қатқан тері,
Өзінің қалың тоғай жатқан жері.
Бір күні аштан өлмей, тоқтан өлер,
Жігіттің мұны табар кемеңгері.

Түйе кене



Бір мақұлық айдалада қорған салған,
Азапты ажалдымен соған барған.
Мен емес бұл жұмысты айтып жүрген,
Бұрынғы азамат ер содан қалған.

Қара құрт



Ана таудың басында ұйыған қатық,
Ол қатықты көрмейді дәмін тартып,
Дәмін татқан қалады сеспей қатып.

Қара құрт



Біз жаздық аулым қонған текшесіне,
Етіктің жез қақтырдым өкшесіне.
Айуанда төрт аяқты бір нәрсе бар,
Бөренесін байлаған бөксесіне.

Инелік



Бар еді бір жұмбағым жүрген сайда,
Қолында қылышы жоқ, екі найза.
Қарынды екі найза болғанменен
Қылыш пен ай балтадай болмақ қайда.

Бұзаубас



Ат басты,
Арқар мүйізді,
Бөрі кеуделі,
Бөкен санды,
Қос қанатты,
Құмырсқа ізді,
Бота тірсекті.

Шегіртке



Бір құс бар ұшып жүріп ән салады,
Әркімге қонақ болып бір барады.
Барлығы мақұлықтың ығыр болып,
Дауысын естігендер зар қағады.

Маса



Өзім үшін сені ұрам,
Сен үшін өзімді ұрам,
Сен үшін өзімді ұрсам-
Ағады менің қаным,
Жарылады сенің қарның.

Маса



Аспанда ақ сары құс шу салады,
Жабысып тақыр жерден су алады.
Адамнан су алған тым өзгеше
Дуылдатып денеңе у салады.

Безгек масасы



Қарабай аттан жығылды,
Халық соған жиылды.

Түкірікке жиылған шыбын