От пен жарық


Қабырғаға қасынар,
Былғауыш басы бар.

Сіріңке



Үй үстінен
Көкке өрлеп шығады,
Әуе ішінен,
Із-тұз жоқ боп тынады.

Түтін



Шудалары желпеңдеп,
Үйден шығып жатады,
Көкке өрлейді көлбеңдеп,
Бұлт болып батады.

Түтін



Салып ем шыны сарайды,
Тілінен жарық тарайды.

Шам



Өңеші кең,
Дәу аузымен жұтады.
Төбесі дөң,
Кіші аузымен құртады.

Пеш



Құйтымдай сандықтың,
Суырмасы толып тұр,
Қажетті заты сан жұрттың.

Сіріңке



Қимылы оңдырмас,
Кішкене қоңырбас.

Сіріңке



Түсі нарттай,
Тілін тартпай.
Жолға шықса,
Қоймайды құртпай.

От



Жердің әрін жейді,
Жолда кезіккеннің,
Аямай бәрін жейді.
Бұл қандай алпауыт?
Айта ғой, дәл тауып?

Өрт



Жүрген жерін жалмайды,
Тастан басқа қалмайды.

От



Қып-қызыл кезінде,
Бет қаритын жапырақ,
Табы қайтқан кезінде,
Сұп-сұр майда топырақ.

Шоқ пен күл



Шеңбердің үш тағанын,
Қаракөлдің табанын,
Қызыл сиыр жалап тұр,
Терлеп, буы тарап тұр.

Қазан, жалын



Күндіз жанбайды,
Түнде маздайды.

Шырағдан



Бір нәрсе тау үстінде мекен еткен,
Басына шарбақталып күмбез тіккен.
Болғанда судан себеп, тастан бөгеу,
Жеріне күрмек шыбық тетік еткен.
Еш нәрсе өз тұсынан істемейді.
Сыртынан бірнәрсе кеп хабар еткен,
Адамға түнде пайда беру үшін,
Дүниеге аты мәлім, даңқы кеткен.

Керосин, лампа



Бір жерде бір бәйтерек жеке біткен,
Басында әділ патша мекен еткен.
Неше күн жер астында жатып-жатып,
Жолай алмай қасына қыршын кеткен.

Шырақ пен шіркелер



Бір нәрсе заты тастан, іші қуыс,
Ұстауға қиын екен қылса жұмыс.
Өтпейді өткір пышақ, шажан қылыш,
Қайтадан күл болады қылсаң соғыс.

Шамның шынысы



Үй сайын бір-бір құсты қойдық байлап,
Тұрады уақытында көзі жайнап ,
Ішіне бір сырғалы салып қойсаң,
Бар суын ішіндегі шығады айдап.

Лампа



Сыртының сырнайы бар,
Ішінің бүтін айы бар,
Май ішінің өзегі бар,
Бір апта өшеді,
Бір апта көшеді,
Кезегінде керегі бар.

Лампа, шам, білте



Жарығы күндей,
Таң қалдырар адамды,
Жалындап күймей.

Электр жарығы



Білтесі жоқ, майы жоқ,
Жарқырап от жанады.
Тұтанады шырпысыз,
Өзінен ұшқын шығады.

Электр жарығы



nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)