Өлең, жыр, ақындар


Жерде жоқ, көкте жоқ,
Бір әңгелектен әңгелек шығады.
Он екі бөлек,
Біреуі-ащы,
Біреуі-тұщы.

Он екі ай, жаз бен қыс



Шақырса келмес,
Жаяу жүрмес.

Жаз



Көрсең реңді, қарасаң көрікті,
Ол болмаса жұрттың бәрі
Бір бәлеге жолықты.

Жаз



Жолда кеткен ақ қоян,
Жолға қарап отырды.
Қарға менен құзғынды,
Ұйқыменен жоқ қылды.

Қыс



Аспанда қаһарланған алты терек,
Ұясы алтауының бөлек-бөлек.

Алты ай қыс



Алпыс аттың етін жер,
Жілігін шақпай майын ішер.

Алты ай қыс



Алтауы ала қасқыр, алтауы қара қасқыр,
Біріккен он екісі қара басқыр,
Жиылып бір тырнаны бәрі жеген,
Көрейік сол тырнаны жақындастыр,
Бір сирағы тырнаның ой,жамағат,
Үйге тіреу болғандай алты қанат,
Сол үйдің үлкендігі сондай екен,
Артылар алты нарға қаттап қабат,
Ол нарды кіші десең, ей, жарандар,
Бір үлкен бәйтеректің басын шалады,
Бітіпті сол бәйтерек құба жонға,
Түбінен ерте ұшқан бір тұрымтай,
Басына кешке қонар әрең зорға.
Демеңіз күнді қысқа тағы нашар.
Семіз бар таңдағанға көңіл ашар
Әреңмен кешке барып бұзаулайды,
Болғанда таң мезгілі қашқан қашар.

Алты ала қасқыр - алты ай қыс, алты қара қасқыр - алты ай жаз, бір тырна - бір жыл, бір сирағы - жарты жыл, алты нары -алты ай, бір нары - 30 күн, бәйтерек - бір ай, тұрымтай - туған ай, қашар - шыққан күн



Алты арыстанды үш бөрі сорған,
Жілігін шақпай майын сорған,
Терісін теспей қанын сорған.

Алты арыстан - алты ай жаз, үш ай тоқсан



Руымыз әнжан,
Атқа міндік алты адам,
Алтымыз да балуан,
Тұра қашты бір қоян,
Басып қалдық жалма-жан.
Басып тұрдық бесеуміз,
Бауыздадық біреуміз,
Мойны шықты қырық сабын,
Бұзаушығы былай тұр.
Терісі шықты алпыс етік,
Қырық ұлтан,
Сыздығы былай тұр,
Мұны өтірік демессің,
Ойланып ал, шыдай тұр.

Алты ай жаз, бір жыл, бес ай қыс, қыстан жазға аударылған ай, қырық сабыны - қырық күн шілде, терісі алпыс етік шықты дегені - көктемнің екі айы, алпыс күн



Күзетші бір-екі адам ол жаһанда,
Ораулы он екісі бір шапанда.
Ұстайды он екісі отыз шоқпар,
Қырық құрық даярлаулы қашағанға.
Қарасам жеңі бесеу ол шапанда,
Көрмедім бұндай шапан бұл жалғанда.
Аузы жеңдерінің бүрмеленген
Анықтап он екі пар түймеленген.
Апырмай, есебі жоқ толып жатқан,
Қиындық ойлап тұрсам тарау-тарау бұл не деген?

Жыл, күн, жұма



Басына биік таудың бітеді раң,
Жайлайды ол раңды екі түрлі аң.
Қолына өткір семсер қылыш алып,
Шығады аң аулауға салып ұран.
Ат мінген бұл екеуі жүгендемей,
Дүниені кетпекші емес түгендемей,
Астында екеуінің аты бар,
Құрығы шолақ болған бөгендемей.

Жыл, жаз, қыс



Базардан бір текемет алдым сатып,
Алты айдай текеметте жүрдім жатып.
Бұл іске мен ғажайып болып тұрдым,
Қалды ғой алты айдан соң айран қатып.

Жаз бен қыс



Ботасы жоқ нар құр боздайды,
Әр заманда аяғын бір қозғайды.
Әр заманда аяғын қозғаса да,
Ұшқан құс та, жүгірген аң да бір озбайды.

Жыл мен ай



Атасы мен анасы,
Үш жүз алпыс бес баласы,
Он екі ауыл шамасы,
Отыз ор дуадақ,
Бес балақ сан,
Елу екі қарашы.

Күн мен ай, үш жүз алпыс бес күн, он екі ай, бір айдағы отыз күн, айлардан тыс алынып жылға қосылатын бес күн, бес қонақ, жыл ішіндегі елу екі апта



Келеді үлкен алып аузын ашып,
Жүреді он екі аяқ қадам басып,
Отыздан әр бірінде саусағы бар,
Құтылмас ешбір адам одан қашып.

Жыл, он екі ай, отыз күн



Тауда дарақ, екі бұтақ,
Біреуі гүлді, біреуі гүлсіз.

Жыл, жаз, қыс



Бір ағашта он екі ұя,
Әр ұяда отыз жұмыртқа.

Жыл мен ай



Лұғат жұмбақ қылып, сөз бастадым,
Жаралған бір мақұлық үлкен жайын.
Өзінің басы жеті, қолы он екі,
Отыздан саусағы бар қол бас сайын,
Жиырма төрт құлағы бар бір басында
Жолдас боп жүрер оның кім қасында?
Бірі - ақ, бірі - көк, екі көзі
Тұрады бақырайып арқасында.

Он екі ай,отыз күн,бір күндегі жиырма төрт сағат, күн мен ай



Үй артында бір дуан,
Бір ұлы бар ханға дуан,
Қырық сегіз қызы бар,
Бәрі жуан.

Бір жыл,бір ай ораза,бір жылдағы қырық сегіз жұма



Үш жүз алпыс алты анасы,
Қырық сегіз болар баласы.
Он сегіз бөлек ұясы,
Ішінде екі ақ жұмыртқасы.

Жыл,бір жылдағы апта,күн,ай