Өлең, жыр, ақындар


Көтеріліп теңізден
Аспанға биік барамын.
Биіктен қайта түскенде
Өңі кірер даланың.

Жаңбыр



Қара таудың басында
Киік кетіп барады.
Қол-аяғы баурына
Тиіп кетіп барады.

Тұман



Көкке шықса бұлт,
Жерге түссе шаңыт.

Тұман



Аспандағы әсем белбеуді,
Алып белге буынсам.

Кемпірқосақ



Тау тарс етсе тағы үркер,
Таудағы елдің малы үркер.
Қырдағы жылқы үркер,
Жортып жүрген түлкі үркер.

Күннің күркіреуі



Сарайдағы сары айғыр,
Сарнап-сарнап кісінер.

Күннің күркіреуі



Мені ешкім көрмейді,
Дауысымды есітеді.

Күннің күркіреуі



Бір нәрсе етегі кең, найзасы бар,
Қосылған адамзатқа хайласы бар.
Мекені жерде емес, көлде емес,
Адамға әр уақытта пайдасы бар.

Найзағай



Айдаһар аузын ашса, арс етеді,
Гауһары жерге түссе, жарқ етеді.

Найзағай



Аспанда бір нәрсе бар жылмаңдайды,
Тау басында жүгіріп қылмаңдайды.
Жанына жан иесі жақын келсе,
Бақырып бассалуға тайынбайды.

Найзағай



Қырда қылыш жарқылдайды.

Найзағай



Көк көрпенің ішінде жарты нан жүр.

Бұлт арасындағы ай



Аспандағы көлеңке,
Жерге суын себеді.

Бұлт пен жаңбыр



Жардай дәулер соғысты,
Жарқ-жұрқ етіп оқ ұшты.

Бұлт пен найзағай



Бесірдегі бес бие,
Бесеуі де құлынды.
Құлындары торлы ала,
Құйрықтары сары ала.

Ала бұлт



Торғын көкте ағып құс,
Ағылып ұшып барады.
Айналасын қарайтып,
Күннің көзін жабады.

Бұлт



Бір нәрсе жердің бетін шыр айналған,
Мақұлық біз білмейтін қайда барған.
Арасын жер мен көктің мекен етіп,
Байлаусыз бір арада тұра алмаған.

Бұлт



Көк көрпенің мақтасы,
Әр жерде жүр бытырап.
Біріктіруге қол жетпес,
Болды-ау шіркін ысырап.

Бұлт



Қанатсыз құс жақын барады,
Көзінен жас тамып барады.

Бұлт



Бір кеме аспанда ұшқан, аяғы жоқ,
Қолына ұстап алған таяғы жоқ.
Күніне талай жерге кезіп кетер,
Не екен ол ешбір жерде саяғы жоқ.

Бұлт