Өлең, жыр, ақындар

Жаңылтпаштар

Ұлықбектің ұлы
Айта алмайды «Ұ»-ны,
Айта алмайды «Ү»-ні,
Айта алмайды «Ы»-ны.
Үйретем қалай мұны?!


Төбесіне қораның
Шығып кетті жеті ешкі.
Ал қораның төбесі
Әбден тозған, өте ескі,
Болғаннан соң өте ескі,
Құлап түсті жеті ешкі.


Қонып таңнан атына атам,
Жинап елден алты бақан,
Құрып берді алтыбақан.
Рақмет, алтын ата,
Жем берейін атыңа, ата!


Айгүл алдына айна алып,
Қарап отыр ойланып.
Гүлнар оның жанында
Жүгіріп жүр айналып.


Қайнағанда ән салатын
Секілді біздің құман.
Далада қатты жел тұрғанда,
Салады екен құм ән.


Уақытты жол алар,
Сонда да тез оралар.
Асықпаса ол тағы да,
Үйге бір күн қона алар?


Мініп атқа қара қасқа
Атам бүгін барады асқа.
Атаңды сен қарсы алғайсың
Жоқ қой үйде бала басқа.


Ойлап-ойлап бас қатты,
Мініп кетті-ау басқа атты.
Шабан ат қой жаман ат,
Қырдан әлі аспапты.


Адамға, заманға,
Ырзамын әманда.
Адамға қарайла,
Салма әсте табанға.


Алпысты алты деп айтысты,
Айтысты алты деп алпысты.
Алпыс алты емес алпыс екен,
Алты алпыс емес сәл кіші екен.


Өрліктің, Ерліктің талабы –
Елдіктің амалы.
Кеңдіктің өзіндей,
Қазақтың Адамы!


«Дауылыңа, жауыныңа,
Қарсы тұрып жетемін ауылыңа».
Деп едім бауырыма,
– Қосылыпсың, – деді,
– Батырлар қауымына.


Ақ домалақ, көк домалақ,
Көп домалақ жоқ болар-ақ.
Ақ домалақ көп домалақ,
Көп домалақ – көк домалақ.


Еменім, қарағайым,
Ақ қайың, дара қайың.
Ара алып аралайын,
Деп едім,
Ұрысты бар ағайын.


Кендірден кебек шығар,
Кенептен елек шығар.
Електен кебек шығар,
Кебек те керек шығар.


Ағаш кессе аралап,
Алар қолын жаралап.
Әрі салақ, әрі олақ
Бала болған жаман-ақ!


Қаймақты айырдым,
Тайлақты қайырдым.
Қаймағым май болды,
Тайлағым мал болды.


Базардан қауын алдым,
Қауынның дәуін алдым.
Қақ жарып дәнін алдым,
Бір тіліп дәмін алдым.


Тұлпардан тұлпар озбаса,
Сұңқардан сұңқар озбаса,
Тұлпардан сұңқар озбайды,
Сұңқардан тұлпар озбайды.


Құланнан құнан оза ма,
Құнаннан құлан оза ма?
Құнан да құлан сияқты,
Құлан да құнан сияқты,
Жібермес тұяқ тұяқты.