Өлең, жыр, ақындар

Отан – ана, жер – бесік

Шымылдық ашылады.
 
Сахнаға Қазақстан Республикасының картасы, Елтаңбасы, Туы мен Әнұраны ілінеді. Жағалай қабырғаларға (мүмкін бол-
ғанынша) хандар мен батырлардың, билердің суреттері орна-ласқаны жөн. Ұлы адамдардың Отан, туған жер, батырлық туралы ұлағатты сөздері мен халық мақал-мәтелдері жазылып қойылса да артық болмас. Сахна Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылады. Шымылдық ашылған кезде сахна төрінде бүлдіршіндер сап түзеп тұрады.
 
Кіріспе сабақ
 
Жүргізуші.

Елім деген жырым бар,
Елін сүйген ұлым бар.
Отан сөзін қазағым
Киелі деп ырымдар.
 
Бірің – шекер, бірің – бал,
Жайнап өскен құлындар,
Қасиетті, киелі
Отан деген ұғымды ал,
Талдап берер кімің бар?..
 
Бірінші бүлдіршін.

Туған жерін ата-анаң
Отаным деп атаған.
Отан – досың, туысың,
Отан – алтын босағаң.
 
Екінші бүлдіршін.

Отан – туған өз елің,
Айдын көлің, өзенің.
Мирас еткен бабалар
Қорғап әрбір кезеңін.
 
Үшінші бүлдіршін.

Шертер бізге сан аңыз,
Отан – байтақ даламыз.
Отан сөзін аялап,
Қастер тұтқан бабамыз.
 
Төртінші бүлдіршін.

Отан – бабам, ерлерім,
Отан – ауам, әр демім.
Отаныммен бір түлеп,
Асқар шыңға өрледім.
Пысықтау сабағы
 
Жүргізуші.

Соныменен, балалар,
Қасиетті саналар
Атамекен, құт мекен –
Отан деген не екен?..
 
Бірінші бүлдіршін.

Туып-өскен жер екен,
Орман-тоғай, көл екен.
 
Екінші бүлдіршін.
Асқар таулы бел екен,
Ел қорғаған ер екен.
 
Үшінші бүлдіршін.

Мен, сен және ол екен,
Қазақстан елі екен!
 
Жүргізуші.
Иә, дұрыс, балалар,
Қасиетті саналар –
Отан – туған жеріміз,
Сүйіп өскен еліміз.
Қасиетті Отанның
Ұланымыз бәріміз!
 
Сауалнама сабағы
 
Жүргізуші.
Ел тарихын саралар
Ұлы мейрам саналар,
Бүгін бізде қандай күн,
Кім айтады, балалар?..
 
Жауапшы бала.
Қуаныштан жанған нұр,
Бүгін бізде ұлы той.
Егемендік алған бұл
Тәуелсіздік күні ғой.

Жүргізуші.
Тіріліп ата салтымыз,
Шаттанса бейбіт халқымыз,
Өз алдына ел болып,
Әлемге жетті даңқымыз.
 
Шарықтатып шат әнін,
Тіккен дербес отауын,
Айтып берер кім енді
Республика атауын?
 
Жауапшы бала.

Әлем білер атағын,
Айтсам елім атауын,
Тіккен дербес отауын
Қазақстан Республикасы –
Тәуелсіз менің Отаным!
 
Жүргізуші.
Мұра ғып бабаң қалдырған,
Аялап өзен, бау-бағын.
Білесің бе, балдырған,
Отаныңның аумағын?
 
Жауапшы бала.
Ата-бабам жайлаған,
Мыңғыртып мал айдаған,
Атырау – Алтай арасы
Ежелден менің бай далам.
 
Жүргізуші.
Бәрекелде, жарадың!
Әбден дұрыс жауабың.
 
Сезімі – желкен, жыр қайық,
Жыраулар сөзі бір ғайып.
Мерекеде осындай
Жақсы бір жыр тыңдайық.
 
Бірінші жырау.

Ақтарған кен мен күрішті,
Егемен елім ырысты,
Тәуелсіздік күнінде
Тойларың болсын ұлысты!
 
Еңбегің болсын жемісті,
Сапарың болсын жеңісті.
Табысыңа тасқынды
Таңдансын әлем, жер үсті.
 
Екінші жырау.
Қара алтынды мұнайым,
Байлық болып лайым,
Ел дәулетін арттырсын
Оңынан туып Күн, Айым!
 
Тасты тілген кенішің,
Жегізсін ризық-жемісін.
Қанат жайсын ынтымақ,
Бейбітшілік, келісім.
 
Гүлденсін, елім түрленсін,
Танымастай түрге енсін.
Болашақ ұжмақ төріне
Елу елмен бірге енсін!
 
Жүргізуші.
Жаса, өнерлі өренім!
Өрге жүзсін өнерің.
Бірге жасап еліңмен,
Бірге көргін кемелін!
 
Ал, балалар, тұрмайық,
Сауалдарды тыңдайық.
Отан жайлы, ел жайлы
Білімді біз шыңдайық.
 
Үлгісімен дап-дайын,
Айшықтанар әрдайым,
Елдік рәміздердің
Білесіңдер қандайын?
 
Жауапшы бала.
Ауасы дауа, суы бал,
Аққан селдей жыры бар,
Қазағымның тәуелсіз
Елтаңбасы, туы бар.
 
Жүргізуші.
Бәрекелде, жарадың!
Өте дұрыс жауабың.
Тағы қандай рәміз бар
Бас идірер жараның?
 
Жауапшы бала.
Шырқап өтер ұланы,
Елдігімнің ұлы әні –
Үшіншісі рәміздің –
Елімнің Әнұраны.
 
Жүргізуші.
Мейірін төгіп көгімде,
Шашқан арай нұрын күн.
Желбіреген төрімде
Түсі қандай Туымның?
 
Жауапшы бала.
Тілегіміз көктен кеп,
Қайта туған көктем боп,
Еліміздің Туы да
Аспан түстес көкпеңбек.
 
Жүргізуші.
Басында ел көшінің
Ашқан елдік есігін,
Кім айтады, қанеки,
Елбасының есімін?
 
Жауапшы бала.
Ізгіліктің жолбасы,
Жақсылардың жолдасы,
Нұрсұлтандай атамыз
Президент – Елбасы!
 
Жүргізуші.
Бәрекелде, жарадың,
Қандай нақты жауабың!
Азамат бол дәл сондай,
Таудай тасып талабың.
 
Жүргізуші.

Сарбаздардың көсемі –
Батыр деген ұлы есім.
Ел қорғаған кешегі
Ерлерден кімді білесің?
 
Бірінші бала.
Кегін алып Жоңғардан,
Көптің ісін оңғарған,
Абылайдай хандардан
Кейінге үлгі – жол қалған.
 
Екінші бала.
Қабанбайдай ер бабам,
Ерлік ісі зор бабам,
Бел шешпестен қырық жыл
Елін жаудан қорғаған.
 
Үшінші бала.
Бірлігі үшін жерімнің
Қол бастаған ерім бұл –
Шапырашты Наурызбай
Нар батыры елімнің.
 
Төртінші бала.
Тайлақ пенен Баяндар,
Сұраншы, Саурық, Саяндар,
Жерін жауға бермеген
Ерлігі көпке аяндар.

Жүргізуші.
Бәрекелде, өрендер!
«Өрге жүзер өнерлі ел».
Шыға берсін шыңдарға
Ұландарым кемеңгер.
 
Қорытындылау сабағы
 
Жүргізуші.

Дей алмаймын – жайсыңдар,
Жұлдызсыңдар, Айсыңдар.
Қане, Отан туралы
Тақпақ айтар қайсың бар?
 
Бірінші бүлдіршін.
Қазақстан – өр елім,
Мен өнерлі өренің.
Жатқа да айтып беремін
Абай ата өлеңін.
 
Екінші бүлдіршін.
Жамбыл ата жырын да,
Шырқап ой мен қырымда,
Қастерлеймін елімнің
Елтаңбасын, Туын да!
 
Үшінші бүлдіршін.
Киелі Әнұранын
Тыңдап ерте тұрамын.
Отан – Ана, Жер – бесік.
Біз кішкентай ұланың!
 
Жүргізуші.
Бәрекелде, балалар!
Риза ата-аналар.
Бәрлеріңе қойылар
Кілең бестік баға бар!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз