Өлеңдер Бөлімі

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы аясында шығармашыл педагог қалыптастыру

Баймағамбетов Ерлан Русланұлы

Ғылыми жетекшісі, т.ғ.к., профессор Г.Кайргалиева

Өз Отаныңды, туған тіліңді, түп-тамырыңды білмейінше нағыз патриот бола алмайсың.

Н.Ә. Назарбаев

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты үндеуінің негізгі мақсаты еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу. Бұл жолдағы шешуші кілт – болашаққа қалай қадам басу және бұқаралық сананы қалай өзгерту керек деген мәселеге тоқталған. Бұл ретте, бұқаралық сананы, яғни, ұлттық, халықтық сананы өзгертетін адам ол мұғалім. Мұғалім – біздің тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан маман. Өйткені, ел болашағының кілті бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың тағдыры олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себуші ұстаздардың қолында. Бүкіл әлем бұл күнде тәлім-тәрбие қызметіне ең білгір, ең талантты, өте жауапкершіл педагог- мамандардың кажеттігін мойындап отыр. Себебі, адам тағдырында мектептік кезең аса маңызды. Балалардың өмірлік бастауында жетесіз педагог тұрса, одан келер шығынды өлшеп болмайды. Сондықтан да, педагог білікті маман, өз ісінің шебері болуы керек. Педагог шебер болу үшін: өзінің мүмкіндіктерін жаңа формация мұғалімі ретінде объективті бағалай алуы, кәсіби мамандығына қажетті қабілеттерді, жалпы мәдениетті, интеллектуалды іс-әрекетті, мінез-құлық, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруі тиіс; өтіп жатқан интеграциялық процестерге, әлемдік білім беру кеңістігі қарқынына бағыттала алуы керек. Елбасы атап көрсеткеніндей, «Тек жоғары сауатты, дарынды, дана әрі отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады. Бүгінде, мұғалім балаларға білімдер жиынтығын беріп қана қоймай, сонымен бірге, ең бастысы – оларды өмір бойы үйренуге үйретулері керек». Бүгінгі мұғалім білім беру үрдісінде оқушылардың өз бетімен білім алуының, жаңалауының қажеттілігіне, өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жетілдіруде табандылықпен еңбек етуді жете түсінетіндей жағдай жасауға бағдарлануға міндетті. Осыған сәйкес, қазіргі білім беру үрдісіне және ұстаз біліктілігіне қойылып отырған талаптарды негізге ала отырып, педагог меңгере білуге тиісті негізгі қасиеттердің негізі ретінде шығармашылықты алып отырмын.

Философиялық тұрғыдан қарастырғанда шығармашылық – жаңа сапалы материалдық және рухани құндылықтарды жасаудағы адамның белсенді іс-әрекеті ретінде карастырылады. Педагогикалық энциклопедияда шығармашылық – адамның өзіндік және белсенді іс-әрекетінің жоғарғы формасы ретінде түсіндіріліп, өзінің әлеуметтік маңыздылығымен және жаңашылдығымен бағаланады [1]. Мысалы, қазіргі кездегі ғылымның, техниканың жетістіктеріне (компьютер, интернет, ұялы телефон, медицинадағы улътрадыбыстық диагностикалық аппараттар, лазер сәулелері арқылы емдеу, т.б.) көптеген ізденуші ғалымдардың шығармашылық іс-әрекеттері арқылы ғана қол жеткізіп отырғанымыз анық. Шығармашыл тұлға – әрқашанда еркін, өзін-өзі жан-жақты дамытуға дайын, бәсекелестікке қабілетті, құзіреттілігі мен белсенділігі жоғары адам. Шығармашылықпен айналысуда адамның тек ақыл-ойы ғана емес, сонымен қатар оның табандылығы, бастаған істі аяғына дейін жеткізе алуы, ойдың еркіндігі мен батылдығы, болжам жасай алуы, өз күшіне деген сенімділігі сияқты тұлғалық қасиеттері өте маңызды. Яғни, шығармашылық адамның тұлғалық қасиетіне жатады, сондықтан мұндай қабілетті әр адам жас кезінен өз бойында дамытқаны жөн. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асыруда қазіргі заман мұғалімінің педагогикалық шығармашылығының құрылымы мен мазмұнына тоқталар болсам:

Шығармашыл мұғалім – зиялы тұлға. Оның сыртқы келбеті ұқыптылық пен жарасымдылықпен сипатталады, педагогикалық әдебі жоғары, басқаны түсіне біледі. Прогрессивті алдыңғы қатарлы ойларды уағыздаушы, сыни ойлау деңгейі жоғары, өзгенің ойын, өзгенің пікірін, құрметтей біледі, ұстамды. Өз білімін тұрақты көтеріп отырумен жүйелі айналысады, өз жұмысына рефлексия жасауға қабілетті. Эрудициясы, жалпы мәдениеті жоғары, эстетикалық талғам және көркемдік мәдениеті жинақталған. Ол саясаттағы, ғылымдағы, өнердегі барлық жаңалық пен озық ойларға қызығушылық танытып отырады. Зиялы тұлға ретінде өз бойына адамзат мәдениетіндегі ең жақсы үлгілерді жинақтайды.

Шығармашыл мұғалім – рухани бай тұлға. Оның рухани байлығы алдымен балаға деген махабатында, жоғары адамгершілігінде және арлылығы мен ұяттылығында байқалады. Өмірдің мәнін және мақсатын түсінуге, өзінің кәсіби орнын анықтауға ұмтылыста оның руханилығы көрінеді. Ол әлемдегі және адами қарым-қатынастағы сұлулықты өте жоғары сезінгендіктен онда эмпатия және талдай алушылық жоғары дамыған. Өсіп келе жатқан баланың ішкі жан-дүниесінің байлығын түсінуге үнемі тырысатындығы оның өзінде планетарлық ойлауды дамытуына негіз болады.

Шығармашыл мұғалім – жаңашыл тұлға. Ол бірсарындылық пен біртүрлілікті қабылдамайды, сондықтан жаңалыққа жаны құмар. Шығармашылыққа деген мотивтері жоғары болғандықтан ойлап табу, тудыру , жасап көру – оның күнделікті кәсіби жағдайы.

Шығармашыл мұғалім – еркін тұлға. Оның еркіндігі өмірдегі, кәсіби әрекеттегі мәдени әлемдегі өз орнын анықтай алу қабілетінде жатыр. Оның ойлау, пайымдау және әрекеттену еркіндігі жеке кәсіби жауапкершілікті сезінумен сәтті байланысады. Рухани және материалдық құндылықтар әлемінде еркін бағдарлай алады, педагогикалық, пендешілік догмалардан еркін. Ол өз ісіне өте жауапты, кейде тіпті тәуекелді талап ететін шешімдерді өз мойнына алады. Өзінің өмірлік позициясы, ұстанымы бар.

Шығармашыл мұғалім – ізгілікті тұлға. Оның ізгіліктілігі қайрымдылылығы, барлық тіршілік иелеріне, ең алдымен бабаларға деген сүйіспеншілігінен байқалады. Ол кез келген уақытта өз оқушыларына, жалпы балаларға көмекке келуге әзір. Өзгеше ойлайтын адамдарды құрметтейді, өз көзқарасына сәйкес келмесе де ол адамдардың қалыптан тыс ойларын түсінуге деген төзімділігі шексіз. Әртүрлі ұлт, дін, мәдениет өкілдеріне бірдей сыйластықпен қарайды. Оның тек оқушылармен ғана емес, ата-аналармен, әріптестерімен ынтымақтаса алу қабілеті зор.

Шығармашыл мұғалім – азаматтық белсенді тұлға. Ол айналасында (ауылында, қаласында, елінде) болып жатқан жағдайларға бей-жай қарамайды, ол жағдайларға үнемі өзінің қатысын білдіріп отырады. Қоғамдық өмірдегі өзінің азаматтық ролін дұрыс түсінетін, саяси сауаттылығы жоғары маман. Оқушыларын да өмірдегі өзгерістерге сын көзбен қарап, объективті бағасын беруге кемшіліктерге төзімсіз болып, түзету үшін үлестерін қосуға тәрбиелейді.

Шығармашыл мұғалім – бәсекеге төтеп беретін тұлға. Жаңа заманға сәйкес педагогикалық қызмет көрсету аясы кеңейген уақытта шығармашыл мұғалім өзінің шеберлігін үнемі арттырып отырады, өзінің жетістіктері мен кемшіліктері жайлы өзіндік бағасы бар. Әлсіз тұстарын жетілдіру үшін озық тәжірибені шығармашылықпен қолдану, педагогикалық жаңалықтар кешенінен қалмауды басты назарда ұстайды. Жаңа технологияларды меңгеру, қолдану арқылы өз ісінің нәтижелі болуына талпынады.

Шығармашыл мұғалім – мәдениет адамы. Ол белгілі әлеуметтік мәдени ортада өмір сүріп, еңбек етіп жатқандықтан сол ортаның өнерін, тұрмыс салтын, мәдениетін бойына сіңірумен қатар оны құрметтеп басшылыққа алады. Өзінің жалпы мәдениетін көтеру оның айнымас өмірлік қағидаларының бірі [2].

Осыған орай шығармашылық әлеуеттің акмеологиялық сипаттамасы:

  • Кәсіби қызығушылықтардың жаратушылық бағыттылығы;
  • Жаңашылдық әрекетке деген қажеттілік;
  • Инновацияға бейімділік;
  • Жалпы және кейбір арнайы интеллектінің жоғарғы деңгейде болуы;
  • Ассоциациалық байланыстарды қалыптастыруға деген бейімділік;
  • Көз алдына елестете алушылық (фантазия);
  • Мінез-құлық пен әрекетті реттеп отырудағы күшті жігерлілік;
  • Дербестік;
  • Өзінің ахуалын басқара алушылық, әсіресе шығармашылық белсенділігін ынталандыра білушілік.
  • Шығармашыл тұлғаның ерекше қасиеттерінің қатарына педагогикалық импровизацияны жатқызамыз. Педагогикалық импровизация (суырып салмалық деуге де болады деп ойлаймыз) төрт кезеңнен тұрады: 1) педагогикалық ойдың жарқ етуі; 2) педагогикалық мақсаттың мәнін бір сәтте ұғынып, оны жүзеге асырудың жодарын жылдам таңдай алу; 3) педагогикалық идеяны жұртшылық алдында нақтылы түрде көрсете алу; 4) ой қорытып көрсеткен педагогикалық идеяны тез арада талдай білу;

Педагогикалық шығармашылықтың орын алуына септігін тигізетін тағы бір мәселе – мұғалімнің әртістік қасиеті. Мектеп әрине, театр емес. Дегенмен, мұғалім үнемі халық алдында тұратын танымал адам. Олай болса, ол аудиторияны меңгере алуы, иландыра білуі, шабыттандыра алуы тиіс. Әртістік қасиет – педагогтың «образға ене алуы», сыртқы келбетінің тартымдылығы, тілінің түсініктілігі, көркемдігі, жатықтығы, мимикасы мен қимыл қозғалысының айтылып жатқанға сәйкестігі. Әртістік – образдармен ойлай алу, ашықтық, жағдайға терең эмоцианалдық берілу, ішкі және сыртқы мәдениет, өзіне тарта алушылық.

Ғылыми әдебиеттерде шығармашылықтың төмендегідей түрлері анықталған: 1) материалдық- техникалық; 2) рухани-теориялық; 3) әлеуметтік-ұйымдастырушылық; 4) педагогикалық; 5) көркем- шығармашылық және т.б [3].

Мұғалімнің шығармашылығы мына жағдайларда көрінеді:

  • мәселені шешудегі тапқырлықта;
  • жаңа формалар, әдістер, тәсілдер, технологиялар жасап, оларды тиімді қолдана алуда;
  • белгілі тәжірибені жаңа жағдайда тиімді пайдалана алуда;
  • жаңа міндеттерге сәйкес белгіліні жетілдіре, өзгерте алуда;
  • жоғары интиуциямен нақты есеп негізіндегі сәтті импровизацияда;
  • бір мәселені шеше алудың бірнеше жолдарын көре алуда;
  • нақты педагогикалық іске әдістемелік нұсқаулар мен теориялық ережелерді трансформация жасай алуда.

Педагогикалық шығармашылық – мұғалімнің, өз ісін сүйіп, оған барлық ынта-ықыласымен кірісіп, әр шәкіртінің жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына неғұрлым тиімді, қолайлы жағымды жағдай жасай алуы. Ондай мұғалімдердің әрбір өткен сабағы балалар үшін өте кұнды да бағалы, мұндай сабақтарға балалар қуана жүгіріп келеді, мұғалімнен бір қызықты жаңашылдық күтеді. Шығармашыл мұғалімдердің өзінің ішкі жан-дүниесінде, көңіл-күйінде, балалармен қарым- қатынасында үйлесімділік байқалып тұрады. Олар әр сабақты бір шығармашылықты шыңдау лабораториясына айналдырып жібереді. Мұғалім бір сабақтың үстінде бірнеше рөлді бірақ атқарып тұрады. Ол балаларға білім беруімен қатар сценарист те, басты рөлді орындайтын актер де, режиссер де, суретші де, декоратор да, костюмер де, визажист те, дизайнер де, тәртіпті қадағалаушы да, психолог та бола алуы керек. Шығармашыл педагог болу – қазіргі дамуы жылдам ақпараттық ғасыр талабы. Қазіргі таңда маман өзінің шығармашылық әлеуетін үнемі жетілдіріп отыру дағдысын қалыптастырмайынша оның кәсіпке жарамдылығы да төмендей береді. Ал жоғарғы оқу орнындағы теориялық білім нәрімен сусындап жатқан студенттер де өздерінің танымдық белсенділіктерін дамытып, шығармашылық қабілеттерін жетілдірулері қажет, себебі ол ертеңгі кәсіби-педагогикалық іс-әрекеттерінің нәтижесіне тікелей әсерін тигізетін факторлардың бірі. Болашақ мұғалімдердің білім шаңырақтарындағы бүгінгі табысты оқу іс- әрекеттері – ертеңгі кәсіби құзіреттіліктерінің, бәсекеге қабілеттіліктерінің кепілі.

Өз шығармашылығы арқылы педагог әр сабақта оқушыларды да шығармашылыққа баулуы керек. Жаңа біліммен таныстырудың өзі шығармашылық тұрғыдан жүргізілуі тиіс. Егер мұғалім оқушыларға дайын білімді баяндап бере салса, балалардың шығармашылығы дамымайды. Керісінше проблемалық сұрақтар қою арқылы балалардың ойын жетектеу, өз беттерінше ізденулері арқылы білімді меңгерту, өздері бір мәселенің шешімін ойластырып табуға жағдай жасау жиі іске асырылса оқушылардың шығармашылығын дамытуға негіз қаланады. Болашақ мұғалім өзінің кәсіптік жұмысының шығармашылық сипатын алдын ала сезінуі кажет. Өз ісіне шығармашылықпен қарамайынша оның еңбегінің нәтижесі де қуантарлықтай болмайды. Ол көп жылдар бойы жинақталған педагогикалық қазынамен танысып оны игерудің өзіндік жеке бағдарламасын анықтауы керек. Жалпы танысып қана қоймай өзіндік педагогикалық папка әзірлеп, қызықты жаңа материалдарды жинақтап, әдебиет тізімдерін, маңызды сайттарды өзіне жүйелеп жазып алғандары абзал. Бұл материалдардың барлығы педагогикалық практика кезінде, немесе алғашкы мұғалімдік қызметінде жақсы септігін тигізеді. Біртіндеп мұғалімнің ізденушілігі арқылы жаңа педагогикалық кітаптар, білім беру саласына катысты заңдар, тұжырымдамалар, бағдарламалар жинақталып өзінің жеке педагогикалық кітапханасы қалыптаса бастайды [4].

Қорыта айтқанда, болашақ ұстаздардың шығармашылық іскерліктерін қалыптастыруға олардың ғылыми әдебиет көздерін, мерзімді педагогикалық басылымдарды өз беттерінше зерттеп, жаңашылдықты іздестірулері, құнды деректерді жинақтаулары, өздерінің педагогикалық қорын байытулары жақсы ықпал етеді және олардың кәсіби табысты нәтижеге жетулеріне мүмкіндік туғызады. Жүйелі жоспар, нәтижелі сабақ, шығармашыл-ізденімпаз ұстаз ұйымдастырған жұмыстың нәтижесінде шығармашыл тұлға жаңалыққа бейім болып, қазіргі әлеуметтік сұранысқа сай, өздігінен ғылыми ізденістер мен зерттеулер жасайтын, өзін-өзі дамытатын, белсенді әрекетке түсе білетін, тез шешім қабылдайтын, жүйелі түрде өзіне-өзі баға беріп, мәдениетті, эрудициясы жоғары, эстетикалық талғамы бар, білімге, өнердегі жаңалықтарға қызығушылығы басым, шығармашылықпен өзін-өзі үздіксіз дамытып отыратын шәкірттер қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Айтмамбетова Б., Бозжанова К., Ильясова А. Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздiгi. – Ал- маты: РБК, 1995. – 186 б.
  2. Бекенов Ш. Шығармашыл мұғалім – зиялы тұлға // http://bilimainasy.kz
  3. Дуйсенбаев Е. Педагогикалық шығармашылықтың құрылымы мен мазмұны // ucoz.kz
  4. Берикханова, А.Е. Педагогикалық мамандыққа кіріспе: кәсіби құзіретті ұстаздарды даярлау негіздері. Оқу құралы – Абай атындағы ҚазҰПУ. – Алматы: Palitra Press, 2009. – 239 б.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×