Өлең, жыр, ақындар

Туған тілім – бабам тілім өз тілім

Туған тілім-тірлігімнің айғағы

Тілім барда айтылар сыр ойдағы

Өссе тілім менде бірге өсемін 

Өшсе тілім, менде бірге өшемін! - деп, ақын Ә.Тәжібаев ағамыз жырлағандай тіл қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек жаңыла қоймаспыз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға,  онын орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс. Туған тілдің абыройын асқақтату- әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жая бастаған бұл күндері осындай ойға қонбайтын, солақай сорақылдарды көріп, қолмен ұстай отырып қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай айту мүмкін емес.

Тіл-таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің тілін білуге міндеттісің. Ұлттың мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты. Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезден басталуы тиіс.

Қазақ тілі-өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмақшы емес. Ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ.   Тіл-қоғамның жемісі. Мұның мәні- тіл жоқ жерде адамдардың бірлесіп жұмыс істеуі, қоғамдық өндірістің қай саласын болса да ұйымдастыруы, дамытуы мүмкін емес деген сөз.  Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы-әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол- атадан балаға мирас болып қала беретін баға жетпес мұра. Тіл-халық тарихы, тіл-ұлттық қазына.

Тіл-біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз,барымыз. Қазақ тілі- қазақтың мәдениетімен бірге қайнасып жатқан рухани қазына.

Тіл-өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы. Тіл-тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі.

Қазіргі таңда Елбасымыз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта бұл үлкен мәселе болмақ. Менің ойымша, егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейді. Өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын:

Мейлі, сен көп тілді біл «қой» демеймін

Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен

Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын

Туған ана тіліңде сөйлемесең,- дегім келеді.

Қазақ тілі- өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Туған тіл-біздің бірінші бақытымыз,бірінші ырысымыз!

О,туған ана тілім!

Тас бұлақтың тұнығы да сенде,

Ана сүтінің жұғымы да сенде,

Райхан гүлдің жұпары да сенде,

Қыран құстың жанары да сенде.

Ана тілім қай елде болмасын қастерлі, құдыретті. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі,салт-дәстүріміздің одан әрі дамуы-ана тілі. Бүгінгі таңда әр қазақ баласының өз ана тілінде сөйлеп, оны бағалап, қастерлеу керек!

Расымен де, ана тілі-адамзат жаралғалы бері оның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі болып келеді. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, ата-баба мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын асыл қазына. Туған тілін мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек сіңіру - кез келген ұлт өкілінің қасиетті парызы. Адамзат баласының ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік төл мәдениетімен ұштасып, ұлт болмысының тікелей көрінісі болып табылатын қымбат дүниесі – оның тілі. Әрбір тіл адам баласының қатынас құралы болуымен қатар, сол халықтың мәдениетін, өркениетін, әлеуметтік күйін, дүниетанымын бейнелеуде маңызды және шешуші рөл атқарады. Әр тілдің сөз байлығы халықтың рухани өмірін, тарихын, ұлттық нақышты, дүниенің тілдік бейнесін сипаттау құралы болып табылады.

Тілді сол тіл қызмет ететін қоғаммен, тіл иесі – адаммен және тілді қолданушы халықтың сан ғасырлық тарихымен, этностық танымы, рухани және ұлттық болмысымен байланыстыра қарау нәтижесінде тіл мен мәдениет, тіл мен халық, тіл мен таным арасындағы тығыз байланыс, айқындала түседі. Тілдің қазақ халқы үшін мәнінің тереңдігін, мәңгілік екенін «тіл – адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тіл болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс мінезі.

Қорыта келе, Ана сүтімен бойымызға дарыған қасиетті тілімізбен мәңгі бір болайық!

Қарағанды облысы Балқаш қаласы
ЖББ №8 орта мектептің
қазақ тілі  мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Манаева Айгерім Қапанқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Сара

тіл деген маңызды нәрсе

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз