Корейская косметика премиум класса

Әл-Фараби мен Алтын Орда мәдениеті арасында байланыс бар ма?

Ол (Алтын Ордалық ғұлама ас-Сараи) араб, парсы, түркі тілдерін жетік білді және сол замандағы ең білімді адамдардың бірі болды.

(ортағасырлық араб жылнамаларынан)

Әбу-Насыр Әл-Фараби бүгінгі Қазақстанның жарық өткелі деп айтсақ асыра сілтегендік болмасы анық. Әлем халықтары Әл-Фарабиді  түркі халықтарының ғұлама ойшылы, Еуразия көшпенділерінің даналығы символы деп түсінеді. Айта кететін жәйт, ұлы Әл-Фарабидің кейінгі жылдары танымалдылығы мен беделінің одан әрі жоғарылауында QS «World University Rankings» әлемдік рейтингісі бойынша өз имиджін едәуір көтерген  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің өзіндік рөлі бар.

Ал тағы бір маңызды рухани символ – ол Алтын Орда... Алтын Орданың 750 жылдығының тойлануы аясында  Еуразия түркі әлемі рухани серпіннің бастауында тұр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Ұлытау-2019» туристтік форумында Алтын Орда феномені қазақтың мәдени кодына толық қатысы бар екенін ерекше атап өтті.

Ендеше осы контекстте қызығушылық тудыратын бір сұрақ: Әл-Фараби мен Алтын Орданың бір-біріне қатысы қандай?  Бір қарағанда, ешқандай байланыс жоқ, өйткені бұл екі феноменнің уақыты да, орны да бөлек, оларды  әлем картасын түбегейлі өзгерткен Шыңғысхан шапқыншылығы бөліп тұр.

Алайда біз тереңірек үңілетін болсақ, осы екі категория арасындағы рухани байланыс пен сабақтастықты байқай аламыз. Себебі, XIII ғ. Аяғы -XIV ғасырда Алтын Орданың гүлдену кезеңі басталады. Дәл сол кезде Еуразия кеңістігінде Әл-Фарабидің рухани ізбасарлары көбейе түсті. Жаңа зияткер тұлғалар ұлы бабалары Әбу Насыр Мұхаммед Әл-Фараби секілді Таяу Шығыстың Каир, Дамаск қалаларына аттанып, ғылым жолына түскен-ді Тарих оқулықтарында көп аталмайтын осы фактілерді айтып өткеніміз абзал.  

Қазіргі таңда Алтын Орда мұрасын жаңа форматта  қарастырғанымыз жөн. Яғни, бұл мемлекетті зерттеуде, тек қана әскери-саяси және этникалық тарихпен, сол сияқты моңғол этникалық факторын талдаумен шектелуге мүлдем болмайды. Әйгілі Жошы хан кесенесі қазіргі заманғы Орталық Қазақстан жазығында орналасқаны баршаға белгілі.  Ал Жошы мен Бату Шыңғыс ұрпақтары буындарының өркениеттік «қарсыластығын» бейнелейтіндігін екінің бірі біле бермейді.  

Дешті Қыпшақты өзінің тарихи ата-мекені –Моңғолиядан артық жақсы көрген, өзін қыпшақ мәдениеті өкілі санаған Жошы хан, әрине, тегі моңғол болғанымен түркіленген (қыпшақтанған), сонымен қоса мұсылманданған шыңғыстық ұрпақтың  рухани келешегін меңзеп тұрғандай болды.

Алтын Орданың кейінгі билеушілері уақыт өте келе түгелдей түркіленіп, исламды қабылдағаны мәлім. Олар әсіресе Берке хан мен Өзбек хан болатын.  Сонымен қатар олар Дешті Қыпшақтың түркі тайпаларының ықпалды көшбасшыларының қыздарына үйленген, сөйтіп жаңа шыңғыс текті ханзадалар түбегейлі түркіленіп кете барды.

Егер Алтын Орданы (өз аталымы – Қыпшақ мемлекеті) тарихи даму динамикасындағы рухани-өркениеттік тұтастық деп қарастырсақ, онда бұл мемлекет өзінің шарықтау кезінде ұлы Әл-Фараби негіздеген рухани мақсаттарды жандандырған жарқын феномен болып көз алдымызға келеді. Бұл фарабилік ұлы рухани құндылықтар: шынайы дін, гуманизм, мәдениет пен ғылымға деген құрмет және оның иелерін сыйлау, толеранттылық, Шығыс пен Батыс арасындағы диалог, "Ізгі қала" идеясы.

Айта кететін бір жайт, арабтар сол кезде Алтын Орданы "Солтүстік мемлекет", "Өзбек елі", "Қыпшақ" деп те атаған. Алтын Орданың шарықтау шағында Сарай қаласында және Хорезмде (империяның екінші мәдени орталығы) тұрып, кейін Қыпшақ мемлекетінен Таяу Шығыс орталықтарына қоныс аударған әйгілі ғалымдар мен мәдени қайраткерлер кім еді?

Ия, 300 жылдан астам тарихи үзілістен кейін ұлы бабамыз Әл-Фарабидің тағдырын, зияткерлік тәжірибесін тағы бір мәрте қайталағандай болған осы Алтын Ордадан шыққан ғұламалардың есімдерінің бізге жеткені: Махмұд Ас-Сараи, Әл-Қырыми, Шехаб ад-дин ас-Сараи, Махмұд ибн Абдаллаһ Абу Тина  ас-Сараи әл-Кахири.  

«Ас-Сараи» деген ныспы (аты) - бұл аталған ғұламалардың Алтын Орда астанасы, Еділ бойында орналасқан Сарай қаласында туылғанын дәлелдейді, ал «әл-Кахири» – Мысырдағы Каир қаласының тұрғынына айналғанын білдіріп тұр.  Мәселен, ғұлама Махмұд әл-Сараи әл-Кахири туралы араб жылнамаларында былай делінген: «ол араб, парсы, түркі тілдерін жетік білген, және өз заманындағы ең білімді адамдардың бірі болған».

Жалпы, XIV ғасырда Өзбек хан тұсында Алтын Орданың астанасында мәдениет, ғылым мен өнер қарқынды даму үстінде болды. Осы дәуірде Алтын Орданың атағын шығарған әйгілі түркі ақындары  Мұхамед Хорезми, Сайф Сараи, Дүрбек өмір сүрді. Алтын Орда мәдениеті өкілдеріне Құтб ад-дин Рази, Садад ад-дин ат-Тафтазани, Жәлел ад-дин, Хафиз ад-дин әл-Баззави, Ахмад әл-Ханджари жатады.

Назира Нұртазина Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры

Әйгерім Сейткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 1-курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×