Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздік – теңдігім, Елбасы – елдігім

ХХ ғасырдың түлегі, өртке тиген дауылдай өлеңдері бар, қазақ ақыны Қасым Аманжолов  өз заманында: «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танимысың сен мені? Мен – қазақтың баласы!» деп мақтана жырлаған екен. Иә, иә, кеңестік дәуірде осылай мақтаныпты. Ал мен, ХХІ ғасырдың ұрпағы, егемен елдің еркесі: «Ей, тәкаппар дүние! Танисың ғой сен мені. Тәуелсіздік -  тұғыры. Елордам бар еңселі. Мен – қазақтың бөлшегі» деп мақтанамын. Елім аман, жұртым тыныш, заманым бейбіт. Сондықтан да көңілім сергек, даусым жарқын, үнім асқақ. Бәрі – Тәуелсіздіктің арқасы.

Тәуелсіздік - қан төгу мен жан берудің  кермек дәмінен тәттіге айналған жемісі. Талай аққан тер мен төгілген жастың дәлелі. Тарихты таразылаған ғалымдардың айтуынша, ірілі - ұсақты 300-ге тарта қақтығыстың нәтижесі 1991 жылы 16 желтоқсанда дүниеге «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын  менің елімді әкелді.  

Елдің жүгін «нар жолында жүк қалдырмайтын» нағыз ер ғана арқалайды. Ері еліне арқа сүйейді. Абыздары азаматына ақыл - кеңес береді. Халқы сенім артады. Сөйтіп, бірлік пен ынтымақты ту еткен елдің іргесі сөгілмей, келешекке нық қадам басады. Міне, менің елім –  осындай тірліктің айнасы. «Біздің күшіміз – бірлікте», – деп әрдайым отандастарын бірге іс қылуға шақыратын Нұрсұлтандай Елбасымыз - мемлекетіміздің кемелденуіне  көш бастаған Көшбасшы. Оның мықтылығы сол, тәй-тәй басқан тәуелсіз елін  сүріндірмей, орда бұзар отызға жақындатқаны.

Мен Елбасымды мақтамаймын, онымен мақтанамын. Өйткені ол - кемелдену жолына көш бастаған, жас Қазақстанын жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанға айналдыруға күш-жігерін жұмсаған, халқының  әл-ауқатын арттыруға қолдау көрсеткен, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақпен әлемге «Мәңгілік Ел – Мәңгілік Қазақстан» деп аталатын жаңа дәуірдің келбетін көрсетуге ынтыққан, жастарының болашағына  рухани жаңғыру арқылы бағдар беріп, бабаларының жүрген жолын зерделеп, тарихын түгендеуге серпін берген көреген көшбасшы, елжанды Елбасы.

Осы жолға ол отыз жылға тарта өмірін арнады. Өшпес жылдар белесінде қазақ елі талай белестерді бағындырды. Береке-бірлігіміздің арқасында әлемге танылған іргелі мемлекетке айналдық. Бұл Елбасымыздың өзі айтқандай: «Бүкіл халқымыздың ортақ табысы, бірігіп қол жеткізген жетістігі». Алайда осы жетістіктерге Нұрсұлтан Әбішұлының қосқан үлесі зор. Басқасын айтпағанда, оның Қазақстанды әлемдік өркениетті елдер қатарына қосып, халықаралық аренаның жоғарғы деңгейіне көтергенінің өзі қайда жатыр?!

Халқын жарқын болашаққа бастап, сол жолдағы мақсат-міндеттерін көрсетіп беретін жыл сайынғы Жолдауын былай қойғанда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел дамуының тарихи кезеңіне сай  маңызы зор шешім айта білетін көреген басшы екендігін айғақтайды. Ол рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Нәтижесінде, еліміздің әрбір азаматы өзінің туған жерінің гүлденуіне нақты үлес қосуға ұмтылды. Әрқайсымыз халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық қасиеттерді бойымызға сіңіріп өсудеміз. Одан соң  «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Мақалада айтқандай, «Біз өз отанымыз – Қазақ елі мен оның байырғы халқы – қазақ халқын, басқа өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан өркениет ретінде қарастыруымыз керек. Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның түйінін шешуге мүмкіндік туады» - деген тұжырым жасады.   Бұл мақаласы оның «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының тікелей жалғасы іспетті болды. Бағамдап қарар болсақ, Елбасы еңбектерінің бәріне ортақ идея біреу. Ол – болашақ пен өткенді үйлестіре, сабақтастыра білу. Сөйтіп, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырып, өркениеттер елінде «Мәңгілік Қазақстанның» келбетін орнықтыру.

«Мәңгілік Ел» идеясы – ұлтымыздың ғасырлар бойғы арманы. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәңгілік Ел» идеясын жариялау арқылы кемел келешекке байсалды қадамдар жасау жолындағы тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты рухани құндылықтармен сабақтасып жатқанын, Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап қалған нақты мұрагері болып табылатынын дәлелдеді. Ата-бабаларымыздың арманы да, аңсары да осы еді. Әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрайтын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет құру, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңге сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді.

Бабалар арманының  ақиқатқа айналғанына ешкім дау туғыза алмасы анық. Мәңгілік елдің іргетасы қаланды. Оны  «Елім» деген Ері мен  «Балам» деген жұрты қалады.

Кешегі егемендіктің елең-алаң шақтарында еліміздің еңсесін көтеріп, шекарамызды шегендеп, халқымызды төрткүл дүниеге танытқан, нұрлы болашаққа жетелеген, сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен, айдай әлемге әйгілеген, халқымызға пана, жастарға аға болған Елбасына, ел ағаларына қай кезде болмасын алғысымыз шексіз. Ендігі келешектің өркендеуі біздің қолымызда, отансүйгіштік рухта тәрбиеленген болашақ ұрпақтың қолында. Бұл   біздің қолымыздан келеді. Өйткені біз –  Көктүріктің  мұраты «Мәңгілік Ел» болған ХХІ ғасырдағы ұрпақтарымыз, бабы келісіп, бағы жанған, құт дарып, береке қонған Тәуелсіз Қазақ елінің ұландарымыз!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз