Фильтр для воды
Корейская косметика премиум класса

Тәуелсіздік және Қазақстанның ұлттық идеясы

Адам – қашанда еркіндік пен бостандықты аңсайды, сол үшін әдіс-тәсіл іздейді, күреседі. Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – асыл арман. Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең, таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. 

Еліміздің тәуелсіздік бесігінде тербелгелі 30 жылдай болып қалды. Бұл аралық ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.

Алайда, тәуелсіздікке қол жеткізген соң, оны сақтап қалу одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмау керек. Ал, ол үшін халыққа біртұтас идея, алға итермелеп, жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек. Халық мұраты – ұлттық идея. Бұл көптен көтеріліп жүретін бір тақырып. Идея бірде сырт дүниені бейнелейтін қоғамдық сананың пішіні болса, енді бірде адамның басты сенімі орнына жүреді. 

Осыған орай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев халқына Жолдауында «Қазақ Елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!» - деген ой айтты. «Мәңгілік Ел» ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып алатын Тәуелсіз мемлекет атану, тұрмысы бақуатты, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Міне, бүгінгі таңда бұл армандар ақиқатқа айналуда. 

Ел ішіндегі тұрақтылық пен тұтастықтың бірқалыпты дамуының шешуші факторы болып табылатын ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге бастайды. Атап өткендей, бұл құндылықтар «Мәңгілік ел» жалпыхалықтық идеясында көрініс тапқан. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние болатын.

Ал, бүгінгі таңдағы Қазақстанның біртұтас мемлекет ретінде ортақ шаңырақта өмір сүретін ұлттардың идеясы да осы мәңгілік елдің тұтастығы мен мызғымас іргесінің болуымен ерекшеленеді. Елбасы бес институционалдық реформаны талдау барысында, тарихтың жаңа белесінде тұрған ұлттың бірлігін нығайтуды ерекше назарға алды. «Біздің қоғамымыздың көп түрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз. Барлық азамат құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді «Мәңгілік Ел» құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық, толеранттық, шын берілгендік пен патриотизм біріктіреді», – деді. Шындығында, бірлігі мықты, іргесі бүтін елдің қашанда ырзығы мол. Еліміз осындай баға жетпес байлығы – татулығымен мақтана алады. 

«Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырақтың ұлттық идеясы, әрі бабаларымыздың асыл арманын, аманатын жүзеге асыру болып қарастырылғаны абзал. Яғни, «Мәңгілік Ел» болу – шектеусіз ғұмыры бар, тәуелсіз, тұғыры биік, ғылым-білімі дамыған, бірлігі жарасқан алдыңғы қатарлы, әлем таныған алпауыт елге айналу. Сондықтан да, мәңгілік, әрі бәсекеге қабілетті ел болуы үшін, болашақ ұрпағымыз осы негіздегі мықты идеологияны бойына сіңірген болуы керек.

Отанды сүю – әрбір қазақ азаматының міндеті. Өткенді ұмытуға болмайды. Б. Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дегендей, ата-бабамыз көзінің қарашығындай сақтап келген жерін солай қастерлеп, еліміздің көк туын биікте ұстап, тәуелсіздігімді сақтау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Н. Ә. Назарбаев: «Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекетімізді нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлің қажет» деген болатын. Шынымен де, бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ. Сондықтан да, қуаныш пен қиыншылықта біз әрдайым бірге болуымыз қажет деп ойлаймын.  

Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Себебі, тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×