Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы – Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 8 сәуірінде қазақтың ұлы ағартушыларының бірі, ұлы ғалым, педагог, жазушы әрі этнограф Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай «Білім беру ісінің көшбасшысы, ұлы ағартушы» атты онлайн форматта дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел ұлты үшін аянбай қызмет қылып, халқына жанашыр, адал болған Ыбырай Алтынсариннің есімін Абай Құнанбайұлының деңгейінде ұлықтау, өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Бұл шараға «Тарих», «Тарих және география» мамандығының магистранттары мен «Ника» студенттік ғылыми клубының мүшелері белсене қатысып, ғалымның халық ағарту ісіндегі рөлі жайында өзара пікір алмасты. Алдымен спикерлердің баяндамалары тыңдалып, Ы.Алтынсарыұлының ұстаз, ағартушы-ғалым және қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасы жан-жақты ашыла түсті. Тарих факультетінің 1 курс магистранттары Сейсенбек Бауыржан, Дәуіт Базарбай ғалымның ағартушылық көзқарастары мен жәдидшілдікке ықпалына тоқталса, Ы.Алтынсариннің діни көзқарастарына Жаңғали Шыңғыс тоқталып өтті.

Кеңестік билік тұсында Ы.Алтынсариннің көзқарастарына қатысты «миссионерлердің іргесі», «шоқынды» деп оны атеист етіп көрсетуге тырысушылық байқалған. Шын мəнісінде, Ы.Алтынсариннің өз халқы ұстанған дінді қадірлегені, мұсылман дінінің жақсы жақтарын бағалағаны жəне оның рухани құндылықтарын қазақ халқының өркендеуіне жəне алға басуына пайдалануға шақырғандығы кеңінен белгілі.

Ыбырай өмір сүрген заман XIX ғасырдың екінші жартысы Ресей отаршылдығының күшейе түскен уақыты болатын. Н.Ильминский бастаған орыс миссионерлері қазақтар арасында патша өкіметінің орыстандыру саясатын қазақ оқығандары арқылы жүргізуге тырысты. Және бұл айла-амалдың қарамағына ілінбегендер сирек еді. Осы жағдайды кезең шындығына сәйкес дұрыс талдай білген Алаш зиялылары: «А.Байтұрсынұлы Ыбырай тұсында өмір сүрсе – Ыбырайдай, ал Ы.Алтынсарин Ахмет тұсында өмір сүрсе – Ахметтей болары сөзсіз», - деп байыптады. Н.Ильминский Ыбырайды үгіттеп, орыстың қолшоқпары еткісі келгенімен, Ыбырай оны бойына дарытпады, өз жолымен жүрді. Өз халқының қамын ойлап, барлық  істі өз елінің пайдасына шеше білді. Ол қазақ ағартушыларының арасынан алғашқылардың бірі болып, шын мəнінде қазақ халқын білім деңгейі едəуір алға кеткен орыс және еуропа халықтарының деңгейіне жеткізіп жəне сонымен бірге өз халқының тілдік, мəдени және рухани мұраларын қорғайтын, қолдайтын, алдағы уақытта оны үздіксіз өркендететін, мəдениетті, рухани тұлғалы қазақ интеллигентін қалыптастыруды көздеген болатын.

Қазақ халқының қалың бұқарасының сауатын ашып, көпшілікті оқу-білімге тарту –Ыбырайдың азаматтық борышы мен қоғамдық қызметінің негізгі бағыты болды. Ол өз тұсында діни оқуды емес, азаматтық оқу-білімді қолдады. Ы.Алтынсариннің көзқарасы біріншіден, қазақтың келешегін дұрыс жолға қоюға, екіншіден дүмше молдалардың өлшеусіз қанауынан халықты құтқаруға және қазақтың ешқандай дін ықпалына түспеген дәстүрін сақтауға саятын. Ғалым өзінің 1884 жылы Қазан қаласында араб қарпімен басылған «Шариат-ул ислам» еңбегін жазудағы мақсаты туралы миссионер Ильминскийге жазған хатында: «қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, екіншіден, қазақ жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алмауы үшін мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатын үйреніп, Сізге жолдап отырған осы оқу құралын құрастырып бітірдім» дейді. Бұдан Ы.Алтынсариннің қазақ даласында ғана емесғ күллі ресейлік Шығыста жүйесіз оқытылып жүрген дінтануды реттеу мен тіл тазалығын сақтауды дәйектегені байқалады.

Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласына жәдидшілдік өзгерістердің келуіне алғышарт жасаған ұлы ағартушыларымыздың бірі.  Қазақ балалары үшін мектеп ашып, оларды оқуға тартып, алғаш рет ана тілінде оқытып, тұңғыш оқу құралын жазып, зор еңбек еткен ірі педагог.

Бекетай Қызылгүл

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Тарих факультетінің 1 курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз