Өлең, жыр, ақындар

15 қараша – Ұлттық валюта күні

15 қараша — Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңгенің туған күні. Бұл дата 1997 жылдың 15 қарашасынан бастап теңгенің туған күні әрі қаржыгерлер күні болып атап өтілуде.

Төл теңгеміз 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға енді. Осы арқылы қолданыста болған кеңестік рубльдің тарихына нүкте қойды.

Жас мемлекет үшін бұл шешім оңайға соқпады. Жалпы, теңге мемлекеттік құпия ретінде саналып, астыртын жүзеге асты. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

— 7 миллион доллар тауып, ақша­­мыз­дың қалған бөлігін шыға­руға қажетті шығынды төле­дік. Төрт «ИЛ-76» ұшағын жал­дап, ақшамыздың 60 пайызын тасып алдық. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қоймаларын жасатып қойдық, — деген болатын.

Ұлттық валюта атауын таңдау барысында көптеген пікір қайшылықтары орын алды. Мамандар «Алтын», «Ақша», «Сом», «Тәнга» нұсқаларын ұсынды. Бастапқыда «Сом» деп атау жоспарланған еді. Дегенмен, 1993 жылы қырғыз сомы айналымға енгеннен соң, бұл есімнен бас тартты. Ал «Теңге» атауын академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Ғалым ортағасырлық түріктер күміс монеталарын «денге» немесе «тәнга» деп атағанын ортаға қойды.

Алғашқы банкноттар Ұлыбританияда басылып шықты. Банкноттар бір апта бойы ұшақпен Қазақстанға жеткізілді. Бас-аяғы 18 рейс жасалды.

Алғашқы банкноттарда:

1 теңгеде — әл-Фараби

3 теңгеде — Сүйінбай

5 теңгеде — Құрманғазы

10 теңгеде — Шоқан Уәлиханов

20 теңгеде — Абай Құнанбайұлы

50 теңгеде — Әбілқайыр хан

100 теңгеде — Абылай ханның портреті бейнеленді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз