Корейская косметика премиум класса

Европа елдерінің білім жүйесіне қызықсаңыз

Отандық білім берудің деңгейі мен шетелде білім алудың айтарлықтай артықшылықтары бар екені белгілі. Сондықтан көптеген адамдар шетелге баруға және сол жерде оқуға тырысады. Алайда, «Шетелде оқудың пайдасы бар ма? Шетелдік оқу орындарының Қазақстанның білімінен қандай айырмашылықтары бар?» — деген, ойлар көкейге оралады. Бұл сұрақтардың жауабын бізге Италия мемлекетінің «Sapienza Università di Roma» университетінің магистрантты Айгүл Жасқайратова баяндап берді.  
        
— Айгүл ханым, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?  
 
2013 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы Әлия Молдағұлова атындағы N38 мектеп-лицейін алтын белгіге аяқтадым. Мен үшін Астана қаласында оқу мақсат болды. Сол мақсатыма жетіп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “Қаржы” мамандығы бакалавр бітірдім. ЕНУ-да оқып жүргенімде екі жыл АҚШ-та «Work and travel» бағдарламасы бойынша «J-1» студент болып қайттым. Қазіргі таңда Италияның Рим қаласында «Sapienza Universita di Roma» университетінің магистурасының 2-ші курс студентімін.  
 
— Шетел жоғары оқу орындарына түсуге талпынысты қашан бастадыңыз?  
 
Университет қабырғасында жүріп Америка Құрама Штаттарына баруға мүмкіндік бар екенін көріп, неге бағымды сынамасқа деп ойладым?! Алла бұйыртып мұхит асып, екі жыл қатарынан 2017- 2018 жылдары студенттерге арналған бағдарлама бойынша Америкада болдым. Америка жалпы өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Бұл өмірде барлығының мүмкін екені, тек шын қаласаң барлығы болатынын өз өзіме дәлелдедім.  
     
— Сіздің шетелде оқимын, деген шешіміңізге ата-анаңыздың көзқарасы қалай болды? Келісімін берді ме?  
 
Менің ата-анам мені бұл өмірде қолдап келеді. Қазіргі күнім алдымен Алланың, кейін әкем мен анамның арқасы. Бала күнімнен болашағымның жарқын болғанын қалап, жарыстарға қатысқанымда қолдау білдіріп, еш қарсылығын білдіріп көрмепті. Сол үшінде ата-анама деген алғысым шексіз!  
 
— Неліктен шетелде оқуды армандадыңыз? 
 
Неге мен шетелде оқуға мақсат койдым, себебі өмірімнің бір бағытта болғанын, бір сарынды, бір жерде өткенін қаламадым, әр түрлі түске боялған жарқын эмоцияға толы кездері көп болғанын қаладым. Сонымен қатар ағылшын деңгейімді жоғарылатуға тырыстым. Әрбір студентке тілерім ең азы 6 ай болсын, өзге мемлекетке шығып оқып келіңіз, көріңіз, үйреніңіз, жаңа орта, жаңа достар, жаңа көзқарас, өмір біз ойлағандай барлығында бірдей емес.  
 
— Неге Италия мемлекетін таңдадыңыз? 
 
Америкадан келіп, енді неге магистратураны Европада оқымасқа деген ой келді. Әрине ол үшін үлкен еңбектену керек екенін білдім. Сонымен, неліктен Италия?! Себебі оқу ағылшын тілінде, тегін және стипендиясы бар. Одан бөлек жалпы ешқандай асыра мақтаусыз-ақ Италия деген бір атау барлығын түсіндіріп тұрғандай. Онымен қоса мен білім алатын «La Sapienza» университетінің негізі 1303 жылы қаланған. Еуропадағы білім беру рейтингі бойынша алдынғы орында. Бұл университетте әр басқан адым біреулер үшін арман екенін жақсы түсінемін. Алла бере салған сұлулық, табиғат, қолайлы ауа-райы, тауы да теңізіде айнала қоршалған тарихи түптен басталған Италияда оқып жатқаныма қуанамын.  
 
— Студенттерге қандай жағдайлар жасалған? 
 
Студенттер үшін көптеген жеңілдіктер бар. Мысалы, асхана 2.20 € түскі-кешкі ас ішуге болады. Метроларға, автобусқа, музейге жеңілдікпен кіруге болады, т.б көптеген жеңілдіктер бар. Жатақхана бар, айына 180-200. Қазақстан бағасымен 125 000 тг - 200 000 тг.  
 
— Қазақстанның оқыту жүйесінен айырмашылықтары бар ма? 
 
Қазақстан оқу жүйесінен емтихандарынан бастап айырмашылық бар. Бірінші айырмашылық студент белгілі бір сабақты белгілі бір деңгейде меңгермейінше оны сабақтан, емтиханнан өткізбейді. Біздегідей жазғы семестр немесе 3 қойып жібере салу деген ұғым жоқ. 2 жылдық магистратураны 7-8 жыл оқуыңыз мүмкін егер тапсыра алмасаңыз. Екінші айырмашылық — еркіндік дер едім. Сабаққа қатысу қатыспауыңыз өз еркіңізде, сізді ешкім тексермейді, сізге ешкім емтихан осындай күні — деп, айтпайды. Барлығын өзіңіз іздейсіз, барасыз, табасыз, яғни жауаркершілігіңіз өзіңізде. Біздің университеттер мектептегідей системадан әлі арыла алмай жатыр. Ал Италияда барлығы мүлдем басқаша. Профессорлар көрсетілген аудиторияда өз сабақтарын береді де кетеді, сіздің қатысқан қатыспағаңыз оларды қызықтырмайды, өзіңіз үшін қатысасыз. Осындай әдіс біздің жоғары оқу орындарына да келсе деп тілеймін. Тек бітірген түлек санына емес, сапасына жұмыс жасайтын уақыт келген сияқты!  
 
— Оқу аяқталған соң елге қайта оралу жоспарда бар ма? 
     
Оқу аяқталған соң елге оралу жоспарда бар. 
           
— Еліміздің оқыту жүйесіне қандай жақсы жақтарын алып келгіңіз келеді? 
   
Жалпы өзге шетелде жүрген біздің Қазақстан жастары өте көп, тым көп десемде болады. Барлығының шетел асып кеткеніне себеп бар. Баршасына ортақ мәселе: елдегі жалақы мөлшерінің төмендігі, сізге ешқандай қолдау жоқтығы, сіздің жұмыс орнына басқа біреуді әкеліп отырғыза салу, таңертеннен кешке дейін адам санын көбейтіп жұмыста отыру. Шын мәнінде бұл процесс нәтижиеге жеткізбейді! Еркіндік жоқтығы, мүлдем барлығы жаман демеймін бірақ жұмыс істеу керек бағыттар өте көп. Соның ішінде оқу жүйесіне жоғарда айтып өткен жақсы жақтарын қосуға үлесімді саламын.  
          
— Сұхбатыңызға рақмет! Сізге сәттілік тілеймін!  
 

Сұқбаттасқан, Айгүл Ысқақ. Insta: @_a_saparkyzy  
Кейіпкер: Айгүл Жасқайратова. Insta: @zhaskairatova__ 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×