Өлең, жыр, ақындар

Қазақ сатирасының бастауы-“Шаншар”газеті

    Қазақ баспасөзі тарихында сатира жанрының дамуына ықпал еткен маңызды басылымдардың бірі – «Шаншар» журналы.Қөпқырлы даму тарихында XX ғасырдың алғашқы ширегінде жарық көрген журнал  ерекше мәдени-рухани феномен ретінде бағалануға әбден лайық.

 Ол 1925 жылы Ташкент қаласында қазақтың алғашқы сатиралық журналы ретінде дүниеге келді.Кейін халықты ойландыратын әрі қоғамдағы мәселелерді әзіл ретінде жеткізетін ерекше басылымға айналды.Ұлттың қоғамдық санасында сатира мен юмордың жаңа тынысын ашқан бұл шағын ғана басылым сол дәуірдің әлеуметтік-психологиялық ахуалын дәлме-дәл, әрі терең меңгерген көркемдік әдістер арқылы бейнелеп, қазақ публицистикасының өрісін кеңейткен мәнді құбылыстардың бірі саналады.

Алғашында “Ақ жол”газетінің жанынан қосымша ретінде ұйымдастырылып,жарық көрді.Журналдың басты мақсаты-қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерді,тұрмыстық қиындықтарды,мемлекеттік қызметкерлердің жағымсыз әрекеттерін сатира арқылы әшкерелеу еді.Шаншардың пайда болуы қазақ баспасөзіне жаңа серпін берді.Юморлық бағыттың дамуына үлес қосты.Журналдың дүниеге келуі кездейсоқ құбылыс емес, қайта сол кезеңдегі рухани қажеттіліктің нақты көрінісі болды. Өйткені жаңа қоғамды құру барысында халықты тәрбиелеу, оны әлеуметтік кеселдерден арылту, заман талабына сай мәдени бағыт қалыптастыру үшін сын мен әжуа аса маңызды құралға айналған еді.

Бұған дейін сатиралық дүниелер көбіне жеке авторлардың шығармалары түрінде ғана болса, «Шаншар» оларды тұрақты түрде жинақтап жариялап отырды.

Журналдың басты көркемдік артықшылығы – әжуа мен мысқылды тек күлкі үшін емес, әлеуметтік ой түюдің пәрменді құралына айналдыруында. Әр сөйлем, әр образ терең мағынамен астасып, автордың қоғамдық құбылыстарға деген сыни пайымын айқын көрініске шығарып отырды. Кейіпкерлер көбіне уақыттың типтік бейнелері – қызметін жеке мүддесіне пайдаланып алған шенеуніктер, жаңаруға бейімделе алмай жүрген зиялылар, қоғамның дамуына бөгет болатын тұрмыстық салттың өкілдері ретінде сомдалды.

«Шаншар» журналы – қазақ сатирасының еуропалық дәстүрлермен сабақтасып, бірақ ұлттық дүниетанымға лайықталған жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті. Журналдағы материалдар қоғамды күлдіре отырып, терең ойға жетелейтін ерекше қуатқа ие болды.

Қорыта айтқанда, «Шаншар» журналы – XX ғасыр басындағы қазақ руханиятының айрықша құбылыстарының бірі. Оның аз ғана саны жарық көргенімен, мазмұндық тереңдігі, көркемдік қуаты және қоғамдық салмағы қазақ сатирасының тарихында өшпес із қалдырды. Журнал өз дәуірінің рухани айнасы ретінде халықтың санасын серпілтіп, қоғамдағы түрлі қайшылықтарды көркемдік тұрғыда пайымдауға мүмкіндік берген құнды басылымдардың бірі болып қала береді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 1 курс студенті: Қыдырбек Шынар
Ғылым жетекшісі фил.ғ.к.,доцент:Р.С.Жақсылықбаева


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз